Бүгіннен бастап елімізде "BIRGE" жалпыұлттық акциясын бастау алды. Акция аясында Қазақстан Республикасының Президенттігіне "Nur Otan" партиясының атынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел халқының ұсыныстары мен тілектерін өзінің сенімді өкілдері арқылы жинайды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының  Президенттігіне кандидат  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  Түркістан облыстық  қоғамдық штабының төрағасы Ұ.С.Сәдібеков айтып өтті.

- Бұл акция Қазақстанның одан әрі табысты дамуына, Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, "Nur Otan" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытының сабақтастығы аясында атқарылады. Әрбір ел тұрғынының ұсынысы біз үшін маңызды және де "Nur Otan" партиясының назарынан тыс қалмайды – деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Акция аясында сенімді өкілдер сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектерін кандидаттың тиісті облыстағы, аудандағы, қаладағы қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы, мобильдік үгіт топтарының жұмыстары бойынша, «Есіктен есікке» акциясы аясында және сайлаушылармен кездесулерде партия белсенділері мен кандидаттың сенімді өкілдері арқылы арнайы парақшаларда жиналатын болады.

Сонымен қатар, сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектері #birge www.toqaev2019.kzсайты, әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram, Twitter) - #Birge хэштегі арқылы жиналады.

Қорытындысында әрбір ұсыныс, тілек талданып, Қазақстан Республикасының Президенттігіне "Nur Otan" партиясының атынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтарды жүзеге асыру жолында ескерілетін болады.

Аталған акция 13 мамыр мен 7 маусым аралығында өткізіледі. 

Жиын соңында Ұласбек Сәдібекұлы Түркістан облысының тұрғындарын "BIRGE" жалпыұлттық акциясына белсенді түрде қатысуға шақырды.

Мұнан соң, халық көп шоғырланған орындарда белсенді жастар халықтың ұсыныс-тілектерін жинады.