Қазақстан сот, прокуратура мен құқық қорғау саласында тың идеялар мен жобаларды жүзеге асыратын «реформаторлар командасын» құруға қол жеткізді. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігінің болашағы: ізгілендіруден өзгерістерді басқаруға өту» атты халықаралық конференция барысында ҚР Жоғары Сотының төрағасы Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш халықаралық конференция Еуропалық одақтың үшжылдық «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» жобасының қорытындысына арналып отыр (EUCJ). Конференцияның мақсаты - EUCJ жобасының қорытындысын саралап, сот жүйесін, прокуратура және полиция органдарын жетілдірудің алдағы стратегиясын талқылау болып отыр. 

Жиында сөз сөйлеген ҚР Жоғары Сотының төрағасы Жақып Асанов EUCJ жобасын жүзеге асырған мамандарға алғыс айтты. Оның сөзіне қарағанда, EUCJ жобасы аясында түрмедегілердің санын азайтудың 10 шарасы, азаматтық процесс барысындағы татуластыру, электронды браслеттер мен пробация, колониялардағы адамдарды жұмыспен қамту шаруалары жүзеге асырылған. «Біріншіден, біз «реформаторлар командасын» құра алдық. Реформаторлар командасы Бас прокурордың бұйрығымен құрыла салған жоқ. Олар - шынайы көңілмен елге қызмет етуді ойлап шыққан адамдар. Реформаторлар командасы, әсіресе менеджмент саласында көптің көзін ашты. 

Біздің жобалық кеңсені құрғанымызды білесіздер.  Дәл сол жерде тың идеялар туындап, біздің қадамдарымыз айқындалды. Сонымен бірге, өзіміздің идеяларды аймақтарға жеткізу міндеті тұр еді. «Тың өзгерістердің елшілерін» дайындау міндеті де жүктелген еді. Осылайша, екі-үш прокурордан тұратын шағын команданы әзірлеп, ол жас мамандар  жұмысқа деген құштарлықпен аймақтарға аттанып, үлкен жұмыстар атқарды», - дейді Жақып Асанов. Сөзін жалғастыра келе ҚР Жоғары Сотының төрағасы EUCJ жобасы аясында атқарылған шаруалар туралы кеңірек айтып берді. «Мен бір жоба туралы ғана айта кетейін. «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 шарасы» арқылы ғана Қазақстан ТМД ғана емес, одан да ауқымы кең мемлекеттерге реформаларын паш етті. Өткен жылы Ресей Федерациясының Үкіметі жобалық басқару тұрғысында байқау жариялаған болатын. 

Біз де ол байқауға өтінім білдіріп, Мәскеуден келген бағалаушылар біздің құжаттардың қаншалықты жемісті екеніне көздері жетіп, қорытындыларымызды зерттеді. Осыдан кейін біздің команда Мәскеуге барып, жобаны жоғары деңгейде қорғап, ақыры біз Гран-при ұтып алдық. Осылайша, біз жобалық менеджменттің - Сбербанк, Росатом, Белгород облысының әкімшілігі секілді алпауыттарымен иық тіресетін дәрежеге жеттік», - деді Жақып Асанов. ҚР Жоғары Сотының төрағасы жалпы Мәскеудегі байқауға бес жоба жолданып, оның бәрі де жүлделі орынды иеленгенін айтып өтті.

https://www.inform.kz/kz/zhakyp-asanov-biz-reformatorlar-komandasyn-kura-aldyk_a3410084