"Самұрық-Қазына" басшысы мен сарапшылар АЭС құрылысы Қазақстан үшін көтере алмас шоқпарды белге байлағанмен бірдей болатынын айтып отыр, деп Turkistan Today жазады іnbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Елде энергетика саласында күрделі жағдай қалыптасты. Соның бір көрінісі – Президенттің салаға жауапты топ-менеджерлердің үлкен тобын жазалауы болып отыр. Атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке сөгіс берді. Бұдан бөлек, батыс энергия торабының қауіпсіздігіне тиісті деңгейде бақылау жасамағаны үшін Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жарияланды. Сондай-ақ "МАЭК" ЖШС, АМӨЗ, "KEGOC" АҚ басшылары мен лауазымды тұлғаларына әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды.
Саладағы жағдай шынымен ауыр көрінеді. Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің мәліметі көрсеткендей, республикадағы электр желілерінде тіпті былтырдан жоспарланған күрделі жөндеулер орындалмаған.
Нақтыласақ, Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің электр желілерін өткен 2022–2023 жылғы күзгі-қысқы кезеңге дайындау үшін жалпы ұзындығы 25 346 шақырым электр беру желілерін жөндеу жоспарланыпты. 2023 жылғы маусымдағы жағдай бойынша 3 876,52 шақырым электр беру желілері жөнделді. Нәтижесінде жылдық жоспар 15%-ға жүзеге асыпты. Бұған қоса, 111 қосалқы станциялар жөнделді, бұл жылдық жоспардың 20%-ы ғана.
Үкімет энергетика саласындағы ахуалды нақты білу үшін әлемдік атақты KPMG фирмасының аудиторларын және халықаралық сарапшыларын жалдады. Қазақстанның 57 станциясын, 37 жылу электр орталығын аралаған шетелдік консультанттар көңілсіз қорытындыға келді.
Техникалық аудит көрсеткендей, республикадағы энергетикалық қазандықтардың 62%-ының, турбиналардың 58%-ының ресурстары аяқталған. Олар шұғыл ауыстыруды қажет ететіні әшкереленді. Яғни, олар әне-міне жайрап қалғалы тұрған көрінеді. Салдарынан, елде бірден 2,5 мың мегаватт қуат тапшылығы туындамақ.
Мұның қаншалықты алапат апат болуы мүмкін екенін мынадан аңғаруға болады. "Қазақстан инженер-энергетиктері одағының" бас директоры, Қазақстан мен ТМД еңбек сіңірген энергетигі Марат Дұлқайыровтың айтуынша, 2022 жылғы 25 қаңтарда өзбекстандық Сырдария ГРЭС-інде апат болып, бұдан тура 2 есе аз 1200 МВт қуаттың жоғалуы Өзбекстан мен Қырғызстанды ғана емес, Қазақстанның оңтүстігін де блэкаутқа соқтырды. Бұдан бөлек, Қазақстанның Солтүстік аймағын Оңтүстік аймақпен байланыстыратын барлық 3 жоғары вольтты желілер (ВЛ-500) бірден ағытылды. Нәтижесінде, Қазақстанның ортақ энергиялық жүйесінен бөліктер ыдырап, оқшауланып қалды.
Электр энергетикасы саласындағы күрделі ахуал ел экономикасы мен бизнесінің дамуына кедергі келтіреді. Жаңа ірі жобалар, өндіріс орындары мен кәсіпорындар іске қосыла алмайды. Ал қолданыстағы зауыттар күні кешегі Маңғыстау мен Атыраудағы сияқты апаттық ажыратудан зардап шегіп, қыруар шығынға батады. Бұл отандық өнімдердің жаһандық нарықтағы бәсекеден ұтылуына, шетелдік ірі тұтынушыларын жоғалтуына әкелмек.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің дерегінше, ахуалды тұрақтандыру үшін ғана 2023 жылы 119 қазандық, 79 турбина, сонымен қатар көптеген алып түтін мұржалары, негізгі жабдықтар күрделі жөнделуге, жаңғыртылуға немесе жаңадан салынуға тиіс.
