Түркістан: 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктер үш мекенжайда заңдастырылады

Түркістан: 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктер үш мекенжайда заңдастырылады
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру бойынша брифинг өтті, деп хабарлайды Turkistan Today.

Баспасөз мәслихатында Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков шетелдік автокөліктерді заңдастырудың ерекшеліктеріне тоқталып, ол көліктерді облыс бойынша қайда заңдастыру керектігін айтты.

– Қазіргі таңда шетел автокөліктерін біржолғы заңдастыруды өткізу жөнінде тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіліп жатыр. Заңдастыру үдерісі келесі жылдың басынан шілде айына дейін жүргізіледі. Оған іздеуде жүрген, кедендік тазартудан өтпеген және 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген автомобильдер жатпайды. Ал тіркелуге жататын автокөліктерге келсек, олардың шыққан жылына және экологиялық класы бойынша талаптар қойылмайды. Рулі оң жақта орналасқан көліктер де заңдастырылуға жатады. Облыс бойынша 3 мекенжайда, яғни Түркістан, Сарыағаш қалаларындағы, сондай-ақ, Сайрамдағы Ақсукент елдімекенінде орналасқан ХҚКО-да көліктерді заңдастыруға болады, - деді Алмасхан Мамбетұлы.
Спикердің айтуынша, заңдастырудан өтпеген көліктер елден шығарылуы тиіс немесе оларды бөлшектеп сату керек болады.

Сонымен қатар, іздестіру базалары бойынша құжаттар мен көлік құралын тексергеннен кейін автомобиль арнайы ХҚКО жанынан тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Содан кейін алғашқы алым, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баждар, сондай-ақ қажет болған жағдайда кедендік баждар төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі. Тіркеу үшін бастапқы төлем 200 мың теңгені құрайды. Ал техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін 13 171 теңге төлеу қажет.

Бірде-бір елде есепке алынбаған шетелдік автомобильдер де тіркелуге жатады. Бұл ретте, олар криминалдық есептер, яғни оның ұрланбағаны, кепілге қойылмағаны бойынша тексеріледі.
Айта кетейік, Ресей Федерациясынан елге келген 300 мыңға жуық көліктің 12 мыңнан астамы Түркістан облысында жүр. Сондай-ақ, өңірде армениялық 500-ден астам көлік бар.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0