Финляндияға ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев фин бизнес капитандарымен кездесіп, оларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Хельсинкиден.

«ЭКСПО-2017» базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастады. Оның құқықтық мәртебесі Конституциялық заңмен бекітілген. Ал тілі ағылшын тілі саналады. АХҚО қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер  беріліп, валюталық, визалық және еңбек режімдер оңайлатылған», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы аталған АХҚО өңірдегі жұмысы ағылшын құқығына негізделген жалғыз орталық екендігін атап өтті. 

Тәуелсіз сот пен Халықаралық арбитраждық орталық тараптардың құқықтарының әділдігі мен қорғалуына кепілдік беретіндігін баса айтты. «АХҚО жоғары технологиялық биржасын құруға Шанхай қор биржасы мен америкалық NASDAQ биржасы тартылған. АХҚО-ның жасыл, исламдық және инновациялық қаржылық құралдарды дамытудың өңірлік орталығына айналуына барлық мүмкіншілігі бар. Фин компанияларын оның жұмысына қатысуға шақырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Финляндияға келді. Сапар аясында Елбасы фин бизнес капитандарымен кездесті.   Кездесу барысында Мемлекет басшысы Финляндиядан Қазақстан арқылы Қытайға жаңа темір жол бағдары ашылатындығын айтты және фин компанияларын еліміздің агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды. 

Фин компаниялары үшін Қазақстанның туризм саласы да тартымды екенін, ІТ-компанияларына да қолайлы жағдай жасалатындығын айтты.  Ал ертең  Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесуі жоспарланып отыр.  

https://www.inform.kz/kz/nursultan-nazarbaev-fin-biznesmenderine-ahko-zhumysyn-tanystyrdy_a3424486