Шетте туып, басқа мемлекетте өмір сүрсе де қазақ деген халқының рухын асқақтатып, тектілігін дәлелдеп, болмысын айқындап өткен ардагер азаматтарымыз аз емес. Олар шеттегі қандастарының мақтанышына айналды. Сондай азаматтардың бірегейі Моңғолияның ұлттық күресінен «Арыстан» дәрежесін иеленген ағайынды үш қазақ азаматы.

«Арыстан» - моңғолдың ұлттық күресінен бас бәйге иеленген палуанға ғана берілетін құрметті атақ. Сондықтан мұндай жоғары дәрежеге екінің бірінің қолы жете бермейді.

Шыңғыс ханның тұсынан бері жалғасып келе жатқан «ер жігіттің үш сайысы» яғни, садақ ату, ат бәйгесі, палуандар күресінің орны моңғолдар үшін айырықша. Моңғол халқы палуандарын ерекше құрметтейді әрі киелі санайды. Ұл туса «палуан болсын» деп ырымдайды. Осындай қошемет пен құрметке ие болу үшін палуандар да барын салып, жаз айларында ен далада күні-түні жаттығу жасаса, қыс айларында спорт залдарында дайындалады. Өйткені палуандық оларға кәсіп болатынын, абырой да әперетінін жақсы біледі. Ендеше осындай үлкен дәрежеге жету үшін қосымша мамандықпен жұмыс істеу мүмкін емес. Ал біздің кейіпкерлеріміз халқына қызмет ете жүріп-ақ биік шыңдарды бағындырғандар.

Моңғолияның ұлттық күрес тарихында Уялган (Ұйылғын) өзенінің сағасынан шыққан Дарийн Дамдин, Чойжилын Бээжин, Жамсрангийн Цэвээнравдан секілді ұлттық күрестің үш бірдей мемлекеттік дәрежелі чемпиондарын бәрі біледі. Осы үшеуінің туған өлкелерін мақтанышқа бөлеп, ұзақ жылдар ұлттық күрестің боз кілемінде табысты белдескені тарихта таңбаланған. Алайда олар жерлес болғаны болмаса бір анадан туған емес. Олай болса Бестәңірден (Алтайдың Таван Богд деп аталатын тауы) бастау алатын Соғоғ өзенінің жағасында дүниеге келген Борбан, Әзікей, Нәжікей секілді ағайынды үш палуанның аймақтық «арыстан» атанып, қазақ деген халықтың рухын әйгілеп өткені күллі моңғол жұртшылығына мәлім. Ел арасында «ағайынды арыстандар» деген атымен мәлім алып күш иелері былайғы өмірде де қарапайым, отбасына мейірімді, халқына қайырымды, қызметтерінде де құрметті болған деседі. Бір үйдің үш ұлы бірдей дүркін-дүркін аймақта осындай дәрежеге көтерілгені Моңғолияның тарихында кездеспейді. Сондықта да моңғол ағайындар бұларды «сирек құбылыс» деп әспеттейді.

Қазақта «алып анадан туады», «қасқа айғырдың құлыны ең құрығанда төбел туады» деген мәтел бар. Ағайынды үш арыстанның әкесі Мешітбай Қасенұлы да алып күш иесі, өз заманының түйе палуаны болғанын, анасы Сақила Ыдырышқызы да ірі денелі, ғаламат қайрат иесі болғанын білетіндер әңгіме қылады.

Мешітбай Қасенұлы 1906 жылы Шығыс Түркістанның Бурылтоғай деген жерінде дүниеге келген екен. Руы Қанкелді-Күнбас. 1931 жылы қазіргі Ұланқұс өлкесіне қоныстанады. Алып денелі, салмағы 130 келі, бойының ұзындығы 190 см болған екен. 1937 жылы Шеруші хошуунының (ертедегі әкімшілік бөлініс-авт) тойында әйгілі Тоқпақ палуанды жығып, елге таныла бастайды. 1940 жылы ағасы Ысқақтың орнына партизан соғысына қатысса, 1964 жылы яғни, 58 жасында қарт палуандардың арасында өткен сайыстан аймақтық алғашқы арыстан Айдаубайдан жығылып екінші орын иеленген.

