Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға ресми сапары аясында «Нокиа» компаниясының таныстырылым орталығында болып, жаңа инновациялық технологияларды көрді. Компанияның соңғы жетістіктерімен Елбасын «Нокианың» бас директоры Раджив Сури таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Хельсинкиден.

«Біз цифрлық технологияларда әлемнің жетекші елдерінің бірі саналатын Қазақстанмен ынтымақтастықты жандандыра түскіміз келеді. Бесінші буынның технологияларын логистикада, ақылды қалаларда, технологиялар желісінде қалай пайдалану қажеттігін жақсы білеміз.  Бесінші буын технологиясы радиоспектрдің төмен, ортаңғы және жоғары саласында бөлініске түсуі тиіс. Олардың барлығы да технологиялардың табысты пайдаланылуы үшін бір мезетте орналастырылуы қажет», - деді ол.

Ал «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев осыдан жарты жыл бұрын «Нокиа» компаниясымен Қазақстан аумағында 5G желісін сынақтан өткізу туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті.

«Іс жүзіне келгенде мұндай сынақтан өткізу жұмысын қолға алуды бастаған ең бірінші елміз. Шанхайда өткен ұялы байланыс конгресінде бұл жайында уағдаластық. Қазір екі нүктені сынақтан өткізудеміз. Оның бірі Астана қаласы мен Ақмола облысында, екіншісі Алматы облысында орналасқан», - деп атап өтті Қуанышбек Есекеев.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Елбасы Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. 

Кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Финляндия бизнесмендері 600 млн доллардың келісімшартын жасасқанын, қазақ пен финнің тарихы да, тағдыры да ұқсас екендігін, еліміздің көлік әлеуеті зор екендігін баса айтты. 

Сапар аясында Мемлекет басшысы кеше фин бизнес капитандарымен жүздесті.  

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Финляндиядан Қазақстан арқылы Қытайға жаңа темір жол бағдары ашылатындығын айтты және фин компанияларын еліміздегі агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Сондай-ақ фин компаниялары үшін Қазақстанның туризм саласы да тартымды екенін, ІТ-компанияларына да қолайлы жағдай жасалатындығын атап өтті.