Қазақстанда баспананың жетіспейтіні туралы үнемі жазылып жүр. Бұл мәселе үкімет деңгейінде көтеріліп, президент саладағы мәселелерді шешу қажеттігін айтып, «Өз шаңырағың қол жетпес арман болмауы керек» дейді. Өйткені, қауіпсіз және қолжетімді баспанамен қамтылу Қазақстан ұмтылатын БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының негізгі көрсеткіші.
Сонымен қатар, 2022 жыл ҚР тұрғын үй құрылысы үшін айтарлықтай пессимистік жыл болды. Республикада көп жылдық белсенді өсуден кейін бірінші рет көрсеткіштердің құлдырауы тіркелді және бірден шамамен 10% төмендеді: 12 айда тек 15,4 млн шаршы метр пайдалануға берілді. 2021 жылы көрсеткіш 17,1 млн шаршы метр болған. Бір қызығы, 2022 жылғы көрсеткіштер 2020 жылғы локдаундар мен жаппай тоқырауға ұшыраған «коронадағдарыс» жылының көрсеткіштермен шамалас.
Оның үстіне, тұрғын үйлердің шаршы метрі бойынша халық санына қатысты 2022 жылға арналған көрсеткіштер тек 2021 жылдағыдан (13%-ға жуық) ғана емес, 2020 жылдағыдан (4%) да айтарлықтай төмен. 1000 адамға шаққанда 785,9 ш. м, көрсеткіш өткен жылы 899,2, ал 2020 жылы 817,9 ш. м болған. Елдегі бейби бумды ескерсек, бұл түсінікті, бірақ туу көрсеткішінің жоғары болуы жақсы жаңалық болғанымен, халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесінде осындай қиындық тудырады.
ҚР-дағы түрлі ведомстволары мен институттар осы жағдайды жақсарту үшін белгілі бір шараларды қолға алуда. Жағдай шынымен де қиын және оған қоғамның барлық мүшелері — әкімшілік аппарат пен даму институттары, қаржы секторы мен бизнес айналысып жатыр.
Сонымен, қазақстандық банктер құрылыс компанияларымен бірге қазақстандықтар үшін өздерінің қызықты бағдарламаларын ұсынады. Altyn Bank пен BI Group бірлескен жобасы «Оңай» жеңілдетілген ипотекасы туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Осы құрылыс компаниясының Freedom Finance Bank-пен де бірлескен «Цифрлық ипотека» бағдарламасы бар. Топ сондай-ақ ЦентрКредит банкімен және Halyk Bank-пен жұмыс істейді (бұл екі екі қаржы институты басқа серіктес құрылыс компанияларымен, мысалы, «Базис-А» құрылыс компаниясымен де жұмыс істейді). Шарттары жағынан тартымды және мамандандырылған даму институты Отбасы Банкі — «Кереге Ипотекасымен» бірлескен жоба.
Отбасы банкі өз кезегінде заң бойынша операторы болып саналатын мамандандырылған мемлекеттік бағдарламалар, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне тікелей қатысу мен өзінің «Өз үйім» бағдарламасынан бөлек жекелеген әлеуметтік топтарға арналған («Жас отбасы», «Жаңа баспана», «Ұмай» және т. б.), өңірлік жастар бағдарламасы мен басқа да қолжетімді мөлшерлеме және жалпы шарттары қолжетімді бағдарламаларды іске асырып жатыр.
Отбасы банктің тағы бір қызықты жобасы — кәсіпорындармен серіктестіктің арнайы бағдарламалары: зауыт жұмысшылары, кеншілер, металлургтер, құтқарушылар және т. б. «Корпоративті» өнімі арқылы баспана сатып ала алады. Бағдарлама 2019 жылдан бері жұмыс істейді және жеке компанияларға, кәсіпорындарға, мемлекеттік және муниципалдық ұйымдарға мемлекеттік бағдарламаларды айналып өтіп, қызметкерлерге жеңілдетілген шарттармен несиелік тұрғын үй беруге мүмкіндік береді. Қазақстандық кәсіпорындар, қаржы институтының мәліметінше, биыл наурыз айына дейін өз қызметкерлерінің баспана мәселесін шешуге 10 млрд теңге бөлген. Бағдарлама серіктестері «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Qazinterservice» ЖШС, Eurasian Resources Group (ERG) және т. б.
Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ірі кәсіпорындар да өз қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етуге мүдделі. Мысалы, жоғарыда аталған ERG тек Отбасы банкімен ғана емес, Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторы — Қазақстандық тұрғын үй компаниясымен (ҚТК) жұмыс істейді. Өткен жылдың соңында қол қойылған меморандумға сәйкес, алдағы үш жылда ERG өзі жұмыс істейтін қалаларда 850 пәтер салады. Атап айтқанда, Хромтауда 360, Ақсуда 150, Павлодарда 150 және Рудныйда 160 пәтер салады. Кәсіпорын қызметкерлері үшін тұрғын үй құрылысына 13,6 млрд теңге бөледі. ҚТК бұл пәтерлерді сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй механизмі бойынша ERG кәсіпорындарының қызметкерлеріне сатады. Бастапқы салым талап етілмейді.
Соңғы 5 жылда сектордағы ERG бағдарламалары аясында топтың Ақтөбе, Хромтау, Қарағанды, Рудный, Лисаковск, Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы кәсіпорындарының 1,3 мыңға жуық жұмыскерлерінің отбасы тұрмыстық жағдайларын жақсартты. Оның ішінде 2016–2019 жылдары ҚТК арқылы 747 пәтер сатып алынса, 2020-2021 жылдары Отбасы банкі арқылы 485 өндірістік қызметкер баспаналы болды.
Осылайша, бизнестің, мемлекет пен даму институттарының бірлескен күш-жігері арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелері өз шешімін табуда. Дегенмен, әзірге бұл жеткіліксіз екені анық.
Мәселен, биыл жыл басына қарай ҚР-да тұратын бір адамға тұрғын үймен қамтамасыз ету 23,4 ш. м құрады. Көрсеткіш былтырғымен (23,2 ш. м) салыстырғанда іс жүзінде өзгерген жоқ. Қалаларда бұл көрсеткіш — 25,8 ш. м, ал ауылдарда — бар болғаны 19,8 ш. м. БҰҰ-ның әлеуметтік стандарттарына сәйкес, бұл көрсеткіш 30 ш. м-ден асуы керек. Салыстыру үшін: Қытайда бұл көрсеткіш 32 ш. м, Германияда — 39 ш. м, АҚШ-та — 69,7 ш. м, Ұлыбританияда — 70 ш. м.
Тағы бір айта кетерлік жайт: биыл ҚР-да алдын ала жоспар бойынша 15,3 млн шаршы метрді пайдалануға берілмек. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 16,5 млн шаршы метрге дейін артуы тиіс. Осы арада, бұрын жазғанымыздай, 2021 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 17,1 млн шаршы метрге жетті. Яғни, алдағы жылдарда секторда айтарлықтай өсім, кемі бұрынғы жылдардағы көрсеткішке жету әзірге болмайды. Ал туу көрсеткішінің өсіп жатқанын ескерсек, баспана мәселесі болашақта бұдан да өткір болмақ.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.