Байқаудың бас жүлдесі – 600 000 теңге
Ұлттық рухани мұрамызды ұлықтау, ана тіліміздің, аталы сөзіміздің абыройын асқақтату, сөйлеу шеберлігін дамыту мақсатында С.Демирел атындағы университетте(SDU University) студенттер арасында ІІІ Республикалық «Ділмәр» шешендік өнер байқауы өтеді,-деп хабарлайды turkistan.today
Жан-жақты дамыған көшбасшы тұлға қалыптастыру мақсатында өтетін байқауға еліміздің әр өңіріндегі оннан астам жоғарғы оқу орынан іріктелген, сөз қадірін жете түсінген талантты студенттер қатысып, асыл сөздің арнасын байытып, тәжірибе жинайды. Байқаудың бас жүлдесі – 600 000 теңге, І орынға 400 000 теңге, ІІ орынға 200 000 теңге, ІІІ орынға 100 000 теңгелік сыйақы қарастырылған. Жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгені құрайды.
Демек, шешендік өнерді жастар арасында жаңғыртып-жандандыру жолында бұрынды-соңды мұндай қомақты қаржылай сыйақы тағайындалған көлемді байқау өткен жоқ. Байқаудың жалғыз әрі бас демеуші, «Атамұра» корпорациясының президенті, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлы. Бабалардың бай мұрасын ұлықтайтын тағылымы мол байқаудың жоба авторы – журналист, Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының «Шешендік өнер» пәнінің мұғалімі, «Ділмар» республикалық шешендік өнерді дамыту клубының негізін қалаушы Жарқын Сәленұлы.
Байқаудың мақсаты мен міндеті: білімгерге сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту, сауатты әрі жатық сөйлеу дағдысын - сөйлеу мәдениетін қалыптастыру; сөз өнеріміздің тарихи-мәдени және этномәдени болмысын тану, сөз құндылығын бағалау, ұлттық тәрбие беру, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейін қалыптастыру.
Айта кетелік, 4 кезеңнен тұратын жекпе-жек шешендік сайыс және жеке сауалдарға жауап беруге негізделген бөлім бойынша өтетін сөз додасына қатысушылар тақырыпты жеребе арқылы талдап, жеребе арқылы жұптасады.
Алдын-ала дайындалатын мазмұн ұсынылғанымен нақты тақырып тек сайыс үстінде ғана берілетіндіктен сайыскердің ой ұшқырлығы, тапқырлығы, жан-жақты білімі, ақыл-парасаты, тәжірибесі байқау кезінде сарапқа салынады. Шешендіктің шарттары осы өнердің түпнұсқасына мейлінше жақын болғандықтан қызықты әрі тартысты болары даусыз. Қазылар алқасы әр сайыс соңында жеке-жеке баға беріп, пікір және ұсыныс айтады. Демек, байқауды сайыс әрі тәжірибелік сабақ ретіндегі нәтижелі қадам деп қабылдауға болады.
Байқауға оқу орнының басшылығы, оқытушылар мен студенттер, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, аталы сөзді ардақтайтындар қатысады.
Ұйымдастырушылар: SDU University мен Республикалық «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубы.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.