«Лифтілерге қойылатын қауіпсіздік талаптары 2013 жылғы 18 сәуірде қолданысқа енгізілген ЕАЭҚ 011/2011 «Лифтілердің қауіпсіздігі» техникалық регламенті шеңберінде белгіленген. Енді лифтіні жеткізуді, жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптар ұлттық заңнамамен реттеледі. Қазіргі уақытта ҚР лифт шаруашылығын пайдаланатын ұйымдардың қызметін түрлі деңгейде реттейтін шамамен 16 нормативтік техникалық құжаттар бар. Біз аталған нормативтік құжаттарды біріктіріп, лифтілерді жөндеу мен қызмет көрсетудің бірыңғай талаптарын анықтайтын ұлттық стандарт әзірледік», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту департаменті  директорының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, 16 нормативтік құжатты біріктіретін аталған ұлттық стандарт барлық мүдделі тараптармен (мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҚР ҰКП, лифт өндірушілер, салалық одақтар және т.б.) келісілді. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы жаңа заң жобасы мақұлданған жағдайда көппәтерлі үй иелері лифтіні жөндеу немесе ауыстыру туралы шешімді өздері қабылдайды. Бірақ олардың 100% келісімі керек, одан соң жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, бекітілуге жіберіледі. Лифтіні жөндеуге немесе ауыстыруға қажетті қаржы жергілікті бюджет есебінен  жүргізіледі, ал оны қайтару, тұрғындармен 8 бен 15 жыл аралығында бірыңғай төлем құжаты арқылы жүзеге асатын болады», - деді ол. Айта кетсек, қазіргі уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша жаңа заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында. Одан бөлек, бұған дейін аталған сала бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құрылатынын хабарлаған болатынбыз.