Нәтижесінде, осы аталған жұмыстарды атқару үшін тек биыл ғана кем дегенде 182 миллиард теңге қажет болады. Алайда биылға бекітілген тарифтер мен бағдарламалар аясында жөндеуге арналған қаржыландыру көлемі небары 93 миллиард теңге болып отыр.
"Дәл қазір бекітілген тарифтер аясында электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін электр станцияларының табысы толыққанды жөндеу жүргізу шығындарын өтемейді. Жетпей тұрған қаражат сомасы 88 миллиард теңгені құрайды. Бұл есептеме бенчмаркинг аясында жүргізілді. Оның барысында күрделі, кеңейтілген, ағымдағы жөндеулерді толымды түрде іске асыру үшін қажетті қаржыландыру көлемі анықталды", – деді министр Алмасадам Сәтқалиев.
Сонда жетпейтін қаржыны билік кімнен алады? Бизнес пен бұқарадан алады. Министрдің айтуынша, жетіспейтін қаржыны толықтыру үшін бюдеттен жыл сайын шамамен 100 миллиард теңге бөлініп отырады. Бірақ бұл қайтарымды қаражат болады. ЖЭО-ларын жөндеген соң жылу, жарық монополистері ол қарызын өз тұтынушыларынан өндіріп алады. Осы мақсатта таяуда Қазақстанда электр құны жаппай әрі күрт қымбаттады. Тариф көтеру енді тұрақты сипат алатынға ұқсайды.
Жалпы, қуат өндіру де мықты бизнес. Мысалы, станциялар мен ЖЭО-лар біраз жылдан бері өз жанынан майнерлік фермалар ашып, соларды су тегін электрмен қамтып, қосымша, жасырын табыс тауып келгені әшкере болды. Онда неге олардың мүлкін, инфрақұрылымын жөндеудің, жаңартудың шығынын қарапайым қазақстандықтар төлеуі керек? Сарапшылар қуат алпауыттары елден не шетелдік қаржы ұйымдарынан несие тартуға тиістігін айтып жүр.
Энергетика министрі оларды қорғаштай сөйледі: оның айтуынша сала кәсіпорындар онсыз да шектен тыс кредиттелген екен, соған байланысты олар екінші деңгейлі банктерден қосымша қаржы тарта алмайды. Ар жағында алапат апаттың таяп қалғанын түсінген Үкімет оларға ел қаржысы есебінен көмектесуге ұмтылды.
"Президенттің тапсырмасымен, біздің министрлік "Тариф инвестицияға айырбас ретінде" атты жаңартылған бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, қуат генерациялау секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 13 еседен астамға, бұрынғы 32 миллиардтан 428 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Энергетика министрлігі биылғы 2023 жылғы 1 маусымнан бастап, елдегі 47 қуат өндіруші ұйымның 27-сінің электр энергиясының шекті тарифтерін көтерді. Тарифтердің орташа өсімі шамамен 24% болды. Бұған қоса, электр қуаттылығы нарығындағы шекті тарифті де айына 1 МВт үшін 1,5 миллион теңгеге дейін жоғарылату жоспарланып отыр", – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Осының арқасында қуат өндірушілер жыл сайын кем дегенде 160 миллиард теңге табысқа кенелуі мүмкін.
Төніп келе жатқан қуат тапшылығын тоқтату үшін Президент Қ.Тоқаев Үкіметке тұңғыш атом электр станциясын салуды жеделдетуді жүктеген. Алайда жауапты мамандардың айтуынша, оны салу да, кейін ұстап тұру да елді қыруар шығынға батырады. Мемлекеттің бюджеттік тапшылығы артып бара жатқан заманда халық пен бизнес жаңа АЭС құрылысын өз есебінен қаржыландыруға мәжбүр болуы ықтимал. Мәселен, ел Үкіметі 2023 жылы республикалық бюджеттің дефицитін "жабуға" 5,7 триллион теңге тартуды көздеп отыр. Оның бір бөлігін шетелден қарызға алады.
