Ғылымнұр Кәдірбайұлы 1997 жылы тамызда дүниеге келген.  Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, филология факультетінің студенті. "Үттегі қақ" атты жыр жинағының авторы. 


Кертолғау 

Ақылдан ұлғаусар мендегі кертолғау,  
Сендегі нәзік жан соған кеп өртенді-ау!... 
Жолдарым кер ағыс, дүние дүмбілез, 
Ешкімге жақпайды сондықтан бұл мінез. 

Шығыстан есетін самалдар аңсауық, 
Барғанын білмеймін молама қанша алып!
Өзімді жоғалттым жүргенде тентіреп, 
Мұра боп қалғаны құр қаңқа, өрті жоқ.

Енді мен қайтейін, ақ бауыр қарлығаш,
Аққанда сен сүрттің көзімен қанды жас. 
Ешкімге айтпауға бекінген ғазал бұл, 
Жаңбыры тірілтіп қалады-ау қазанның. 

Мендегі мүсінді қашап-ап бұл Құдай,
Жанымның нұрларын сімірген мұңлық Ай. 
Солайша фаниден мен мүлде жоғалғам,
Тірілер алдайды сұрама олардан. 

Пәленше көшеде мен жүр деп айтады,
Адамның бәрі ұқсас, білесің жайсаңым. 
Сен сүйген сол адам көкке ұшқан бір түнде,
Жылама, қамықпа, өкінбе, күрсінбе. 

"Менінен" айырылған қаңқамды сүйретіп,
Мен оны іздеймін алапат күй кешіп...
Өзімді бір тауып әкелем түбінде,
Найзағай ойнайтын Алматы түнінде...  



Кеуілдің тілкімдеп мұз қатқан көбесін, 
Өреуіл жаңбырдан жасыңды тересің.  
Алдыңа түсіп-ап жел қуған жапырақ, 
Сүйрелеп барады ауылдың елесін.  

Ауылдың елесі...
Сүгірет өртелген, 
Ауылдың елесі...
Жүректер ерте өлген.
Сабылған көп көлік бәрі де бармайды,
Өзіңді түбінде апарам, еркем, мен. 

Сен күткен күз осы...
Мезгіл ғой тасбауыр, 
Сарғайтқан сағыныш жаныңа батты ауыр. 
Мазалы ауыр ой мұжыған әлемің,
Алматы аспаны секілді ақ шағыр. 

Аяшы, беу, қала аягөз сол қызды,
Тұманға оранып қарсы алма жол күзгі. 
Еменді құшақтап егілсек "әке" деп,
Жанғада шипа ғой алданыш ол біздің. 

Күйіне жаныңды емдетіп Машырық,
Алатау төсіне тігіліп басы бұлт,
Райымбек даңғылын бойлайтын автобус 
Ішінде барасың жасыңды жасырып. 

Түнімен ауылдан хат күтіп елеңдеп, 
Түсіңде адырна тартасың жебең жоқ. 
Тәңертең сол ескі бекетте тұрасың, 
Келмесін білсеңде бір көлік келер деп...
Ауылға апарар...

Жарылу 

Ол күнгі жаңбырдағы жұпар қандай?!
Аңызына айналған уақыттың.  
Есі шығып тәңірде жұтар қанбай,
Періштелер қыдырар ұнатып тым. 

Кездесуге жазылды сорлы бағым,  
Бал минуттар…
Шырқалмас бәрі басқа ән.  
Сиқырлы сазға айналып сендік әр үн, 
Мүсіркеп тұрды мені жарық аспан.

Қайың қыздар - тоқ балтыр, кіл нөкерің,  
Жер жаһанда сұлу жоқ саған жеткен. 
Сездік іштей бұл қимас күн кетерін,  
Жүрек қалды қу жалған обалды еткен.

Сол айлы түн басқа өмір бастау алды,  
Ал кейінгі кешулер мүлде суық.
Жарым санаң менімен бақта қалды, 
Өзің кеттің оралмай түнге сіңіп.

Нәзік жаның барлығын тастады ұмыт,
Жолымыз сан соқпаққа кетіп тарам.
Сол ескі бақ, жаныңда басқа жігіт, 
Мен баяғы өзіңмен өтіп барам.


Үттегі қақ
Тасбауыр мезгілдің табанын жемтірлеп,
Бұл жаққа кәрі күз кеп жатыр төркіндеп.
Үттегі қақпенен көктеген жусан ем,  
Маңдайға бақ сиса сорларма ем мұнша мен! 
Қара жел өтіне маңдайым тосылып,  
Бір зарды булыға шырқаймын қосылып.  

