Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, шегіртке зиянкесіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес барысын бақылады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл мәселе қатаң бақылауда екенін айтып, тиісті жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді,- деп хабарлайды turkistan.today
Министр Арыс қаласы, Қожатоғай ауылына барып, арнайы штаб мүшелерімен бірге Арыс өңірінде шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан қорғау шараларымен танысты. Өңделген аумақтарды аралап, жауапты мердігерлер мен ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшылығымен кездесті.
– Препараттар жеткілікті, техника, соның ішінде дрондар бар. Бақылауды күшейтіңіздер. Барлық өңдеу жұмыстары сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Шегіртке қанаттанып үлгермеуі керек, – деді Айдарбек Сапаров.
Болжамға сәйкес, 2025 жылы Түркістан облысында үйірлі шегірткелердің таралуы 372 мың гектар аумақты қамтуы мүмкін. Ауыл шаруашылығына келетін залалды болдырмау мақсатында өңірде химиялық өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда 352,4 мың гектар жер өңделді.
3 сәуірден бастап Арыс қаласында орналасқан бас штабта жұмыстар күнделікті үйлестірілуде. Шегіртке зиянкесі қоныстанған 9 аудандағы жайылым жер алқаптарының 15 мың гектардан бөлінген картасы әзірленіп, жалпы 65 аумақта жұмысшы топ жасақталды.
Алғашқы анықталған дернәсіл сатысында химиялық өңдеу жүргізілді. Дернәсіл сатысында аспалы бүріккішпен өңдеудің тиімділігі анықталып, жоспарланған 475 бүріккішке қосымша 434 дана бүріккіш алынып, жалпы 909 аспалы бүріккішпен (Арыс – 420, Сарыағаш – 205, Келес – 230, Шардара – 44, Ордабасы – 10) жұмыстар жүргізілуде. Шегірткенің 2-3 жас кезеңінде химиялық өңдеуге «Тиаметрин» және «Каратэ» сұйық препараттары қолданылса, 4 жас кезеңінен бастап «Ацет 200» ұнтақ түріндегі препарат жұмсалуда. Науқанға 2730 адам қатысуда, оның 1590-ы – анықтаушы. Алқаптар 273 жер үсті бүрку техникаларымен, 54,2 мың гектар әуе арқылы 4 «АН-2» ұшағымен және көлік бара алмайтын аймақтар 7 дронмен өңделді. Үздіксіз жұмыс істеу 48 су таситын автокөлік қызмет етуде. Бұдан бөлек, 50 мың га аумақ (Арыс – 32 мың га, Сарыағаш – 18 мың га) Ақмола облысының «Агро Люкс» ЖШС-нің 3 газогенераторымен өңделді.
Жоспарларған аумақ өңделіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдалуы мен зиянкестердің басқа өңірлерге таралуына тосқауыл қойылды.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.