Биыл елімізде алғаш рет 29 қазан – Кәсіпкерлер күні ресми түрде атап өтілуде. Бүгінгі таңда облыста 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі қызмет етіп, облыстың дамуына өз үлестерін қосып келеді,- деп хабарлайды turkistan.today
Өңірдің бизнес өкілдерімен арнайы кездескен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
– Баршаңызды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген, іскерлік пен еңбектің, табандылық пен жауапкершіліктің символына айналған кәсіпкерлер қауымына деген жоғары құрметтің көрінісі. Шағын және орта бизнесті дамыту – ел экономикасының негізгі драйвері. Бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы арта беретіні сөзсіз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс» деп атап өтті. Бұл ретте Үкімет тарапынан бизнесті қолдау бойынша жүйелі шаралар атқарылуда. Әкімдік тарапынан да кәсіпкерлерді қолдау жөнінде нақты шаралар қабылдануда. Осы қолдауларды белсенді пайдаланып, бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. «Кәсіпкерлікпен айналысамын, бизнесті кеңейтемін, инвестиция саламын» деген кәсіпкерлерді біз әрқашан қолдауға дайынбыз. Істеріңіз өрге басып, жаңа жобаларыңыз сәтті жүзеге аса берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Салтанатты шарада облыс басшысы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсының жеңімпаздарын және кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартуда үздік нәтиже көрсеткен компанияларды марапаттады. Сондай-ақ өңір экономикасына инвестиция тартуда және жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытқан кәсіпкерлер де облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Түркістан облысы мәслихатының төрағасы, кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, үздіктерді марапаттау рәсімін жалғастырды. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлер қауымын мерекемен құттықтап, бизнес өкілдерінің еңбегін жоғары бағалап өтті.
Шара аясында өңірдің кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін бірқатар азаматқа «Адал еңбегі үшін» ІІІ дәрежелі медалі, «Атамекен» ҰКП Құрметті қызметкері» төсбелгісі, Құрмет грамоталары және алғыс хаттар табысталды.
Өңірдің үздік кәсіпкерлері облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасына көрсеткен қолдауы үшін алғыстарын білдіріп, өз тәжірибелерін бөлісті.
Түркістан облысында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында көлемі 2400 гектарды құрайтын жаңадан 11 индустриалды аймақ құрылып, олардың саны 20-ға жетті. Индустриалдық аймақтарда құны 152 млрд. теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде, жаңадан 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бюджетке жылына 2,1 млрд. теңге салық түсіру көзделуде. Бүгінгі таңда 39 млрд. теңгені құрайтын 50 жоба іске қосылып, 2 603 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 1 374 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақтарда 155,3 млрд. теңгеге 13 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 2 мыңға жуық азамат жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады. Бұл аймақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлерге заңмен көзделген салықтық, кедендік және тағы басқа қосымша жеңілдіктер қарастырылған.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің қаржысын және уақытын тиімді пайдалану мақсатында 100 гектар аумақта шағын өндірістік парктер жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салынып, 308 млрд.теңге инвестиция тартылмақ. Нәтижесінде, 6 мыңға жуық жұмыс орнын құру, бюджетке жылына 6,7 млрд. теңге салық түсіру көзделуде. Бүгінде 32 жоба бойынша 40 ғимарат салынып, жаңадан 1 220 жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, тоңазытқыш өндіретін «UBC Group», жиһаз өндіретін «Aqniet Holding», жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» кәсіпорындары өз жұмыстарын жүргізуде.
Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін жалпы құны 2,6 трлн.теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Инвестициялық жобалардың негізгі бағыттары энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу болып табылады. Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд.теңге салық түседі.
Түркістан облысында кәсіпкерлермен ашық диалог орнату, инвестициялық тартымдылықты арттыру және кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.