Мешітбайдың ұлы Борбан 1942 жылы дүниеге келген. Ол сол үйдің екінші баласы. Архангай аймағының Су шаруашылық колледжін «суару техникасы» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Оқу орнын бітірген соң, Говь-Алтай аймағының суармалы егіс алқабында қызмет істеген. 1964 жылы аталмыш аймақта жүрген кезінде, аймақ деңгейлі тойға қатысып күресте екінші орын иеленіп, аймақтық «заан» (піл-авт) дәрежесін иеленеді. 1965 жылы Баян-Өлгей аймағына келіп күресіп, үкіметтік тойда жеңіске жетіп «аймақтық арыстан» дәрежесін қорғайды. Осылайша кейін, 1967, 1968, 1971 жылдары аймақ тойында ешкімге дес бермесе, 1969-1970 жылдары екінші орын иеленеді.

Ұлттық күрестен басқа самбомен шұғылданып, елдің батыс өңірлерде өткен чемпионат, іріктеу сайыстарынан әлденеше рет бірінші орын, мемлекеттік чемпионатта арнайы орын, ұлттық спартакиаларда әртүрлі күрес түрінен 3 мәрте бірінші орын иеленген теңдессіз күш иесі болған. Баян-Өлгейдің Су шаруашылық саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет істеп, аймақ дамуына бағалы үлес қосқан ерен еңбек иесі. Борбан, Біләлқызы Дариғамен 36 жыл отасып, 9 бала өсіріп тәрбиелеген ардақты әке. 2000 жылы Ұланқұс өлкесінде дүниеден өткен.

Екінші арыстан дәрежелі палуан - Әзікей Мешітбайұлы, 1945 жылы Даян өлкесінде дүниеге келген. Ол ширақ та қағылез, еңбекқорлығымен ел арасында мәлім болады. Әзікейді ауылдастары «әкесінің жолын қуған палуан болады» деп мақтайтын көрінеді. 8 жасында Ұланқұс сұмынының 7-жылдық орта мектепінің табалдырығын аттап, оны өте жақсы деген бағамен тәмәмдайды. Тұңғыш рет 15 жасында сұмынның «Мамыр мерекесінде» палуан ретінде танылады. Орта мектепті бітіргеннен соң Дорнод аймағының Мал дәрігері техникумына жолдама алады. Оқу орнында жүргенде де сол елдің ұлттық күресімен шұғылданып, оқушылар арасында 2 рет чемпион, одан кейін Дорнод аймағының ұлттық «Наадам» мерекесінде 5 палуанды жығып аймақтық «начин» (Қыран атағы -авт) дәрежесін қорғайды. 1969, 1977 жылдары аймақ мерекесінде екі мәрте жүлде салып, 1972 жылы мемлекеттің мерекеде екінші орын иеленген. 1966 жылдан Сауда, дайындық басқару басқармасының атқарушы директоры болып тағайындалып, аталмыш қызметті 1989 жылдың сәуір айына дейін табысты атқарады. 1990 жылы сол ұйымның басшысы қызметінен зейнет демалысына шығады. Әзікей Шәрбан Шәкіртбайқызына үйленіп, 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. 2000 жылдың желтоқсан айында өмірден өтті.

