Солтүстікке көшкендерге жер беру бастамасы кәсіпкерлерді қызықтыруы керек

Теріскейге көшкен ағайындар болашаққа сеніммен қарауы үшін осындай нақты қадамдар қажет.

Солтүстікке көшкендерге жер беру бастамасы кәсіпкерлерді қызықтыруы керек
Солтүстікке көшкендерге жер беру бастамасы кәсіпкерлерді қызықтыруы керек

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды Жолдау жасау арқылы қоғамдағы сан түрлі сұрақтарға жауап берді. Алдағы жұмыстарды, жоспарларды саралады. 
Биыл елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы жалпыхалықтың қатысуымен өткені белгілі. Бұл демократиялық қадам әрі қарай жалғасын табады. Енді жыл сайын мерзімінің келуіне орай облысымыздағы 181 ауыл әкімі тұрақты түрде сайланады. Ал  2024 жылы пилоттық жағдайда аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Әйелдер, жастармен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да квота бөлініп, Парламентке, жергілікті мәслихаттарға депутаттыққа ұсынылады. Бұл бағытта «Nur Otan» партиясы биылғы сайлаулардың өзінде ауқымды жұмыс атқарып, оң нәтиже көрсетті. Қоғам да саяси реформаларды оң бағалап отыр. 
 Президентіміз жұртшылықты алаңдатқан жайылым жер, субсидия, көші-қон мәселелеріне де тоқталды. Субсидия берудегі кемшіліктерді жойып, шаруаларға шынайы көмек беру керектігіне тоқталды. Әсіресе, Солтүстікке көшкен азаматтарға жер беру жөніндегі бастамасы өте орынды. Бұл – стратегиялық мәселе. Теріскейге көшкен ағайындар болашаққа сеніммен қарауы үшін осындай нақты қадамдар қажет. Осы арқылы алдағы уақытта ол өңірлерге ірі кәсіпкерлеріміз де қоныс аударып, ауыл шаруашылығы кластерін дамытып, жұмыс орындарын ашатыны анық. «Жеке бизнеспен айналысқысы келетін қоныс аударушыларға белсенді түрде көмектесу керек. Сондай-ақ, оларға үй салу үшін ғана емес, ауыл шаруашылығы қызметі үшін де жер учаскелерін беру мүмкіндігін қарастыру, мемлекеттік бақылау шараларына неғұрлым кең қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет», – деді Президент. Өте орынды әрі маңызды тапсырма. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарып келеді. Жауапты басқармамен бірлесіп, барлық аудан, қалаларда «Еңбек» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Биылдың өзіне теріскейге көшкісі келгендерге 6039 квота бөлініп отыр. 
Қасым-Жомарт Кемелұлының елдің әлеуетін көтеру бағытындағы бастамаларын да жоғары бағалаймыз. Неге десеңіз, партиямыздың қабылдау бөлмелеріне әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар жиі келіп, көмек сұрайды. Яғни, проблема өте тереңде жатыр. Eң төменгі жалақының 2022 жылдың 1-қаңтарынан бастап 60 мың теңгеге өсуі, мәдениет саласы қызметкерлері, мұрағат қызметкерлері мен кітапханашылардың жалақысын 2025 жылға дейін жылына 20 пайызға өсуі әлеуметтік мәселені түбегейлі шешпесе, де елдің ырысын арттыра түсетіні сөзсіз.

Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
1
love
1
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0