АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.


Ғалымдар жоғалу қаупі төніп тұрған химиялық элементтер тізімін жасап, олардың арасында біз күнделікті тұтынып жүрген заттардың өндірісінде қолданылатын элементтердің де бар екенін анықтаған. Daily Mail басылымының хабарлауынша, ғалымдар жасаған тізімдегі 90 табиғи элементтің отызы ұялы телефондар өндірісінде қолданылады.


«Еуроодақта ай сайын он миллион смартфон лақтырылады. Ал ғалымдар кейбір элементтердің дефициті артатытына және қайта өңдеуге жіберілмейтініне алаңдаушылық білдірген. Бұл кестені Еуропаның химиялық қауымдастығы жасаған және ол Еуропа парламентінің отырысында таныстырылды», деп жазады басылым. Автордың айтуынша, кейбір элементтерді өндірісте өте жиі пайдалану оның жүз жылдан да аз уақытта жойылуына алып келеді. «Бұл элементтерге үлкен қауіп төніп тұр. Сондықтан әр екі жыл сайын телефон ауыстыруды тоқтату керек шығар», депті Сент-Эндрюсск университетінің профессоры Дэвид Коул-Гамильтон. «Қазіргі таңда ең белсенді қолданылып жүрген элементтердің бірі - гелий. Сол себепті мерекелік шаралар кезінде аспанға гелий толтырылған шарларды жіберуді тоқтатқан жөн. Ал смартфон мен теледидар экранын жасауда қолданылатын индий тіпті жиырма жылда бітіп қалуы мүмкін. Сондықтан ұялы телефондардың санын қысқарту керек. Сонымен қатар бұл өндіріс түрінде кең тараған басқа да элементтерді пайдалану мүмкіндігін қарастырған жөн», деп жазады автор.