Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы Бектұрдың естелігінен:

Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы Бектұрдың естелігінен:
Мен қазақтың ұлы жазушысы Жүсіпбектің баласымын дегенді әрқашан да мақтан еттім. Менің азамат болып қалыптасуым Башқұртстанда, Татарстанда өтті. Әкем ұсталып кеткен соң мені башқұрт зиялылары Уфаға әкелді, солардың қолында тәрбиелендім.
Осы ағайындардың тәлімі менің қазақшыл болуыма ықпал еткендігі де шындық.
Кәсіп адамға жаратқан тарапынан нәсіп етіледі. Мен кезінде Совет одағындағы ең мықты деген жүз электриктің бірі болғам.
Мені Уфада Мәскеуден келген атақты орыс инженері оқытты, еңбекқұмарлығымның арқасында кәсібімнің шыңына шықтым. Бірақ, мені түрмеге түсіріп, түбіме жеткен де осы электрик мамандығы!
Мен қабілетімнің арқасында арнайы өткізілген конкурсқа қатысып, қатарластарымнан оқ бойы озып, Қазан қаласындағы С.П.Горбунов атындағы соғыс ұшағын жасайтын жабық зауытқа 1936 жылы 12 қазанда жұмысқа қабылдандым.
Бұл зауыт сол кездегі әлемдегі ең мықты ұшақ өндіретін зауыт еді. Жалақым да, тұрмысым да түзеліп сала берді. Ақыры қырсық шалды, 1937 жылы үстімнен арыз түсіп, "Контреволюционер Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы жабық зауытта шпиондық жасап, Совет мемлекетіне қастық жасағалы жүр" деген жаламен ОГПУ тексеріп, Ақтеңізге абақтыға айдалып кете бердім.
1937 жылы 30 желтоқсанда 10 жылға бас бостандығымнан айырды.
Бауырым Жанақ мектепте математик болды, ол Мәскеуде жоғары математикадан өмірбақи сабақ берді, көкесі Әлімхан Ермековтың жолын қуды. (Оны әскери зауытта істемегендіктен ешкім тексере қоймаған болар).
Қазір Мәскеуде Можайское шосседе тұрады.
21 жасымнан тұтқындалып, Ақтеңіздің Соликамск, Ныроб лагерінде 1948 жылдың қаңтарына дейін болдым. Онда атымызды айтпайды, арнайы нөмермен шақырады. Сібір аязы ақырып тұрады, минус 72 градусқа дейін суық болады.
Әкем Жүсіпбек етік шебері, суретші болған. Ол кісі менің алғашқы сауатымды ашқан. Біз лагерьде неміске қарсы соғысайық деп 1943 жылы арыздандық, ешкім құлақ аспады, керісінше азаптай түсті.
Бір күні бір генерал келді, мен оның суретін акварель етіп салдым. Ол таң-тамаша болды, қол астындағыларға маған жылы қарауға тапсырма берді. Міне, әке үйреткен өнердің де абақтыда шапағаты тиді...
***

Менің әкем орта бойлы, қою қара шашты, мұртты жігіт болатын. Ол кезде жасы қырықтан асқан, күлгенде жүзі нұрланып кететін, мөлдір жанарынан мейірім төгіліп тұратын сұлу жігіт еді. «Бақа көлге» шомылатын.
Әкемді 1930 жылы Қызылорда қаласында тұтқындап, мәскеуге алып кетті. Мен Қазақстаннан қашып, жан сауғаладым. Әкемнің бір сұлу таныс келіншегі бар еді. Әкем ұсталған соң, Башққұртстанның Туимазин ауданына баруыма сол әдемі келіншек Фарида Кушимова көмектесті
***

