Бүгін, футболдан Еуропа лигасының үшінші тур ойындары болып өтті. Елордалық «Астана» сырт алаңда Чехияның «Яблонец» командасымен кездесті, деп хабарлайды  turkistan.today порталы inform.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Яблонец» Еуропа лигасы топтық кезеңінде алғаш рет бақ сынап отырған жайы бар. Бұған дейін плей-офф кезеңінен әріге бара алған жоқ. Үстіміздегі жылы бүгінгі қарсыласымыз ешқандай іріктеу кезеңіне қатыспастан топтық кезеңге жолдаманы қалтаға басты. Аталмыш команда жайында біз бұған дейін сипаттама беріп өткен едік https://www.inform.kz/kz/europa-ligasy-astana-syrt-alanda-zheniske-zhete-ala-ma_a3435977. Бүгінгі күнге дейін қос команда үш ойыннан өткізді. Елордалық «Астана» алдымен Украинада «Динамо» (Киев) клубымен 2:2 есебімен тең ойнады. Одан кейін өз алаңында Францияның «Ренн» командасынан 2:0 есебімен басым түсті.   

Бүгінгі ойынға «Астана» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Григорий Бабаян алғашқы минуттан төмендегі құрамды жасыл алаңға шығарды. Атап айтқанда, олардың қатарында Ненад Эрич, Бактиер Зайнутдинов,  Евгений Постников, Марин Аничич, Антонио Рукавина, Иван Маевский, Ласло Кляйнхайслер, Ричард Алмейда, Марин Томасов, Педро Энрике, Джуниор Кабананга бар. Ал қосалқы құрамда Александр Мокин, Дмитрий Шомко, Сергей Малый, Абзал Бейсебеков, Серікжан Мужиков - Роман Муртазаев, Рангело Янга қалды. Ал «Яблонец» сапында Властимил Грубы, Томаш Голеш, Давид Говорка, Давид Лишка, Матей Ганоусек, Томаш Хюбшман, Михал Травник, Якуб Поважанец, Владимир Йовович, Лукаш Масопуст, Ян Храмоста негізгі құрамда «Астанаға» қарсы ойнады.  Ойын бірден-ақ екі команданың шабуылымен басталды. 

Дегенмен алғашқы голды алаң иелері соғып үлгерді. «Яблонец» 4-минутта оң қанаттан шабуыл жасады. Олардың ойыншысы тепкен доп «Астана» қорғаушысы Марин Аничичтің аяғына тиді де ол Якуб Поважанецтің алдына оңтайлы келе қалды. Бұл тамаша мүмкіндікті ол голға айналдырып, өз командасын алға шығарды. Алайда арада жеті минут өткенде «Астана» таразы басын теңестіріп үлгерді. Джуниор Кабананга оң қанаттан Педро Энрикенің басына әдемі әуелете доп берді. Бразилиялық ойыншы алаң иелері қақпасына гол соғып кетті. Есеп 1:1. Бұдан кейін де «Астананың» бірнеше мүмкіндігі болған. Мәселен, 19-минутта Марин Томасов сондай тамаша мүмкіндікті сәтті пайдалана алмады. Екінші кезеңде есепті үстемелеуге мүмкіндік болған. Дегенмен оларды дегендеріне жарата алған жоқ. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. 

Осы топтағы Францияның «Ренн» және Украинаның «Динамо» (Киев) командалары арасындағы кездесу 2:1 есебімен украиндық команда пайдасына аяқталды. «Астана» енді Еуропа лигасындағы екі ойынын өз алаңында өткізеді.  Алдымен 11 қарашада бүгінгі қарсыласы - «Яблонецті» қабылдаса, 29 қарашада «Динамо» (Киев) командасымен шеберлік байқасады. Содан кейін 13 қарашада Франнцияда «Реннмен» кездеседі. Ал 28 қазанда ел біріншілігінің 31-турында Қостанайда «Тобылмен» ойнайды.  

https://www.inform.kz/kz/europa-ligasy-astana-syrt-alannan-upay-olzhalady_a3436289
http://turkistan.today/ru