Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) QS World University Rankings: Asia 2026 аймақтық рейтингінде 61-орынға көтерілді. Былтыр оқу орны 65-орында болған. Осылайша, университет Азиядағы 1526 жоғары оқу орны арасында өз беделін нығайтып келеді.
Биыл QS рейтингіне 44 қазақстандық жоғары оқу орны енген.
ЕҰУ ерекше нәтижеге қол жеткізіп, «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіші бойынша Азияда 26-орынды иеленді. Бұл түлектердің еңбек нарығындағы сұранысының жоғары екенін дәлелдейді. Сондай-ақ, университет «Оқытушылар мен студенттер арақатынасы» және «Шетелдік оқытушылардың үлесі»бойынша топ-50 құрамына кірді.
Халықаралық ынтымақтастық пен студенттік мобильдік саласында да ілгерілеу байқалады. Мәселен, «Шетелге оқуға кететін студенттердің үлесі» көрсеткіші 90 позицияға, ал «Шетелден оқуға келетін студенттердің үлесі» 39 позицияға жоғарылады. Бұл академиялық алмасу мен серіктестік бағдарламалардың табысты дамып келе жатқанын көрсетеді.
«ЕҰУ-дың QS Asia рейтингіндегі жетістігі – университеттің білім сапасы мен ғылыми ықпалын арттыру бағытындағы жұмысына қуатты серпін береді», – деді ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов.
Сондай-ақ, «Халықаралық ғылыми коллаборациялар индексі», «Бір жарияланымға шаққандағы дәйексөздер саны» және «Бір оқытушыға шаққандағы жарияланымдар саны» көрсеткіштері де жақсарған.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.