Мен өздiгiмнен жасырынған жоқпын, менi жасырды. Ескi даудың кәрi ағаштай тамыры тереңде жатады. Ұзақ уақыт ормандай орыс арасында жүруiм менi Виктор атануыма алып келдi, бiрақ мен онымен орыс болып кеткен жоқпын.
Мәселе атта емес, фамилияда! Басыма қанша қауiп төнсе де, мен сол ардақты фамилияны ұстап қалдым, соған разы болыңдар, айналайын! Рас, мен Жүсiпбек Аймауытовтың тұңғышымын. 1916 жылы Семей қаласында әкемiздiң бiрiншi әйелi Вера Волковадан тудым. Анам менiң атымды Виктор, ал 1920 жылы туған iнiмдi Евгений деп атап кетiптi.
Анамызды көп жерлерде өлдiге санайды. Шындығында, әкемiз бiздiң шешемiздi бiлiмi болмағандығы үшiн тастап кеткен. Онысымен қоймай бiздi анамыздан бөлек алып кетiп, Баянауылдан қырық шақырым жердегi туған ауылына апарып, ағайынға қосқан.
Ауылда менi «Бектұр», Евгенийдi «Жанақ» деп атап кеткен. Баянауылда әкемiзге арналған мұражай бар. Сонда оның барлық құжаттары сақталған.
Әкемiз бiздi Баяндағы туыстарына тастап, өзi Орынбордағы жоғары әскери-офицерлер мектебiне қызметке орналасады. Ол осында психология пәнiнен сабақ бередi. 1924 жылдың 21 қаңтарында әкемнiң туған жиенi Мәруа Жаров менi Баянауылдан Орынборға әкеме алып келедi.
Әкем осы аралықта Евгения Сермұхамедова деген қазақ тәрбиесiнде өскен жетiм қызға үйленiп алыпты. 1925 жылы көктемде Мәруа ендi Орынборға iнiм Жанақты алып келедi. Бiз ол кезде әскерилерге арналған шағын пәтерде тұрғандықтан, Жанақты өгей шешемнiң әкесi Сермұхамедтiң тәрбиесiне бередi.
Муза әкемiздiң екiншi әйелiнен туған қызы. Жанақтың кейiнгi өмiрi туралы көп бiле бермеймiн. Бiр нәрсе анық, ол өте бiлiмдi болған көрiнедi. Елге қайтуға дайындалып жүргенiмде Мәскеуге барып қайттым. Онда Жанақтың екi қызы тұрады.
Қыздар туысшыл ғой, жақсылап сыйлап, күтiп алды. Бiр қызы Мәскеудiң бiр институтында жоғары математикадан сабақ бередi. Бар бiлетiнiм осы ғана, ол бiр қиын кездер едi ғой...
***

|Ол кезде мен тоғыз жаста едiм, ал Жанақ бес жаста болатын. Жанақ кемпiр-шалдың тәрбиесiнде болғандықтан оның жүрiп-тұруы еркiн болуы мүмкiн, ал менiң жағдайым әскери тәртiпте болды. Өгей шешем әр қимылымды аңдып, «нан жегiң келсе, менен сұрап аласың, өз бетiңмен нан жеушi болма» деп зекiп отыратын.
Онысын әкеме айтуға қорқатынмын.
Бiрде Орынборда әкем екеумiз келе жатқанда мынадай жағдай болды. Көшеде бiр ғимараттың жанында бiр топ қазақтың жап-жас қыздары жиналып қалған екен.
Әкем олардың жандарына барып, жағдайларын бiлiп қайтты. Мәселенiң нендей бағыт алғанын бiлмеймiн, әкем менi ауланың iшiне қалдырып, өзi оқу орнының басшыларымен сөйлесуге кетiп қалды.
Бiр уақытта менiң жаныма бойшаң келген, етжеңдi әйел келiп: «Сен Аймауытовсың ба?» деп сұраудың астына алды. Бала көңiлiм не дейiн, «иә, Аймауытовпын» дедiм. Сол-ақ екен әлгi әйел жедел басып алға кетiп қалды.
Әкем келген соң, болған жағдайды сол күйiнде айтып бердiм. Әкем сәл ойланып тұрды да, «мен оның кiм екенiн бiлемiн» – деп абдырады да қалды. Сол күнi түн ортасында әкем менi ұйқыдан оятты да, бiз темiржол вокзалына жаяу тартып кеттiк.
Вокзалға екi жарым сағат жаяу жүрiппiз. Әкем екеумiзге Ташкентке билет алды да, сол күнi жүрiп кеттiк. Осы күнге дейiн оның себеп-салдарын бiлмеймiн, негiзi әкем чекистерден (ГПУ-ден) қашса керек. Ал әлгi әйел солардың жансызы болған сияқты.
***

Ташкент қаласында әкеме Ауыл шаруашылығы институтының директоры келiп: «Жүсiпбек, Орынборда сен психологиядан сабақ бердiң, маған психолог керек емес, сен менiң балаларыма ауыл тiлшiсiнiң қызметi жөнiнде дәрiс оқысаң дұрыс болар едi» дегенi есiмде қалыпты.
1926-1928 жылдары Шымкент қаласында тұрдық, ол да бiр дәуiр. 1928 жылы Қызылорда қаласына көшiп келiп, осындағы Карл Маркс көшесiндегi 45 үйде тұрдық. Әкем бiрден газетке жұмысқа тұрды. Осында Ахмет Байтұрсынов атамды, Мұхтар Әуезовтi, Иса Байзақовты көрдiм.
Ахмет атам өте балажан болатын, менi екi тiзесiне алып отырғызатын. Өте биiк, өте көркем кiсi едi. Бiздiң үйдiң iшi Мiржақып Дулатовтың үй-iшiмен жақсы араласатын. Әлi есiмде, әкем 1925 жылы жазда менi Мiржақып ағайдың отбасымен бiрге Торғай, Қостанай өңiрлерiне демалысқа жiбердi.
Торғайдың меңiреу даласында адасып кетiп, кешкiсiн өрiстен қайтқан сиырларға ерiп, ауылға келгенiм де есiмде. Мiржақып ағайдың қызы Гүлнәр Дулатова екеумiз Орынборда қазақ тәжiрибе-үлгi мектебiнде қатар оқыдық.
Мектепте орысша оқып, 75 жыл сары орыстың арасында жүрсем де қазақша жақсы бiлемiн. Оған мақтануға болмас, осындағы өз ана тiлiн бiлуге ұмтылмайтындарға әдейi көз қылып айтып жатқаным ғой.
***

