«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі партияның  20 жылдық мерейтойымен тұспа тұс келіп отыр. Елбасыға үлкен үміт артатын ел мемлекетіміздің дамуы мен өркенденуіне қатысты зор жаңалықты күтетіні нақ. Ал оның еліміздегі жетекші партия «Нұр Отанның» сьезінде айтылуы да тектен тек емес. Партия 20 жыл ішінде қазіргі заманғы талаптарға сай қалыптасып, жаңа әрі заманауи тұрпатты партияға айналды. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарын жүзеге асыруда жетекші рөл атқарды.

«Нұр Отан» партиясының тарихына көз жүгіртер болсақ,  1998 жылдың 21 қазанында Қазақстан Республикасында «Қазақстан Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қолдау көрсету қоғамдық штабы» қоғамдық қозғалысы ретінде құрылып, өз  жұмысын жандандыра білген бірден бір ұйым.  Елдегі өзге де саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастық орнатты. Осыған байланысты 1999 жылы 19 қаңтарда арнайы отырыс өтіп, онда Қоғамдық штабты «Отан» республикалық саяси партиясы» ретінде қайта құру шешімі қабылданды. Ал 1999 жылдың 12 ақпанында партия Қазақстан Республикасының заңнамасына сай Әділет министрлігіне тіркелді. «Дәл осы дата партияның жұмысы басталған күн ретінде Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына жазылды.

Араға уақыт салып,  2002 жылдың 22 желтоқсанында өткен партияның кезектен тыс X съезінде «Отанның» Азаматтық және Аграрлық партиялармен біріккені жарияланды. Бұл съезде басым дауыспен Қазақстанның жетекші саяси күшінің атауын «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы деп өзгерту туралы шешім қабылданғаны есімізде.  «Нұр Отан» партиясының XV съезінде Елбасы «Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу - алдымыздағы үлкен, ұлы мақсат. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуға тиіс. Бүгінгі съезде қабылданатын «Нұр Отанның» жаңа саяси доктринасы да осыны көздейді. Біз қоғамымыздың ерекшеліктерін артықшылыққа айналдыра білдік. Әралуандығымыз - байлығымызға, бірлігіміз - табысымызға айналды. Осыны ұлт зиялылары үнемі есте ұстап, жастарға әрдайым ынтымақтың үлгісін көрсеткені жөн. Доктринада мемлекеттік тілдің ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да өте маңызды. Бұл мәселеге аса ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес, ұлтқа деген құрметті де білдіреді. Отан отбасындағы өнегелі тәрбиеден бастау алады. Осыны әрбір азамат есінде ұстауы тиіс», - деп атап өтті.  

Олай болса бүгінгі «Нұр Отанның» осы бағыттан айнымай келе жатқанына тағы да бір куә болдық. Елдің болашағын жарқын ету жолдағы әрбір іс халықтың қамын жеуге бағытталып отыр.

Талғат ИСҚАҚОВ, «БалТекстил» ЖШС-ның директоры. «Құрмет» орденінің иегері. «Нұр Отан» партиясы XVIII съезінің делегаты.