Оны естіп Тәңірдің көзінен жас тамар,                                                                  

Білемін содан соң шын өмір басталар.

Бармағын тістейді, опынар, өкінер,                                                              

Мендегі үміттер бір жолға кесілер.                                                            

Құлыным, болған ең келмейтін жолға асық,                                                           Періштелеріңмен қолдасып...                                                                

 Әлемет нұрларға оранып кетіп ең,                                                            

Қайтара алмайтын жолдар-ай, өкінем.                                                                

Келе ме сарғайып ол жаққа күз деген,                                                            

Бір маусым таптың ба әлде өзің іздеген?!                                                                  

Тірілтсе өлгенді неге өзі болмадым құдайдың, 
Деп ойлап сұп-суық бақтардан құлаймын,  
Жасымды тамызып... 
Таң сәрі қырауды 
Кешем де бастаймын басы жоқ бір әнді.  
Жаны жаз жарқыным, мен сені іздеймін,  
Жоғалған сен емес сары ала күз деймін.  
Көкке ұшып кеттің бе кінәсіз қалпыңмен,  
Жұлдыздар сөйлейді күрсіне қарт үнмен.  
Атады және де шуақсыз шұбар күн,
Сен емес әсілі мен кеткен шығармын. 

Аспан өзені
(Әбіш Кекілбайұлы рухына)

Жетпіс арнаң жеті қаттан саға алған,
Сен көкілсің көк аспанның өзені.
Күн құлындап, желін жарып самалдан, 
Біз айналдық Ғұмыр-Ағаш өзегін. 

Қырық арба сексеуілдің қызуы,
Күйдіргенде қуат алдық От Тәңір. 
Саған түсіп аруақтың құзыры, 
Түпсанадан нұр таратты көп қабыр. 

Ер Тұңғалар неге ажалдан қашты деп, 
Сенде кездің Өтүкеннің даласын. 
Сол жұмбақты табарында тастүнек, 
Иініңді жер тартқанын қарашы! 

Ғазиз жаның жарық дүние қонағы, 
Маңғыл бұлттай көшті аңыздың ақыры. 
Жаңа өмірге жарып шықпақ болады, 
Сөздер ғана қара түннің жатырын. 

Сен өмірге келгеніңше қайта бір, 
Тұрғызамыз біз ғажайып мұнара. 
Бәйгеторы жүйрігіңе айта жүр, 
Аққан көздің жасын енді жуа алам. 

Үлпілдеген қыздар еді Үркерлер, 
Бірге кеттің таңда жерге түскенде. 
Жүректі алған сарсу мұңды жұрт емдер, 
Сен келер деп соңғы жиде піскенде. 

Шыңыраудың қақ түбіне жасырған, 
Жаның қалды ақ семсердің жүзінде. 
Күндерде-күн ғасыр шайқап ғасырдан, 
Біздің арқау жалғанады үзілген. 

Айта-айта Ханша-Дария ертегін, 
Көк түріктер кері қайтып Тұранға... 
Бөрі Ананың еміп қайта емшегін, 
Сен келесің бөрібасты ту алған. 

Қорқыт бабам неге ажалдан қашты деп, 
Сенде кездің Қарт Маңғыстау даласын. 
Сол жұмбақты табарыңда тастүнек, 
Иініңді жер тартқанын қарашы!... 

Рухым менің оралады...

О, қу дала, сен секілді сез менің , 
Жүрегімді бір қасірет кемірді.
Не қыламын көлеңкесі өзгенің ,
Аясынан шығармайтын өмірді.

Еһ, осылай еркіндікті білген күн,
Қаңғып кеттім тораңғылар арасын.
Сол шақта мен өз-өзіме күлгенмін,
Аяп іштей жетім күннің наласын.

Көкірегіме оғы тиіп досымның,
Жете алмадым сорқұдықтың басына.
Аңыраған қобыз дауысы...
қосылдым,
Тұншығуда бақыт мұңның жасына.

Жердің бетін жаулағанда сайтан ән,
Өгей ерлік бұралмады ол да бет.
Мені өмірге іңкәр еттің қайтадан,
Қабіріме бара жатқан жолда кеп.

Қара желі қағынғанда қазанның,
Тоңған мен бе?
Қызыл күрең іңір ме?
Ақ жаңбырлар алар бәлкім мазаңды,
Бал сағыныш...
Дейсің үнсіз күбірлеп.

Жарасы да айығады мезгілдің ,
Екеумізден жазылады ақыр дерт.
Тәңір болып қуанармын мен бір күн,
Түркістанға рухым келе жатыр деп..

 

Автордың ойы редакцияның көзқарасын білдірмейді