Қытайдан сарапшылардың келуі – Қазақстанда коронавирус инфекциясымен күресте Мемлекет басшысының қабылдаған уақытылы әрі нақты шешімі болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі шетелден келген медициналық қызметкерлер жайлы осындай ұстанымда екенін жария етті, - деп хабарлайды Turkistan.Today тілшісі ҚазАқпарат  агенттігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Мемлекет басшысының келісімі аясында Нұр-Сұлтанға келген қытайлық дәрігерлермен онлайн-кездесу өткізді. Бұл туралы министрліктің Facebook парақшасынан мәлім болды. «Министр Қазақстан Үкіметінің атынан қытай дәрігерлерінің делегациясын қарсы алып, Қытай үкіметінің COVID-19-ға қарсы іс-қимылда көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Елжан Біртанов бүгін Қазақстан Президентінің төрағалығымен төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы төтенше жағдайды сәуір айының соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын жеткізді», - деп хабарлайды министрліктен.