Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев бокстан жастар арасында әлем чемпионы атанған жерлесіміз Садриддин Ахметовты қабылдады. Кездесу барысында аудан басшысы бір жылға жетер-жетпес уақыт аралығында жеті мәрте шаршы алаңға шығып, барлық кездесулерін нокаутпен аяқтаған 21 жастағы боксшыға өз атынан алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, turkistan.today тілшісі хабарлайды.

Кездесуден соң аудан әкімі әлем чемпионына «Жамал апа» мейрамханасының алдында тұлпар мінгізді. Шараға 100-ден астам аудан тұрғындары мен жас спортшылар және жақын ағайын-туыстары қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, жерлесіміз үстіміздегі жылдың 24 қаңтарында Канаданың Монреаль қаласында мексикалық Абрахам Хуаресті нокаутпен ұтып, WBC нұсқасы бойынша жастар арасында әлем чемпионы атанған болатын. Таяуда ғана ол Алматы қаласында өткен бокс кешінде бірінші орта салмақта Джон Рубамен айқасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Айта кетейік, Садриддин Ахметов 1998 жылдың 31 қаңтарында Жетісай ауданы Жетісай қаласында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Ал 7 жасында Астана қаласына қоныс аударған ол сол кезден бері бокстың қыр-сырын меңгеруге кірісіпті.
Жетісайдың тумасы Садриддин Ахметов 2016 жылы әуесқой бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында 69 келіде алтын алқа тақса, 2017 жылдың күзінде кәсіпқой боксқа ауысуға шешім қабылдаған. 2018 жылы Канададағы «Eye of the Tiger Management» промоутерлік компаниясымен келісім-шарт жасасады. Аталған компанияны бүгінде әлемдегі танымал промоутерлердің бірі Камил Эстефан басқарады. Садриддин Ахмедов қазір Канаданың Монреаль қаласында жаттығады. Бапкері – Марк Рэмси.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі