Бүгін Парламент Мәжілісінде оңалту және банкроттық рәсімдерді жетілдіру заң жобасының таныстырылымында депутат Серік Құсайынов «Doing Business» рейтингіне сүйену міндетті емес деген пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің ұсынысым бұл заң жобасында «Doing Business» рейтингіне сүйену мәселесіне қатысты болып отыр. Менің ойымша, осындай заңдарда рейтингтерді басшылыққа алу мүлдем қажет емес. Өздеріңіз білесіздер, рейтингтер кей кездерде елдің дамуына ықпал етпейді. Және ол ел экономикасының түрлі бағыттарында және елдің өмірінде кейде теріс әсерін береді. Сондықтан да біз рейтингке емес, экономиканың жақсаруына негізделуіміз керек. Рейтинг  - ол уақытша көрсеткіш. Осы орайда, бұл көрсеткішке негізделмеу қажет», - деді Серік Құсайынов.


Атап айтқанда, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.  

Заң жобасында банкроттық рәсімдерді өткізу мерзімін қысқарту ескерілген. Бұл ретте кредиторлар жиналысының бірқатар өкілеттіктерін мобильді кредиторлар комитетіне беру, басқарушылардың банктік құпияны құрайтын мәліметті алу тәртібін жеңілдету, әдейі және жалған банкроттық үшін жауаптылыққа тарту тәртібін өзгерту қарастырылған.