Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында 2018 жылдың 26 қазан күні Шардара су қоймасы маңындағы «Аққала» демалыс аймағында «Safari Shardara» мәдени-спорттық шарасы басталады, деп хабарлайды turkistan.today порталы Аptanews.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазығұрт ауданында өткен биылғы «Наурыз Қазығұрттан басталады» ұлттық мейрамында аудандарда республикалық шаралар ұйымдастырылатынын мәлім еткен болатын. Содан бері аймақта облыс әкімінің бастамасымен бірнеше маңызды шаралар өтті. Атап айтсақ, «Ордабасыға оралу:  Береке басы – бірлік» іс-шарасы, «Ақсу-Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың жалауы» қызғалдақ фестивалі, «Қымызмұрындық», «Қауын fest» сынды бұрын-соңды болмаған жаңа бағыттағы шаралар ұйымдастырылды.

Түркістан облысының туристік әлеуетін дамыту мақсатында өтетін «Safari Shardara» шарасына қазіргі таңда қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қызылқұм өңірінде, Сырдария өзенінің бойында, Шардара теңізінің жағалауларында сейіл-серуен, сафари, су жарыстары ұйымдастырып, өлкемізді Қазақстанның тұрғындары мен шетелдіктерге таныстыру көзделіп отыр.

«Safari Shardara» шарасында автокөліктер, мотобайкерлер, желкенді қайық, ескек есуден, құсбегілер, түйе жарыстары, сондай-ақ балықшылар сайысы мен жағажайдағы футбол, волейбол турнирлері өткізіледі.

Келіңіздер, тамашалаңыздар!

http://turkistan.today/