Бір қарағанда цифрландырудың ауыл шаруашылығы саласына түк қажеті жоқ секілді боп көрінеді. Бірақ, мамандар жаңа технологияларды қажет ететін негізгі саланың бірі ауыл шаруашылығы дейді. Олардың пікірінше, саладағы өнімділікті арттыру, жұмыс күшін тиімді пайдалану, қаржы үнемдеу цифрландырумен тікелей байланысты. Осы орайда, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров нақты жұмыстарды қолға алмақ ниетте. 

Министрдің сөзінше, цифрлық технологияларды енгізу бойынша Қазақстандағы барлық шаруашылықты үш түрге бөліп қарастыруға болады. Яғни, базалық, жетілдірілген және цифрлық ферма. Сапархан Омаровтің пікірінше, біздің шаруашылықтар осылардың соңғысына ұмтылуы қажет. Нақтырақ айтқанда, базалық деңгейдегі шаруашылықтар жетілдірілген деңгейге өтуі керек. Ал жетілдірілген шаруашылықтар цифрлық ферманың есігін барып қағуға тиіс. Яғни, цифрлық эволюцияның қандай бағытта жүретіні белгілі. 

«Бүгінде әлемде нақты егіншілік жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе саладағы шығынды азайтады, өнімділікті еселейді, сондай-ақ ауыл шаруашылығының нәтижелілігін арттырады. Осы орайда, базалық деңгейге жататын шаруашылықтар агроөнеркәсіп кешенінің арнайы бағдарламасы арқылы егістік алқаптарын цифрландырумен қамтамасыз етілген. Бір жыл ішінде біз осыған қол жеткіздік. Сондай-ақ топырақтың агрохимиялық күйінің карталары жаңартылды», – деді Сапархан Омаров Шортанды ауданындағы Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтында өткен конференцияда. 

Министр баяндағандай, шаруашылықтарды цифрландырудағы негізгі жұмыс әкімдіктерге артылмақ. Әкімдіктер мемлекеттік субсидиялар мен мемлекеттік қолдаулар арқылы шаруашылықтардың цифрлық дамуына қол ұшын беруі керек. 

«Әрбір ауданда цифрлық ферма құрылуы керек. Біз мұны әкімдіктерден талап ететін боламыз. Себебі, біздің фермерлер цифрлық технологияларды алдымен өз шаруашылықтарында қолданып, нәтижесін көруі керек. Бұл ретте, біз үш полигон құрдық. Олар Қаскелең агропаркінің, Шортандыдағы Бараев институтының және Қостанай облысындағы «Заречный» шаруашылығының базасында орналасқан», – деді Сапархан Омаров. 

Министр еліміздегі ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының санын екі есе қысқаратынын айтты. 

«Бізде extantion жүйесі жұмыс істейді. Олар ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын қайталайды. Сондықтан инстиуттардың санын екі есе қысқартамыз. Қазір бізде 23 ғылыми-зерттеу институты бар. Енді олардың 12-сі ғана қалмақ. Кейбір институттарды нығайтамыз, ал кейбірін жоямыз. Әрбір институтта Қаскелеңдегідей полигон болады», – деді Сапархан Омаров. 

Сондай-ақ министр біздегі ғалымдардың жұмысына қатысты сын айтты. 
«Біздің кейбір ғалымдар немен айналысып жүргенін білмейді. Олар әлемде әлдеқашан белгілі боп қойған нәтижелерді зерттеп жүр. Сондықтан біз университеттердің, ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын ретке келтіреміз. Себебі, қазір жұмыстың ыңғайын фермерлер ғалымдардан артық біледі. Ғалымдар кабинетте отырып емес, егістікке барып жұмыс істеуі керек», – деді Сапархан Омаров. Министр Қаскелеңдегі «Байсерке» шаруашылығын мысалға келтірді.