Әкем атылған кезде менiң жасым 14-те болатын. Шымкент қаласында бiзбен көршi тұратын үйге бiр татар кемпiрi қонаққа келген екен. Менiң өгей шешеммен танысқан әлгi татар кемпiр: «балаңды маған бер, электр мамандығы бойынша оқытып берейiн» дептi.
Анам бiр сөзге келмей, татар кемпiрге менi iлестiрiп жiберiптi. Содан мен Башқұртстанда екi жыл оқып, татар кемпiрдiң қолында тұрдым. Үйренгенiм көп, алған мамандығым өмiрiме азық болды.
***

Біз тұрған көшенiң аяқ шенiнде Ахмет ағайдың үйi тұрды. Бiр күнi әкем екеумiз Ахмет атамның үйiне қонаққа бардық. Үйде бiршама кiсiлер болды. Бiр кезде әбден қызып алған Ғаббас Тоқжанов жазықсыздан-жазықсыз менiң әкеме тиiсiп, «контрреволюционер» деп отырғандардың шырқын бұзғаны есiмде қалыпты.
Мен қорыққанымнан айқай салып, жылап жiбергенiм де есiмде. Ахмет атам өте қарулы iрi кiсi ғой, шыдамы таусылса керек, бiр кезде Ғаббас ағаны желкесiнен алып, жұлқи түскенi де көз алдымда күнi кешегiдей қалып қойыпты. Бiз түн iшiнде қонақтан көңiлсiз қайттық.
Жолай Мiржақып ағайдың үйiне соғып, қорада тiгулi тұрған киiз үйдiң iшiнде түнеп шықтық. Әмiре Қашаубаевты да көрдiм. Әкем Әмiре ағамен Семейде қатар жүрген көрiнедi.
Ғаббас Тоқжановтың кейiн өзi де iстi болды ғой. Өмiрде әлдеқандай жамандық болса, өзiңе оның себебiн түсiндiрiп көршi, сонда жаның жай табады, бiрақ мен оның шешуiн таба алмадым. Сондықтан iшiм алай-дүлей.
Бұл жерде қызғаныш болған сияқты. 1924 жылы әкемiз Орынбордың қазақ жоғары әскери-офицерлер мектебiнде сабақ бередi. Үстiнде әскери киiм, отбасымен әскери пәтерде тұрады. Оны мектепке алып келу үшiн атты әскермен ерттелген ат жiбередi.
Тәуiр жалақы алады. Осының бәрiн көре алмаған Ғаббас Тоқжанов «Ж.Аймауытов ашыққандарға арналған ақшаны жеп қойды» деп iштарлықтан шыдамай жала жапқан.
1924 жылы күзде Қызылордада Ж.Аймауытовқа сот болған. Сот әкемiздi ақтап шығарған.
***

Әкем 1929 жылы 10 сәуiрде Қызылордада ұсталды. Мен ол кезде 13 жастамын. Бала болсам да есiмде қалыпты, мектептен үйге келсем, үй-iшi абыр-сабыр, қағаз-кiтаптар шашылып жатыр. Бiрдеңе iздеген сияқты, тiнту жүргiзiлiп, артынша әкемдi алып кетiптi.
Әкемдi алдымен Алматыға, содан соң Мәскеуге әкетiптi. 1930 жылы маусымда «сол жақта атылды» деген хабар да жеттi. Сталиндiк қаралы жылдары, одан кейiнгi жылдары да ол жайында шындықты айтуға болмайтын едi.
***

1929 жылы шешем екеумiз әкеммен кездесу үшiн Алматы түрмесiне келдiк. Бiз келгенде бiр топ тұтқындарды вагонға тиеп жатыр екен. Кейiн Мәскеу түрмесiнен де бiрнеше хат келдi. Бiр хатында: «у меня кровохарканье появилось» деп жазыпты. Хатты оқыған шешемнiң шешесi:
«Здоровье у Жусупбека было хорошее, это его там избивают, поэтому он кровью харкает» деп отыратын. Осыдан соң бiз Мәскеу түрмесiне сары май салып жiбердiк. Түрме басшылары бiздiң жiберген азық-түлiгiмiздi қабылдамай, кейiн қайтарып салып жiберiптi.
Арада бiрер ай өткесiн түрмеден бiзге «Жусупбека Аймауытова нету в живых» деген хабар келдi. Не iстей аламыз, бiз оған да көндiк.
***