Үшінші арыстан дәрежелі палуан - Нәжікей Мешітбайұлы. Ол 1949 жылы Мешітбайдың отбасында 4-ші бала болып дүниеге келеді. 1959 жылы Сағсай сұмынының бастауыш мектебіне бірінші сыныпқа барып, ары қарай оқуын Ұланқұс сұмындық және Өлгей қаласының 10 жылдық орта мектепте жалғастырған. Мұнан соң, Қобда аймағының Ауылшаруашылық техникумын «зоотехник» мамандығы бойынша бітіріп, 1972 жылы Ұланбатыр қаласындағы Ауылшаруашылық университетіне түседі. Алайда өз қалауымен Мұғалімдер иниститутының денешынықтыру факультетіне ауысады.

Тумысынан еңбекке құштар Нәжікей, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей тұрғанда еңбекке араласқан. Оқып, жұмыс істей жүріп спортпен шұғылданады. Моңғолияның ұлттық күресінен 3 мәрте аймақтық чемпион және Ұланбатыр қаласындағы өткен сайыстарда 2 рет жүлделі орыннан көрінеді. Ұлттық күреспен қатар жеңіл атлетикамен шұғылданып, 1968 жылы диск лақтыру түрінен батыс зоналық чемпион, ұлттық чемпионаттан 4-ші орын иеленіп, 2- дәрежелі спорт шебері атанады. 1968 жылы Қобда аймағының тойында күресіп, «Аймақтық лашын» атанса, 1972 жылы Баян-Өлгий аймағының тойында жеңіске жетеді. Одан кейін, 1980 жылы аймақ орнауының 40 жылдық тойында екінші мәрте чемпион, 1981 жылы екінші орын иеленеді. Көз ілеспес шапшаңдығымен, күш-қуат, айла-әдісімен жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленген Нәжікей, туған өлкесі Ұланқұс сұмынның тойларына да тұрақты қатысып, барлығы 6 рет қарсыласын жеңген, 2 рет екінші орын алған. Сонымен қатар, самбо, дзюдо, еркін күреспен де айналысып аймақтық чемпионатқа іріктеу бәсекесінде 24 рет жеңген екен. 2002 жылы оны мемлекет «таңдаулы аймақтық арыстан» атағымен марапаттады.

Нәжікей падуан Әтен Қайдолдақызымен 39 жыл бірге өмір сүріп, 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіреді. 2010 жылдың 3 мамырда бақилық болды.

Спорт әлемінде көптеген шәкірт тәрбиелеген Нәжікей Моңғолияның Білім саласының үздік қызметкері атағымен де марапатталған.

«Үш арыстанның» ең үлкен ағалары Қонай, дүниеден ерте өтсе де, артындағы бауырларын палуан өнеріне баулып кеткен. Ал Борбан ресми емес жиын-тойларда ірі денелі, мемлекеттік дәрежелі палуандарды да талай тізе бүктіргені аңызға айналған, жұрт аузында осындай көп әңгіме бар.

Бірде ағайынды үшеу Ұланбатыр қаласында өтетін мемлекеттік «Наадам» мерекесіне барып, күресуге бел буады. 2 мың шақырым жолдан жарысқа әзер үлгерген үш палуанда жалғыз «зодог шуудаг» яғни, моңғол күресінің палуанына арналған киім, жалғыз етік болған деседі. Жол қиындығы қанша қалжыратса да, тойдың алғашқы күнгі белдесуінде Борбан 3, Әзікей мен Нәжікейдің әрқайсысы 2 палуаннан басым түсіп, жығады.

Келесі күнгі күреске олар уақытынан сәл кешігіп барған. Осы орайда «уақытынан кешігіп келдіңдер» деген желеумен олардың үшеуін де жарыстан шығарып, күресуіне тыйым салады. Ал бұдан кейін ағайынды палуандар осындай үлкен жарысқа қатысудан көңілдері де қалып, кейінгі жылдары оған қатысудың сәті түспеген. Алып күш иелерінің өмір жолдары мен олардың топжарған сайыстары жоғарыда аз-кем айтылды. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дегендей елі бар да ерлері еш ұмытылмайды.

Авторы Қуат Уатханұлы

Дереккөз: ҚазАқпарат