Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарын аралап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысын бақылады.

Өңір басшысы алдымен Нұрсұлтан алаңы мен оған жақын орналасқан гүлзарға барды. Бүгінде нысанның құрылыс монтаж жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысан аумағында жаяу жүргінші жолдар мен субұрқақтарының бетондау жұмыстары аяқталған.

Содан кейін аймақ басшысы Тұңғыш Президент саябағы мен «Әзірет сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру жұмыстарын бақылап, желілік саябақты аралады.

Тұңғыш Президент саябағында сыртқы суғару жүйелерінің құрылысы, ағаштарды отырғызу, газон төсеу жұмыстары, сонымен бірге, аяқжолдар, керуен жолдары және канал жұмыстарының 95 % аяқталған. Осы айда  295 түп ағаш және 6500 бұта отырғызу көзделуде.

 «Әзірет сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру бойынша жұмыстары 4 кезеңге бөлінген. Мұражай аумағында жер тегістеліп, су және кәріз жүйесі толық аяқталған. Субұрқақ алаңына  бетон құю жұмыстары орындалды. Ал, көгалдандыру аймағына суару жүйесін орнату жұмыстары 60%-ға орындалып, газон егу жұмыстары атқарылуда.

Аймақ басшысы сондай-ақ желілік саябақта болды. «Желілік саябақ» абаттандыруы аяқталуға жақын.  Қазіргі таңда сыртқы суғару жүйелерінің құрылысы, ағаштарды отырғызу, газон төсеу жұмыстары, сонымен бірге, аяқжолдар, керуен жолдары және канал жұмыстары аяқталуға таяу.

Сонымен қатар, «Конгресс хол», стадион, оқушылар сарайы, драм театр, «Rixos Turkestan» қонақ үйі, «Ұлы дала елі», Ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ондағы жұмыс барысын бақылап, жұмысшылармен тілдескен Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға жұмысты күшейтуді тапсырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі