Заманының таңғажайып кемеңгер мүсіншісі, суретші, сәулетші әрі ақын Микеланджело Буонарротидің өмір жолы cәтсіздіктермен , келеңсіздіктерге толы болса да тағдыр салған талайына қасқая қарсы тұрып күресе білді, оның өшпес даңқы замандастары қалдырған лепеспен «құдіретті Микеланджело» болып ел есінде мәңгі қалды. Ол 75 жылдың 6 наурызында Флоренциядан оңтүстік-шығысқа қарай 40 миль қашықтықта орналасқан Капрезе қаласында өмірге келді. Бүгінде бұл қала әйгілі суретшінің құрметіне орай Капрезе Микеланджело деп аталады. Оның әкесі Лодовико, ұлының өмірге келер сәтінде Капрезе қаласының әкімі қызметін атқарып жүрді, бірақ қызмет уақыты аяқталғаннан кейін ол туған жері Флоренцияға оралады. Ежелгі Буонарроти әулеті бұл уақытта қатты кедейленген еді, соған қарамастан тәкаппар Лодовико өзін ақсүйек әрі өзгелерден жоғары санап, қарапайым жұмыс істеуден бас тартты. Осылайша, отбасының Флоренция сыртында орналасқан Сеттиньянодағы фермадан түсетін табысқа ғана күн көруіне тура келді.

Сеттиньянода емшектегі Микеланджелоны жергілікті кеншінің әйеліне асырауға береді. Флоренция айналасындағы тұрғындар ежелден кеншілікпен айналысатын, осыған орай Микеланджело «асыраушымның сүтімен бірге мүсіншінің шапқысы мен балғасын бойыма сіңірдім» деп айтқанды ұнататын. Баланың суретшілік қабілеті ерте жастан байқала бастағанды, бірақ ақсүйектік санадан арылмаған әкесі, оның суретші болу туралы тілегіне ұзақ уақыт құлақ аспады. Дегенмен, Микеланджело өзінің табандылығының арқасында суретші Доменико Гирландайоның шәкірті болуға рұқсат алады. Бұл 1488 жылдың сәуір айында болған еді.

Келесі жылы ол қала қожайыны Лоренцо де Медичидің асыранды баласы ретінде өмір сүрген мүсінші Бертольдо ди Джованнидің мектебіне ауысады. Ғажайып Лоренцо (замандастары оны солай атаған) өз заманының білімді әрі өнерлі адамдарының қатарынан еді. Өзінің өлең жазатын қасиеті де бар болатын. Ол жас Микеланджелоның дарынын бірден таниды. Жолы болған Микеланджело, біраз уақыт Медичидің сарайында өмір сүреді. Лоренцо оған туған ұлындай қамқорлық жасайтын.

1492 жылы асыраушысынан айырылған Микеланджело туған үйіне оралады. Бұл уақытта Флоренцияда саяси тұрақсыздық орын алған еді, ақыры 1494 жылы Микеланджело қаланы тастап шығады. Венеция мен Болоньяға сапарлатқан ол, 1495 жылдың соңында кері қайтады. Бірақ, бұл келісі де ұзаққа созылмайды. Жаңа Республикалық басқару қала өмірін тұрақтандыра алмады, оған қоса қаланы оба дерті жайлай бастаған еді. Қаламен екінші рет қош айтысқан Микеланджело өзінің бей-берекет сапарын жалғастырып, 1496 жылдың 25 маусымында Римге келеді.

«Мәңгілік қалада» өткізген кезекті 5 жылы Микеланджелоға ірі табыстар әкеледі. Қалаға келгеннен кейін аз уақыт ішінде Микеланджело кардинал Рафаэля Риариоға арналған «Вакха» мәрмәр мүсініне тапсырыс алады, ал 1498-99 жылдары мәрмәрдан жасалған «Пьета» компазициясына тапсырыс түседі. Осы жұмыстардан кейін Микеланджелоның композициялық шеберлігін бәрі мойындайды. Бұл оның суретшілік иерархиядағы орнын мығымдай түсуге сеп болды. Бұдан кейін «Жерлеу» картинасына тапсырыс түседі, бірақ 1501 жылы Флоренцияға оралған суретші бұл картинаны аяқтамай кетті.

Ол қайтқан уақытта туған қаласындағы жағдай қалыпқа түсе бастаған. Микекланджело Давидтің алып мүсініне тапсырыс алады.

1504 жылы аяқталған бұл тапсырыс, Римдегі «Христосты жоқтау» мүсініне ұқсайтын. «Давид», Флоренциядағы Микеланджело атағының өсуіне себепші болды. Бұл мүсінді, әу баста жоспарлағандай қалалық собордың алдына емес, қала әкімшілігі орналасқан орталыққа, Палаццо Веккьоға қарама-қарсы орнатты. Ол өз азаматтарының бостандығы үшін күрескен жаңа республиканың символына айналды.

Микеланджело алған тағы бір қызықты тапсырыс-Палаццо Веккьоға арнап салынған «Кашине түбіндегі шайқас» картинасы.Оның сюжеті ретінде 1364 жылы Кашине түбінде флоренциялықтардың пизандықтарды жеңген сәті алыну керек болатын. Қызығы сол, Палаццо Веккьоға арналған екінші картинаны (Ангьяри түбіндегі шайқас) салуға Леонардо до Винчи кіріскен еді. Леонардо мен Микеланджело бірін-бірі жақтырмайтын. Осылайша екі ұлы суретшінің бәсекесі басталып кеткен еді. Көпшілік бұл бәсекенің ақырын асыға күтті. Алайда, екі картина да аяқталмаған күйі қалды. Леонардо өзінің жаңа техникасын тәжірибеден өткізген кезде сәтсіздіктерге ұшырап жұмысын аяқсыз қалдырса, Микеланджело «Кашине түбіндегі шайқасқа» керемет этюдтар жасай тұра, 1505 жылы ІІ Юлия папаның оқыс шақыртуынан кейін Римге аттанып кетеді.

Бірақ, Микеланджело айтылған жерге 1506 жылдың қаңтарында ғана жетеді. Жол бойы Каррар кеніштерінде болып, ІІ Юлия папаның мазарына арнап мәрмәр сұрыптайды. Алғашында Микеланджело мазарды 40 мүсінмен әшекейлеуді ойластырады, бірақ, аз уақыттан кейін папаның бұл жоспардан көңілі қалады, ал 1513 жылы ол өмірден өтеді .Енді суретші мен өлген папаның туысқандары арасында бітіспес дау басталады. Дегенмен, Микеланджело 1545 жылы мазарды, алғаш ойлағанындай болмаса да, аяқтап шығады. Бұл оқиғаны кейіннен суретшінің өзі «мазар трагедиясы» деп атап кеткен.

Есесіне, ІІ Юлия папаның басқа тапсырысы Микеланджелоның зор табысына айналды. Ол, Ватикандағы «Сикстин капелласы» еді. Оны суреші 1508-12 жылдары орындап шықты. Фресканы көрермендер алдына шығарған сәтте,олар бұл жұмысты адам қуатынан асып түскен туынды ретінде бағалады.

ІІ Юлиядан кейін папа тағына отырған Х Лев (Медичи) 1516 жылы Флоренциядағы Сан-Лоренцо шіркеуінің қасбетін жасау үшін Микеланджелоға тапсырыс береді. 1520 жылы Микеланджелоның дәл осы жұмысқа арнап жасаған нұсқасы қабылданбай қалады, бірақ, бұл жағдай суретшінің дәл сол шіркеуден жаңа тапсырыстар алуына кедергі келтірген жоқ. Осындай тапсырыстардың біріне ол 1519 жылы кіріседі, бұл Медичи мазары болатын. Екінші ірі тапсырыс Медичилер әулетіне тиесілі құнды кітаптар мен манускриптерді сақтауға арналған әйгілі Лауренциана кітапханасы.

Осы жобалармен айналысқан Микеланджело, уақытының көп бөлігін Флоренцида өткізді.

1529-30 жылдары ол қаланың қорғаныс құрылысына жауапты болды. Бұл кезде 1527 жылы қаладан қуылған Медичилер әскерімен қақтығыстар болып жатқан еді.1530 жылы Медичилер қала билігін өздеріне қайтарып алған кезде, Микеланджело жан сауғалап, қаладан қашуға мәжбүр болады. Алайда VII Климент папа Микеланджелоның қауіпсіздігіне кепіл етіп, суретші аяқталмаған жұмыстарына оралады.

1534 жылы Микеланджело мәңгілікке Римге оралады. Сикстин капелласының қабырғасына «Жексенбі» сөзін жаздырмақ болған VII Климент папа, суретші қалаға келген күннің ертесіне өмірден өтеді. Жаңа папа ІІІ Павел «Жексенбі» сөзінің орнына «Үрейлі сот» сөзін жазуға тапсырыс береді. 1541 жылы аяқталаған бұл үлкен фреска,кезекті рет Микеланджелоның данышпандығын дәлелдей түсті.

Өмірінің соңғы жиырма жылын ол түгел дерлік архитектураға арнады. Сөйте тұра Ватикандағы Паолина капелласына екі керемет фреска салып үлгерді.1546 жылдан бастап Микеланджело Римдегі әулие Петр соборының реконструкциясымен айналысты.Өзінен бұрынғылардың бірқатар идеяларынан бастартқан Микеланджело, соборды жасаудағы өзіндік бейнгелерін ұсынды. 1626 жылы толыққанды аяқталған собор келбеті Микеланджело ойының жемісі болып табылады.

Микеланджело қашан да, терең сенімнің иесі болатын; өмірінің соңғы сәттерінде ол дінге көп көңіл бөле бастайды. Оған дәлел ретінде соңғы жасалған жұмыстарынан байқауға болады. Олар бағандағы керілген мүсіндер мен екі скульптуралық топтан тұратын «Пьета» суреттер сериясы. Біріншісінде суретші Иосиф Аримафейскийдің образында өзін бейнелейді. Ал екінші скульптураны аяқтауға суретшінің ғұмыры жетпеді. Микеланджело 89 жасқа келіп 1564 жылдың 18 ақпанында о дүниелік болады.

Қасиетті отбасы

(Дони тондасы)

Шеңбер пішінді келетін картинаны немесе рельефті, «тондо» деп атайды. Бірақ, біздің сөз еткелі отырған жұмысымыз тондо деп айтуға келмейді. Микеланджело бұл туындының биіктігін көлденеңінен ұзын қылып жасаған. Туындының аты, өз тойына арнап картинаға тапсырыс берген дәулетті флоренциялық тігінші Аньоло Донидің құрметіне қойылған. Картинаның жақтауын Микеланджелоның өзі жасаған болуы, әбден, мүмкін. «Дони тондосы» әйгілі суретшінің ағашта орындалып,біздің заманымызға дейін жеткен жалғыз туындысы ретінде танымал.Оның күрделі композициясына көз жүгірткен көрермен, Микеланджелоның суреткерлік шеберлігіне таңдай қақпай тұра алмайды. Дегенмен, кейбір сыншылар, жұмыстың түсі тым қанық берілген деп есептейді. Бұл туындыға қатысты әлі сыры ашылмаған көптеген жұмбақтар бар. Соның негізгісі, артқы фонда көрсетілген жалаңаш тәнді жеткіншектер бейнесі. Кейбіреулер оларды «періште» дейді, ал біреулер, керісінше, олар пұтқа табынушылықтың символы деп есептейді. Соңғы пікірге сүйенсек, бұл бір-біріне қарама-қарсы, христиандық пен пұтқа табынушылықты көрсететін туынды деп атап, картинаның мәнін ашуымызға болатын еді.  

Дельфийлік көріпкел

Микеланджело қолынан шыққан «Сикстин капелласының» әр бұрышында пайғамбарлардың алып мүсіндері орнатылған, олармен бірге дәл сондай көлемдегі көріпкелдер мүсіні қойылған (пұтқа табынушы көріпкелдердің көпшілігі Исаның келетінін болжап кеткен). Бұл тақырыпта жасалған ең алғашқы әрі ең сәтті туынды «Дельфийлік көріпкел» болып табылады. Оның қолын көтере отырған маңғаз кейпі, Дони тондосындағы Пәк Мәриямның мүсінін еске түсіреді. Өзінің,1965 жылы жарыққа шыққан, Микеланджелоның живописьтік жұмыстары жайлы кітабында Фредрих Хартт, бұл туындыдағы кейіпкерді былайша суреттейді: «Бір ғана ерекше қозғалыспен дельфийлік әйел бізге бұрылады... Оның толқынданып тұрған шашы мен жадағайы, жалындаған Рухтың көрінісі іспеттес... Сифилланың орасан сол қолы мен оның серігінің керемет сәнделген арқасы фресканың басқа мүсіндеріне қарағанда ерекше әсер тудырады».