Энергетик, техника ғылымдарының кандидаты, "Айқын тариф" қауымдастығының төралқа төрағасы Петр Своиктың айтуынша, әлемде арзандау атом станцияларын "Росатом" салады. Венгрия, Түркия, Мысыр, Үндістан, Бангладеш сияқты дамушы, ортанқол елдердің өз АЭС-терінің құрылысын соған сеніп тапсыруының бір себебі де осында. Бірақ қанқұйлы саясаты үшін Ресейдің санкциялық қыспаққа қалуы салдарынан "Росатом" мемкорпорациясы технологиялық тоқырауға ұшырай бастапты. Оның үстіне болашақта "Росатомның" өзі санкцияға ілігуі ғажап емес.
Бірақ қаржыдан тарыққан Қазақстанның "Росатом" қызметіне жүгінуі де ғажап емес.
Президенттің тұңғыш АЭС салу жобасының орындылығына жауапты тұлғалар да күмән келтіріп отыр.
"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов отандық атом электр станциясының жобасы қиындыққа тірелгенін жасырмады. Ол АЭС шығындары үшін қазіргі қазақстандықтардың балаларына төлеуге тура келетінін ескертті. Оның айтуынша, әзірге АЭС салу мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылданбапты.
"Қазақстанда АЭС бола ма, жоқ па, ақырғы шешім қабылдауға өте көп фактор ықпал етеді. Станцияны қай елдің салатынын, қандай вендор компания мен өндіруші таңдалатынын дәл осы шешім қабылданған соң ғана айта аламыз. Бүгінде біз тіпті ол атом станциясының қай өңірде орналасатынына қатысты да проблемалар барын көріп отырмыз. Бізге АЭС салынатын жерді анықтап, түсініп алу қажет болады", – деді "Самұрық-Қазына" басшысы.
Агрессордың Украинадағы Кахов су қоймасының бөгенін жарып жіберуі біздің мамандарға да ой салды. Соның кесірінен Кахов ГЭС-і мен су қоймасынан электр алып, салқындатылып келген Запорожье атом станциясына қауіп төніп тұр.
Нұрлан Жақыпов Қазақстанда АЭС-ті үздіксіз, ақаусыз салқындатуға қажетті алып су қоймасын табу қиын болып тұрғанын білдірді.
"АЭС салуға қойылатын басты талаптардың бірі – толымды, алып су қоймасының болуы. Мен есептерді оқимын: Каспий теңізі де жағалауынан қашып барады, Балқаш та таяздануда. Әрине, біз қазір тездетіп, орынды таңдап, онда АЭС салып тастай аламыз. Алайда 10 жылдан соң су деңгейі 10 метрге түсіп кетсе не әрі жылжыса, оның арты неге соқтырады? Біз он жыл алға жоспар құрмай, шешім қабылдай алмаймыз", – деді Н.Жақыпов.
Сонымен қатар ол атом станциясының ондаған миллиард доллар шығын шығаруды талап ететін өте қымбат жоба екенін еске салды.
"АЭС өзін-өзі ақтауы үшін тарифі қандай болуға тиіс? Мемлекет ондай тарифті көтере ала ма? Ол электр қуаты үшін кім шығындалады? Сіз бен біз және балаларымыз. Біз болашақ ұрпаққа нені қалдырғалы тұрмыз? Сондай-ақ халықтың теріс пікірін де елемеуге болмайды. Атом станциясының іргесінде тұруды екінің бірі қаламайды. Бұл жерде барлық факторларды есепке алу қажет болады. Осы аса қымбат жобаны еңсеруге күшіміз жете ме? Алдымен соны түсініп алуымыз қажет", – деп түйді Нұрлан Жақыпов.
Бірақ ел басшылығы мамандарға асықпай ойласуға мүмкіндік бермейтінге ұқсайды. Биылғы 2023 жылы Үкімет АЭС орналасатын ауданды таңдау мәселесін қоғамдық талқылауға шығаратын болады. Себебі алда күтіп тұрған қуат тапшылығы биліктің екі аяғын бір етікке тыққалы тұр. Елдегі энергетикалық нысандар жаппай күйреген дәуірдің тұлғасы ретінде тарихта қалуды кім қаласын?
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.