Биыл наурыз айында Иран мен Қазақстанның ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 27 жыл толды. 
Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың орнауы – ежелден келе жатқан, тек тарихтың кейбір тұстарында бәсеңдеп қалған байырғы байланыстарды қайта жаңғыруы десек те болады. Соның ішінде сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстың маңызы зор.
Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігі 1993 жылы, Горган қаласындағы Бас консулдығы 2007 жылғы қазан айында ашылған. 2019 жылдан бастап, ҚР-ның Ирандағы Елшісі Асхат Оразбай мырза екенін айта кету қажет. Горган қаласына Бас консул болып тағайындалған Айтжан Айдашевтің келуімен екі ел арасындағы кәсіпкерлік әрі гуманитарлық байланыстар нығая түсті. Бұл – екі ел арасындағы байланысқа алтын көпір болып жүрген танымал қазақстандық кәсіпкер және филантроп Оралбек Ботбайдың сөзі. 
Оқырман есіне салсақ, ол – былтыр ғана Ирандық «Farаdid Meehan» компаниясымен келісімге келіп, нәтижесінде Түркістан облысына 20 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылатын болған. Сондай-ақ, Оралбек Қожамжарұлының бастамасымен Тегераннан келген Niak фармацевтикалық компаниясы Түркістан өлкесінде соңғы GMP стандарттарына сәйкес №2 зауытты дамытуды жоспарлап, 54 түрлі дәрі-дәрмек шығаруды жоспарлап отыр. Ақпарат үшін жазар болсақ, 2015 жылдың 9 айында Ираннан Қазақстанға келген тікелей инвестиция көлемі 245,5 млн. долларды құраған.
ҚР Бас консулы Айтжан Айдашев және кәсіпкер, инвестор Оралбек Ботбай жоғарыда жазылған жайттардың жерде қалдырмас үшін биылғы жылы Иранның Тегеран және Горган қалаларында біршама кездесулер өткізіп, іскерлік байланыстарды нығайта түсті. 
Іrna.ir агенттігінің жазуынша Гүлістан өлкесінің губернаторы Хади Хагшенас қатысқан кездесуде екі тарап күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылаған. Гүлістан өлкесі губернаторының қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім меңгерушісі Хади Хагашеннің сөзінше екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасы одан әрмен дамып, мұнай-газ және туризм саласындағы әлеуеті зор облыс іскерлік және экономикалық байланысқа мүдделі. 
Осы орайда сөз алған Айтжан Айдашев екі ел арасындағы байланыста аталмыш өлкенің маңыздылығына тоқталып, географиялық жақындықты тиімді пайдалану қажет екендігіне мән берді. Сондықтан да Қазақстан тарапынан орналасқан Бас консулдықтың да жұмысын айта кетуді ұмытпады. 
Бір жарым миллионға жуық халқы бар өлкеде бір аптаға жуық жүріп, жергілікті жұрттың қонақжайлығына тәнті болдым деген Оралбек Ботбай NIAK корпорациясымен жүргізген келіссөздерді алға тартып, алдағы уақыттарда мұндай кездесулер мен іссапарларды жиілету керек деп баса айтты. Сонымен қатар, экономикалық байланыстардан бөлек ресми Тегеран мен Нұр-Сұлтан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың маңыздылығын айтқан Оралбек Қожамжарұлы Иран қазақтары туралы деректі фильм түсіруге демеуші болғанын айтып, алдағы жылдары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында, екі елді мәдени тұрғыдан жақындастыру үшін біршама жобаларды қолға алатынын жеткізді.  
ҚР Сыртқы істер министрі таратқан ресми ақпарат көзіне сүйенсек, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі болып табылатын Өзен (Қазақстан) – Кызылгая – Берекет – Этрек (Түрікменстан) – Горган (Иран) темір жол желісін пайдалану оң ықпалын тигізуде.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері үшін Иран бағыты ерекше маңызға ие. 2015 жылы Иранға қазақстандық астық экспорты 758,2 мың тоннаны, оның ішінде бидай 186,6 мың тоннаны, арпа – 571,2 мың тоннаны құраған. Ал, 2016 жылдың 1 қаңтары мен 22 ақпаны аралығында Иранға 272,0 тонна Қазақстан астығы тиелген.