Сикстин капелласына жуырда жүргізілген реставрациялық жұмыстан кейін, картинаның кереметтілігі қалпына келтірілген түстермен айшықтала түскен.

Үрейлі сот

Бұл алып фреска (сол замандағы ең үлкен картина) ІІІ Павел папаның тапсырысымен жасалған. Ол Сикстин капелласының шығыс қабырғасын толығымен алып жатыр, әрі өлгеннен кейін

күнәһарларға болатын қорқынышты жазаны көрсететін 300-ден астам бейнені қамтиды. Картинада анасымен отырған Христостың айналасындағы әулиелермен бірге көрден тұрған өліктерді жазалау үстіндегі сәті көрсетілген. Ғажайып фресканың жамылығысын 1541 жылдың 31 қазанында алады.Елдің айтуынша,фресканы көрген ІІІ Павел папа, ұлы туындының алдында тізе бүккен деседі. Джорджо Вазари Микеланджелоның жаңа жұмысы «бүкіл Римде үлкен таңданыспен әрі қошеметпен қабылданғандығы туралы жазады». Дерек бойынша,жұмыс аяқталғанға дейін көптеген дін қызметкерлері жалаңаштанған бейнелерді көріп,Фресканы сынға алған. Ақыр соңында олардың көзқарасы жеңіске жетіп, Миеланджелоның өліміне бірнеше апта қалғанда фрескадағы кейбір кейіпкерлердің «ұятты жерлерін жабу» үшін белдемше салдыру туралы шешім қабылданады. Бейнелерді «киіндіру» Даниэле да Вольтерраға тапсырылады.Осы жұмысынан кейін бұл суретші «шалбарлар суретшісі» деген ұнамсыз есімге ие болады. 1590 жылдары VII Климент папа «Үрейлі сотты» толығымен өшіруді ойлайды,бірақ айналасындағылар оны бұл істен бас тартуға көндіреді.

Әулие Петрдің бағандалуы

«Әулие Петрдің бағандалуы» Микеланджелоның ақырғы картинасы болды.Петр б.э. 64 жылы христиандарды қуғынға салушы император Нерон басқарған Римде өлім жазасына кесілгенді. Апостол өзін бағанға басын төмен қаратқан күйде керуді сұрайды, өйткені өзін Христостың өлімімен өлуге лайық емеспін деп санайтын.Тарихтағы осы оқиға көптеген суретшілердің бас ауруына айналды,себебі, олардың төмен қарата салған Петр бейнесі біршама күлкілі көрінетін. Ал, Микеланджело Петрді көтеріліп келе жатқан бағанға бейнелеп,бұл қиындықтың тамаша шешімін таба білді. Әулиенің ерекше бейнесі композицияның қақ ортасын, негізін көрсетеді, ал қалған бейнелер ортадағы мінсіз, алып дөңгелекке еріксіз тартылып тұрғандай әсер қалдырады.

Адамның жаратылуы

Шедеврлердің ішіндегі бұл шедевр батыс еуропа мәдениеті символдарының біріне айналды.Джорджо Вазари Адамды «оның денесі мен картинадағы қимылы,қарапайым пенденің қылқаламынан емес,жаратушының өз қолынан шыққандай әсер қалдырады» деп суреттейді.

Керемет салынған Адам бейнесі әлі қозғалыссыз, өмірлік қуаттан айырылған кейіпте, ал оған көктен айнала періштелер қоршаған Әке-Құдай жақындап келеді.Адамның қолы еріксіз тізеде жатыр. Өз жаратылысының бойына Қасиетті Рухты үрлеп салу үшін жаратушы қолын созып келеді, екі қол бір-біріне тиюдің сәл-ақ алдында тұр.

Осы, сәл ғана тимей тұрған қос қол картинаның өн бойына үлкен мән беріп тұр. Бұл аралыққа зер сала қарасаң денеңнен тог жүріп өткендей әсерде қаласың.Сол сәтте, бізге, құдіретті күш бос аралықты жарып өтіп, алғашқы адамның бойына өмірлік қуат бергелі тұрғаны сезіледі.

 

Аударма: Runa Academy