Елордада белгілі алаштанушы, профессор Қайрат Сақтың екі бірдей кітабы жарық көрді. 

Бұл туралы 24.kz сілтеме жасап, Newsroom.kz хабарлайды.

Алғашқы оқулыққа алаш арыстарының шаруашылық мәселесіне арнап жазған мақалалары, толымды еңбектері топтастырылған. Онда іс жүргізудің, кәсіп игерудің, елді еңбекке баулудың қыр-сыры көрсетілген. Кітапқа енген жазбалар «Қазақ» және «Алаш» газеттерінен алынды. Оқулық авторы оларды мұрағаттардан іздеп тауып, киррил қарпімен басып шығарған. Осыған дейін «Алаш көсемсөзінің» үш томдығы басылған еді. Онда жер, тіл мәселесі және діни мәселе қамтылған. Алаш қайраткерлері сол дәуірде қозғаған өткір мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ. Екінші кітап «Елу деген бір белес» атауымен қалың оқырманға жол тартты. Қайрат Сақтың барлық шығармалары осы оқулыққа енгізілген. 

Қайрат Сақ, алаштанушы, профессор:

– Архивте сақталған алаш көсемсөзіне барлық оқырманның қолы жете бермейді. Оның үстіне, әр саланың ғалымдары, мамандары бар, солардың қолдарына жинақтап беріп, әрі қарай оны талдап, мән-маңызын халыққа түсіндіретін ғалымдар. Біздің өмір бақи атқарып келе жатқан үлкен қызметіміз осы. Алаш қайраткерлері ақталғаннан бастап осы істі қолға алдық. Соның нәтижесінде, алаштың асыл сөздері халықтың санасына егіліп жатыр.