Түркістандық өнерпаздар бір жыл ішінде шетелде өткен 18 концертке қатысқан. Бұл туралы облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Оның сөзінше, өткен жылы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Түркістан сарайы» концерттік ұйымында 373 концерт пен мәдени іс-шара өткізілген. Жергілікті өнерпаздар 18 гастрольдік іс-сапарға шыққан.     «Жаһандық заманауи Қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша облысымыздың мәдениеті мен өнерін шетелдерге таныстыру мақсатында облыс өнерпаздары «Кастамону - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Ыстамбұл қалаларында, Жапонияда  18 концертке қатысты. Сонымен қатар, есепті мерзімде облыс өнерпаздары  Финляндия, Швеция, Эстония, Ресей, Италия, Грузия, Түркия, Молдова, Қырғызстанда өткен түрлі жанрдағы халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан көрінді»,- деді Асылхан Темірхан. 

Бұдан өзге өңірдің бишілері халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда, «Түркістан» сарайының «Фараб» би ансамблі Түркия мемлекетінің Иниголь қаласында өткен халықаралық «Мәдениет және өнер ұжымдары» конкурсында І орынды иеленген. Сондай-ақ, Бурса қаласында өткен 32-ші халықаралық «Алтын Қаракөз» конкурсында арнайы жүлдемен марапатталған.