Әлеуметтік желіде Алматы түнгі клубтарының біріндегі Хэллоуин мерекесін тойлау кезінен видео тарады. Кадрда актер асылып тұрған адамды сомдағаны байқалған. Алайда куәгерлердің сөзінше, шын мәнінде ол қайтыс болған деп хабарлайды Zakon.kz.

Бастапқы деректер бойынша қайғылы жағдайдың орын алуына дұрыс бекітілмеген қауіпсіздік арқаны себеп болғаны айтылса, кейінірек актердің өліміне инфаркт себеп болуы мүмкін деген ақпарат тараған.

Zakon.kz тілшісіне аталмыш ақпарат жайлы клуб әкімшілігі пікір білдірмеген. Сонымен қатар қалалық полция мәліметті растамаған және оны жоққа да шығармаған.

Ал Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы Sputnik Қазақстанға кісі өлімі болғанын растаған. Алайда қандайда бір мәліметті полициядан сұрауды өтінген, өйткені тергеу басталып кетіпті

Сонымен қатар қайғылы оқиғаға куәгер болған клуб қонағы агенттікке болған жайтты баяндаған. Оның айтуынша, мерекелік кеш қарашаның екісінен үшіне қараған түні орын алған.

"Клубқа түн ортасында бардым. Сол түні шоудың бір бөлігі "дарға асылған адамдар" болды, олар белгілі бір қойылым көрсетуге тиіс болған сияқты. Үш адам ілініп тұрды ғой деймін. Кенет біреуінің қимыл-қозғалыссыз қалғанын байқадық. Жігітті түсірген кезде, ес-түзсіз жатты. Оны аман алып қалуға тырысса да, жедел жәрдем келгенше көз жұмды", - дейді сұхбат беруші.

Әзірге құзырлы орган желіні дүрліктірген роликке қатысты жауап бермеген.