Қазақстандық әншілер Димаш Құдайберген мен Данэлия Төлешова АҚШ-та өтетін «THE WORLD'S BEST» таланттар байқауына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Gia Noortas лақап атымен танымал кинопродюсер, актриса Гауһар Нұртас өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

 «THE WORLD'S BEST» таланттар байқауының халықаралық қазылар алқасын қарсы алыңыздар. Мен Қазақстанның атынан төрелік етемін. Димаш пен Данэлияға жанкүйер боламын. Қазылардың әрқайсысы - өз ісінің хас шеберлері. Бұл қатардан орын алу оңай емес және үлкен бедел», - дейді Гауһар Нұртас.

«THE WORLD'S BEST» - әлемнің барлық елінен барлық жанрдағы өнерпаздарды қабылдайтын жаһандық таланттар байқауы.  Үміткерлер түрлі салада еңбек ететін 50 тәжірибелі төрешіге ұнауы тиіс. Байқау соңында жалғыз жеңімпаз анықталады.

Әділ қазылар құрамында актриса, «Алтын глобус» иегері Дрю Бэрримор, тележүргізуші, «Эмми» сыйлығын жеңіп алған РуПол Чарльз, кантри-музыка жұлдызы Фейт Хилл және актер, продюсер, тележүргізуші Джеймс Корден бар.

Байқау 3 ақпанда CBS и CBS All Access телеарналарынан көрсетіле бастайды.


Еске салсақ, 2016 жылы Гауһар Нұртас қазақстандық-америкалық «Тоқал» фильміне продюсерлік еткен болатын. Қазір ол АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұрады.