Мүгедектігі бар адамдар да өздерінің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік қызметтер порталында өз беттерінше таңдай алады
Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 4415 протездік-ортопедиялық құралдар берілген. Облыста жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы 2024 жылғы 1 шілдеде атқарылған жұмыстар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 4415 протездік-ортопедиялық құралдар, 626 сурдотехникалық құралдар бар,- деп хабарлайды turkistan.today
Сонымен қатар, 1261 тифлотехникалық құралдар, 1337 кресло-арба, 8425 санаторийлік-курорттық емдеу, 1399 жеке көмекші қызметі, 1090 ымдеу тілі маманы қызметі мен 17968 міндетті гигиеналық құралдары бар.
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдағы орны қандай? Жағдайлары нешік? Тұрмыстары қалай? Оларға мемлекет қаншалықты жәрдем беруде? Оларды жұмыспен қамту, еңбекке баулу қалай жүргізілуде? Мүмкіндігі шектеулі жастардың хал-ахуалы не болып жатыр? Бұл айтылғандар көпті толғандыратын мәселе екені даусыз. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының Конституциясы, «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңы бойынша реттелетінін айта кеткен жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді.
«Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым», – деді Қазақстан Республикасының Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке осы мақсатта үш жыл ішінде кемінде 58 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдаулар бар. Әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді.
Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік көмектердің түрлері: Мемлекеттік жәрдемақы, өтемақы және басқа да төлемдер, жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін қосымша әлеуметтік төлемдер, жұмыс берушілердің көрсететін қосымша әлеуметтік көмек түрлері және өзге де ұйымдармен.
Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен әзірленген абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде келесі техникалық оңалту құралдары мен қызметтер көрсетіледі:
протездік-ортопедиялық көмек;
тифлотехникалық құралдар;
сурдотехникалық құралдар;
арнаулы жүріп-тұру құралдары;
міндетті гигиеналық құралдар;
санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері;
жеке көмекші қызметтері;
ымдау тілі маманының қызметтері.
мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңалту орталығы қызметі;
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау
Соңғы жылдары әлеуметтік-мемлекеттік қызмет алудың жолы жеңілдетілді. Басым көпшілігі электронды форматқа ауысты. Енді мүгедектігі бар адамдар да өздерінің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік қызметтер порталында оңалту құралдары мен қызметтерін өз беттерінше таңдай алады. Бұл жаңашылдық қағаз бастылықтан құтылу, уақыт үнемдеу және мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету үшін жасалуда.
Аталған қызмет түрін алу үшін азамат/азаматшаның жеке басын куәландыратын құжат өзімен болуы шарт (қосымша құжаттар сұратылады). Ең алдымен азаматтарға тұрғылықты жері бойынша мобильді азаматтар базасына тіркелуі қажет. Өтініш беру egov.kz арқылы ЭЦҚ-мен жүзеге асырылады немесе «Азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мемлекеттік мекемесіне жүгінуге болады.
Қызмет түрін тағайындау процесі тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мемлекеттік мекемесінде мүгедектігі бар адамның «Оңалтудың жеке бағдарламасы (ИПР)» арқылы жүргізіледі.
Кресло-арбамен және жеке көмекшінің қызметін қамтамасыз етуге көрсеткіші бар жүріп-тұруы қиын бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың қосымша шарасы ретінде «инватакси» қызметтері ұсынылады (мүгедектігі бар адамдар білім беру ұйымдарына, медициналық мекемелерге, әуежайларға, теміржол вокзалдарына және басқа әлеуметтік саладағы объектілерге ақысыз жеткізіледі).
2023 жылдың 1 шілдесіне бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі күшіне енді. Әлеуметтік кодекс: Бұл өмірдің барлық кезеңінде азаматтардың құқығын қорғайтын құжат. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін таптырмайтын заң!
Осы кодекске сәйкес, мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалатын бірқатар көмек түрлеріне де өзгерістер енгізілді. Мәселен, мүгедектігі бар адамдар жеке бағдарламаға сәйкес, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп–тұру құралдары және диагноздарына сәйкес есту — протез, протез-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші құралдарымен, арнаулы қызмет түрлерімен қамтамасыз етіледі.
Жеке бағдарламада — уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен мүгедек адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) және арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің атаулары қамтылады. Мүгедектігі бар адам жеке бағдарламада ұсынылган іс-шараларды орындауға міндетті. Оларға көрсетілетін қызмет түрлерінің барлығы «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы жүзеге асырылады.
Жұмыс берушінің кінәсінен жұмыс орнында мертіккен немесе кәсіптік аурудың салдарынан мүгедек болып қалған адамға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мекеменің қаражаты есебінен мүмкіндігі шектеулі жан жеке бағдарламаға сәйкес протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс.
Жаңа кодекске сәйкес мүгедектігі бар жандарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері:
1)Мүмкіндігі шектеулі жандарды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға санаторийлік-курорттық емдеуді ұсыну;
2)Мүгедек адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедек адамдар үшін жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну;
3)Мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну;
4)Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету. Бұл қызмет түрінің ішіне міндетті гигиеналық құралдары, арнаулы жүріп-тұру құралдары, протез-ортопедиялық бұйымдар, сурдо және тифлотехникалық құралдар кіреді.
5) Халықты әлеуметтік қорғау саласында «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» заңына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Аталған мемлекеттік қызметтер алу үшін өтінішті мүгедек жанның тұрғылықты жері бойынша:
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғам ( Мемлекеттік корпорация);
«Электрондық үкімет» веб-порталы (веб-портал); ұялы байланыс абоненттік құрылғысы (абоненттік нөмір) проактив түрінде қабылданады.
Халыққа қызмет көрсету Орталығынан «электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш берілгеннен кейін «Е-собес» АЖ-де тіркеледі. Порталда өнім берушіні өтініш иесі таңдайды. Ол АОЖБ іс-шараларының порталға жіберілгені туралы хабарлаған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылады.
Өтініш берушінің интернет-ресурсқа қолжетімділігі болмаса, ол Мемлекеттік корпорацияның, жұмыспен қамту бөлімінің өзіне-өзі қызмет көрсету секторына жүгінеді. АОЖБ деректерін порталға берген күннен бастап екі ай өткен соң өтініш иесінің порталда өнім берушіні таңдау мүмкіндігі бұғатталады.
Қорытындылай келе мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, оның басты міндеті – мемлекет пен қоғам арасында диалог алаңын құру. Қазіргі таңда облыс көлемінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру өмір сүру сапасын арттыру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.