Бүгін Астанада ТМД елдері үкімет басшыларының кеңесі өтті. Бұл шарада олар ядролық апат жағдайына дайындық пен ғарышты дұрыс мақсатта пайдалану туралы шешім қабылдады деп жазады turkistan.today.

Елордадағы кеңейтілген отырысқа ТМД елдері үкіметінің басшылары жиналды.

Барлық кеңес сағат 12:00-ден 15:00- ге дейінгі уақыт аралығында өтіп, 15 келісімге қол қойылған.

Бұл ТМД-ның 2018 жылғы төрағасы Тәжікстанның құжаттарды нақты реттеп, дайындағанына байланысты болыпты.

"Біз достастықты посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерді біріктіретін бірегей алаң ретінде қарастырамыз, соның арқасында біз өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуларды пайдаланамыз", - деп мәлімдеді Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.

Дөңгелек үстелдің басында үкімет басшылары тек үш мәселеге қатысты сұрақ қойды. Ал қалған құжаттарға еш талқылаусыз қол қойып шықты.

Ядролық апат, ғарыш және соғыс ардагерлері

Жиында қабылданған ең маңызды құжаттардың бірі елдердің ядролық апат немесе радиация деңгейіндегі апаттық жағдай уақытындағы әрекеті туралы болды.

Сондай-ақ, ТМД ғарышты тек бейбіт мақсатта пайдалану мен зерттеу туралы келісімге келді.

Одан бөлек, 2019 жылға медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуді қаржыландыру және соғыс ардагерлері мен олардың жанұясының тұрыс жағдайын көтеру туралы шешім қабылданды.

Тағы басқа келісімдер, хаттамалар мен тұжырымдамалар ұялы байланыс жүйесіндегі ынтымақтастыққа, электрондық қалдықтармен жұмыс істеуге, электронды түрде салық мәліметтерімен алмасуға, энергетикалық жабдықтарды бірлесіп өндіруге, зияткерлік меншікке құқықтарды бөлуге қатысты болды.

Аталған жиында "Уран өндірістерінің әсеріне ұшыраған мемлекеттер аумақтарын қалпына келтіру" бағдарламасына өзгерістер енгізілді.

ТМД елдерінің премьер-министрлері Астананы қалай аралады?

Дөңгелек үстел басында делегация басшылары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.

Премьер-министрлер Ақордадан жиын залына келгенше Астананы көріп үлгерген екен.

"Біз Астананы аралап шықтық. Оның көз алдымызда қалай өзгергенін байқадық. Біз қазақ достарымыздың табысы мен жетістіктеріне, алға ұмтылыстарына шын жүректен қуаныштымыз және Тәжікстан басшылығына ризамыз",- деді олар.
"Қазақстан ТМД-ны сақтау мен нығайтудың жақтаушысы болды және болып қала береді. Бұл ойды Бүгін Достастық елдері делегацияларының басшыларын қабылдай отырып, аса құрметті Нұрсұлтан Назарбаев растады. Онымен ТМД-ның өзекті мәселелері туралы ашық әңгіме болды", - деді ТМД Атқарушы комитетінің басшысы Сергей Лебедев.

Анықталғандай, 2020 жылы ТМД-ға төрағалық етуге Өзбекстан сұраныс берсе, 2019 жылға бұл орынға Түркіменстан қабылданып отыр.

"Келесі жылы ТМД-ға төрағалық етуді Түркіменстан жүзеге асырады, үкімет басшылары мен мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы Ашхабадта өтеді", - деп мәлімдеді Тәжікстан премьер-Министрі Кохир Расулзада.