Қазақстанда ажырасқан әкелердің 30% балаларымен кездесе алмай, сотқа қайта жүгінуге мәжбүр.


Бұл туралы Астанада өткен «Бала аумағы - бақыт аумағы» отырысында айтылды.

«Сот шешіміне қарамастан, әкелердің 30% балалармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылған.  Олар сотқа қайта жүгінуге мәжбүр. Бұл мәселеде ювеналдық соттар кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен бостандығын қорғауды ескере отырып, психологтардың қатысуымен шешім қабылдайды», - деді «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Байымбетова.

«Келешек» психологиялық орталығының директоры Наталья Семененко психологтарға арналған арнайы ереже қажеттігін жеткізді.

«Кәмелет жасына толмағандардың ісі бойынша бірнеше жыл судья болып жұмыс істедім. Бір түсінгенім, Қазақстанда психологтардың нормативті құжаты жоқ. Сондықтан, ажырасу мен балаларды бөлісуде психолог көмегі тиімсіз болып отыр. Себебі, әр психолог өз тәжірибесі мен өз пайымына қарай жұмыс істейді. Қос тарапқа бірдей қарамай, консультацияға жазылған тарапты қолдап кетуі де ықтимал», -  деді «Келешек» психологиялық орталығының директоры Наталья Семененко.

Оның айтуынша, істі қарау процедурасын реттейтін нормативті құжат болуы тиіс. Құжатта баланың психологпен кездесу санын, психологиялық тестілеуден өтуін анықтайтын нормалар болуы қажет.

«Психологиялық тестілеуді жаттап алған балаларды да көрдік. Яғни ата-ана ажырасып, одан кейінгі мәселелерді шешуге тырысып жатыр. Ал балалар ерлі-зайыптылардың күш пен билікті иемденуіне көмектесетін құралға айналды. Балалардың міндеті - даму және оқу. Бірге тұрса да, бөлек тұрса да, балалар тек бақытты ата-ананы көруі керек. Балалар қорғауға мұқтаж, ал психологтарға құрал жетіспейді. Біз барлық өңірде бірыңғай ереженің жұмыс істегенін қалаймыз», - деді Н. Семененко.

Отырыста «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ажырасу кезінде балалар мен ата-аналарға әлеуметтік-психологиялық, психологиялық-педагогикалық зерттеулер өткізу жөніндегі ережені ұсынды. Құжат кәмелетке толмаған балалардың тұратын жерін айқындау мен кездесу тәртібін тағайындауға септігін тигізбек.

Айта кетейік, Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейді. Ресми деректер бойынша, Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады, оның 83%-ының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бар.


Дереккөзі: Қазақпарат