Уайым-қайғысыз ырду-дырду өмiрге араласуым менiң қоғамды жақсы көретiндiгiмнен емес, өзiмнен-өзiм қашуым үшiн керек, – дептi бiр пақыр. Сол айтпақшы, 1937 жылы Қазан қаласында «халық жауының, алашордашының баласы» деп он жылға сотталдым да кете бардым.
Жасым ендi ғана 21-ге толған кезiм едi. Не керек, содан бергi 40 жыл бойы «халық жауының баласы» болып жүрдiм. Елге келуге қорықтым. Айдауда ең ауыр жерлерде Соликамск, Ныроб лагерьлерiнде отырдым. 1943 жылы өз еркiммен соғысқа сұрандым.
Дәрiгерлер менi тексере келiп: «Не годен, ноги опухшие» деген қорытынды жасады. Ауыр жұмыстан, аштықтан, суық, ыза жерде төсексiз жалаң тақтада жатқандықтан аяғымның iсiгi де бар едi.
1988 жылы әкемнiң адал есiмi қайтарылып, ақталды. Ал 1994 жылы 25 қарашада Қазан қаласында Татарстан Республикасының Прокуратурасы менi дәлелсiз қудаланған, – деп ақтап шығарды. Не болса да өмiрдiң еркiндiгi жасампаздық пен тiршiлiкке негiзделген өмiрдiң еркiндiгiнен азырақ екенiн ендi бiлдiм.
Алайда мыңдардың iшiнен бiр адам ғана бүгiнгi күнге лайық нағыз өмiр сүрудiң сырын бiлетiнiне сенiмiм мол. Бiздiң көбiмiз өткен өмiрiмiзде жоғалтқан қуаныштарымызға өкiнумен немесе орынсыз жасалған iстерiмiзден ұялумен, болмаса болашақты армандап, ертеңгi күннен қорқумен өткiземiз. Осының бәрiн өз басымнан өткердiм, бiрақ бәрi бостекi қиял, үрей екен.
***

Әкем жайшылықта қолына домбырасын алғанда: «Балам, не ойнап берейiн?» деушi едi. Мен болсам: «Торайғырды» деп жауап беретiнмiн. Ол жымиып күледi де, «Торайғырды» тартып беретiн.
Әкем «Қызыл бидайды» да, «Балқадишаны» да, «Қараторғайды» да, «Дударайды» да еркiн ойнайтын, мен мәз болатынмын. «Қызыл бидай» мен «Қара торғайды» ол өзi шығарған.
Әкем менiмен тек қазақша сөйлесетiн.
Ол сонымен бiрге ғылым мен техниканың барлық түрiне қызығушы едi. Оның үйдегi кiтапханасында «Константин Эдуардович Циалковский» дейтiн кiтабы болатын. Қолы сәл босаса, сол кiтапқа үңiлетiн.
Баламын ғой, бiрде әкемнен: «Әке, бiздiң күннен басқа да күн бар ма?» деп сұрағаным бар. Ол ашуланбайтын, нәтi педагог адам ғой, асықпай жауап беретiн. Менiң сұрағыма: «Аспанда тағы күн бар, оны астрономия ғылымы – Ригель дейдi.
Ол түнде аспанда кiшкентай жарық көгiлдiр жұлдыз болып көрiнедi. Жерден өте алыс, бiрақ бiздiң күннен өте үлкен. Егер оны бiзге жарық түсiрiп тұрған күннiң орнына қойса, ол жер жаһанды күйдiрiп жiбередi» деп түсiндiретiн.
***

Әкем психология ғылымының мәнiн түсiндiру үшiн оқу құралы ретiнде ғылыми тұрғыда негiзделген «Психология» еңбегiн қазақ тiлiнде жазып шыққан тұңғыш адам.
Олардың iшiнде «Тәрбиеге жетекшi» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесi және өнер таңдау» (1926) атты еңбектерi бар. Бұл зерттеулер –қазақ тiлiндегi алғашқы зерттеулердiң бiрi.
Бұл кiтаптардың бәрiн мен Ахмет Байтұрсынов атамның үйiне барғанда оның жазу үстелiнiң басынан көретiнмiн. Сонда ойлаушы едiм, үп-үлкен кiсi де өзiнен кiшi адамның кiтабын оқиды екен-ау деп…………………

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
3
dislike
1
love
2
funny
0
angry
0
sad
2
wow
0