Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» кезекті матчын Орынборда «Локомотивпен» өткізді.


Жаңа жылдағы алғашқы ойында қарсыластар алма-кезек шабуылдап, біразға дейін есеп ашылған жоқ.

Тек 21-минутта айдын иелерінен Егор Лобаев мергендік танытты. Бір минутқа жетпей, «Ақжайықтың» жас шабуылшысы Азат Бектұрған таразы басын теңестіріп үлгергенімен, іле-шала Роман Тынтеров «Локомотивті» қайта алға шығарды. Бірінші тайм соңына таман Равиль Сиразетдинов есепті 3:1-ге жеткізді. Екінші кезеңнің аяғына қарай, 81-минутта Р.Тынтеров тағы бір голдың авторы атанды.

Осылайша орынборлықтар 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» көш бастаушы команданы ірі есеппен жеңгенін жазған болатынбыз.