Биылғы 9 айда Қазақстанда 22 709 автокөлік шығарылды. Олардың арасында жеңіл және жүк көліктері, автобус техникасы мен арнайы машиналар да бар. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағынан мәлім етті. Бұл туралы turkistan.today порталы inform.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Есепті кезеңде Қазақстанда шығарылған көліктердің жалпы құны 140,9 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жалпы, жеңіл автомобиль өндіру 82,6 пайызға өсіп, 21 137-ге жетті. Оның ішінде 13 365-і «Азия авто» АҚ-ға, ал 7 772-сі «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-на тиесілі», - делінген таратылған мәліметте. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша автобус (231көлік) шығару 1,9 есеге қысқарса, жүк көліктерін (802 көлік) өндіру 17,2 пайызға төмендеді. Ал арнайы техниканы шығару деңгейі 144-тен 151-ге дейін өсті. Жыл басынан бері отандық автозауыттар өткізген көліктер 20 644-ке жетіп, бұл көрсеткіш былтырғы деңгейден 58,2 пайызға артық болды. Белгілі болғандай, жергілікті өндірістің автокөліктерін сатып алуға ел тұрғындары 119,7 млрд теңге жұмсады. Бұл өз кезегінде бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 59,6 пайызға жоғары. 9 айда Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің арасында сұранысқа ие брендтердің бестігіне Lada (9 414 көлік), Hyundai (5 494), KIA (1 658), JAC (978) және Chevrolet (715) енді. Отандық кәсіпорындар ұсынатын маркалардың тізімінде Ravon (552), Skoda (512), Peugeot (132), SsangYong (14) бар екенін атап өткен жөн. Аталған мерзімде 2 728 автомобильді жеңілдікті автонесиелеу мембағдарламасына қатысқандар сатып алды.

https://www.inform.kz/kz/kazakstanda-shygarylgan-kolikterdin-kaysysy-otimdi_a3432749
http://turkistan.today/