Француз Зинедин Зидан мадридтік "Реалдың" бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды turkistan.today.

"Реалдың" директорлар кеңесі команданы 30 қазаннан бері жаттықтырған аргентиналық Сантьяго Соларидің отставкасын қабыл алып, оның орнына Зиданды тағайындады. "Реал" маусымды Испания құрамасының экс-бапкері Хулен Лопетегимен бастаған, алайда "Барселонадан" 1:5 есебімен ұтылғаннан кейін ол да жұмыстан қуылған болатын.

46 жастағы Зиданмен келісімшарт 2022 жылдың маусымына дейін жасалды. Зидан 2016 жылдың қаңтары мен 2018 мамырына дейін "Реалдың" бас бапкері болған. Оның жетекшілігімен клуб Чемпиондар лигасында қатарынан үш рет топ жарып, Испания чемпионатында жеңіске жеткен, елдің Суперкубогы мен екі рет УЕФА Суперкубогын алған, сондай-ақ клубтар арасындағы әлем чемпионатын екі рет ұтқан.

Футболшы ретінде Зидан "Реалда" 2001–2006 жылдары ойнаған. Карьерасын осы клубта аяқтаған.

Қазір Испания чемпионатында "Реал" үшінші орында келеді, наурызда бір аптаның ішінде Чемпиондар лигасы мен Кубоктан шығып қалды. Мадридтіктер келесі ойында 16 наурызда өз алаңында "Сельтаны" қабылдайды.

Дерек көзі : Zakon