"Сағындым сағым жылдар", "Күрең күз", "Қайран уақыт", "Шыңдағы шынарым-ай", "Мөлдір сезім" секілді көптеген әндердің авторы, ҚР еңбек сіңірген артисі, ҚР композиторлар одағының мүшесі Гүлнар Дәукенова өмірден өтті.

Қаралы хабарды Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, режиссер Асхат Маемиров Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.

"Халық арасына кеңінен танылған "Сағындым сағым жылдар", "Күрең күз", "Қайран уақыт", "Шыңдағы шынарым-ай", "Мөлдір сезім" секілді көптеген әндердің авторы Гүлнар Даукенова әпкеміздің туындылары да, Өзінің жан дүниесі секілді шынайылыққа, сыршылдыққа, лиризмге толы болатын. Ширек ғасырдан астам уақыт ұлттық музыкамыздың қара шаңырағы - Құрманғазы оркестрінде еңбек етті.

Еліміз тәуелсіздігін алған тұста үлкен толғаныстан туған "Жасай бер, Қазақстаным!" күйі - көптеген оркестрлердің репертуарының алтын қорына енді. Елге деген махаббатын әнмен, күймен өрнектеген Гүлнар апа - өмірде кішілік пен кісілікті, адалдық пен мейірімді, адамгершілік асыл қасиеттерді ту етті. Көптеген әндері - марқұм Мәдина Ералиева шығармашылығының бойтұмарына айналды. Халық артистері Н.Нүсіпжанов, Р.Рымбаева, М.Жүнісова және А.Қосанова, Г.Дәуірбаева, М.Түсіпбаева, А.Иманбай, Г.Оразымбетова, А.Керімбекова, Мирас пен Құралай, "Жігіттер" квартеті, "Кешью" топтарының репетуарынан Г.Даукенованың әндері берік орын алды.

Өнер әлемінде өзіндік орны, өз биігі бар Гүлнар Даукенова - Үржардың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, Шығыстың Шынары" атанды. Гүлнар әпке - ақжарқын жеңгеміз еді, Ақжайық өңірінің сыйлы келіні еді. Тағдыр қосқан серігі - Донеділ Қажымов та елімізге танымал әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. "Тас түскен жеріне ауыр",- дейді бабаларымыз, Донеділ ағамызға қайғырып көңіл айтамыз.

Гүлнар жеңгемнің өмірінің мәні - туған бала-келіні Алмабек ініміз бен Гүлзина келінімізге барлық бауыр-жекжаттарына қайғырып көңіл айтамын! Қош болыңыз, шыңдағы шынар сынды - Гүлнар әпке, Гүлнар жеңеше! Сағым жылдардың ішінде Сізді сағынған шақтарда, әр қазақтың жүрегінде Сіздің әндеріңіз жүретініне сенемін! Иманыңыз жолдас болсын, аяулы Гүлнар-Жеңеше, Гүлнар-Әпке", - деп жазды Асхат Маемиров.

Марқұм композитор соңғы сұхбаттарының бірінде әндерін көбінесе күз мезгілінде жазғанын айтқан еді. Ол көпшілікке танымал  "Сағындым сағым жылдар", "Күрең күз", "Қайран уақыт", - сынды әндер.

Ақпарат: Caravan.kz порталынан алынған