Түркістан облысының Жетісай ауданында тұратын ерлі-зайыптылар жуырда отау тіккеніне 78 болған мерейтойын атап өтіпті. 200 ұрпағы бар қария мен әжейдің әдемі әңгімесі жайлы Turkistan.Today тілшісі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Орын Ақшаев ақсақал жүзді алқымдаса да, әлі күнге дейін қимылы ширақ. Атқа еркін отырады. Жеті қазынаның бірі саналатын жануармен қарияның өмірі етене жақын. Өйткені, уағындағы өңірдің озық шопандарының бірі болыпты. "Жаяулатып жүретін күндер де аз болмаған. Жүз жасауымның да бір себебі осыдан болар" деп пайымдайды. Құдай қосқан қосағының да бірге жасасып келе жатқаны үшін аузынан шүкіршілігін тастамайды. 1 ғасыр жасаған қазыналы қариялар шөпшек сүйіп отыр. Жалпы үрім-бұтағының саны 200-ден асып жығылады.

"Осы кісіге бірімізді-біріміз көрмей, екеумізді атастырып, мені мысалы ағам үйлендірген. Ол кісіні мен көрмегем, ол кісі мені көрмеген. Сөйтіп бас қосып, 77-78 жыл болып қалды үйленгеніме. Содан бері өмір сүріп келе жатырмыз балам. 20 қызды ұзаттық, 28 келін алдық, Құдайдың арқасында. Әзір Құдайға шүкір қылып отырмыз", - дейді Жетісай аудананың тұрғыны Орын Ақшаев. 

Күміс, алтын, гауһар той дегенді естіген боларсыз. Алайда, "Тәждік той" жасады дегенді күнде құлағыңыз шала бермесі анық. Тіптен, "Тәждік тойдың" некелесудің нешінші жылында тойланатынын да біле бермейміз. Онда айта кетейік, Тәждік той - отбасылық өмірдің 75 жылы өткенде аталып өтіледі. Жетісайлық Орын қария мен Күлсім әжей осы тойды бастан өткергендер. Отанасы Күлсім Ақшаева барлығы 14 құрсақ көтеріпті. Одан қазір көзі тірі 4 ұл мен 3 қызы бар. Үйдің үлкенінің жасы бүгінде 71-де.

"Енші алып кететін қазақтың рәсімі. Енші алып сол қыздарды арқалап жүріп, ауқат қылып, көтеріп жүріп тірлік қылып, өмірді өткіздік қой балам. Енді рақатын көріп жатырмын Құдайға шүкір. Қиянат қылма біреуге, тура жүр, тура тұр, осындай бол, өсу-өнуіңе жақсы деп өсірдік қой әйтеуір", - дейді ақсақалдың жұбайы Күлсім Ақшаева. 

Қуантарлығы қариядан тараған үрім-бұтақтың ешбірінің де отауының шаңырағы шайқалмапты. Мұны Орын Ақшаев құда таңдағанда тектілігіне мән бергендігінен деп біледі. Қазір жүз жасаған қария мен әжей дәстүр бойынша кенже ұлдары Кенжебектің қолында тұрады. Одан шөбере сүйіп отырған жайы бар. Ұрпақтарына биыл 175 жылдық торқалы тойы аталып жатқан 9лы Абайдың өлеңдерін жаттатып жүр.

Қазыналы қариялардан тараған ұл-қыздар қазір Қазақстанның түкпір-түкпіріне өз отауларын тігіпті. Қызметтері де әр қилы. Қайбір жерге барсақ та сол жерден құдаларымыз табылады деп ағынан жарылуда. Ақсақал өз ұрпақтарының амандығын тілейді. Басқа арманым жоқ дейді.