Үш ай үзілістен соң, Сарыағаш аудандық сотының төрағалығынан босап ,судья қызметіне барған алғашқы жұмыс күнім туралы айтқым келіп тұр – деп Turkistan today жазды Сарыағаш аудандық сотының судьясы Нұрқазы Шетеновтың фейсбук парақшасына сілтеме жасап.
Қоғам назарын аударған Сарыағаштағы оқиғадан соң Н.Шетенов сот төрағасы лауазымын тапсырып, қайтадан судьялық лауазымға Президент Жарлығымен тағайындалған еді. Мемлекет басшысының сот саласындағы аталмыш кадрлық шешімі қоғам тарапынан қызу талқыланды. Дегенмен, Нұрқазы Шетенов – біз білмейтін өзінің басынан өткен оқиғасын әлеуметтік желіге жариялаған екен, Turkistan.Today порталы оны қаз қалпында оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.
«Бұл күн маған өте әсерлі және оңай болған жоқ. Дәл осылай біраз уақыт үзілістен соң көпшілік ортаға қайта оралу бұрын да басымнан өткен еді.
Сол шақ есіме түсіп отыр. 2003 жылы қыркүйектің 1-і күні шұғыл тапсырмамен қарулы наркобаронды ұстау барысында екі аяғымнан да автомат оғы тиді . Саулаған қан мен жан ауыртар жарақатты елемей, сол аса қауіпті есірткі тасымалдаушылардың серкесін құрықтағанбыз.
Содан кейін қан тоқтамай, өзімді жоғалтыппын .Серіктерім жедел ауруханаға жеткізген. Білікті дәрігерлер алғашқы дәрігерлік көмекті көрсетіпті. Сол Шымкент қалалық 2 медициналық ауруханасының жан сақтау бөлімінде біраз уақыттан кейін ғана дәрігерлердің көмегімен ес жиыппын. Қасымда мені күзетіп отырған орыс ұлтты медбике менің өзіме келгенімді көріп «Понедельник был днем тяжелым, но все будет нормально» деп көзі жәудірей қуанып, ем шарасын жалғастыра берген.
Мен аяғымның тобығын автомат Калашниковтын оғы тесіп өткенін, дәрігерлер оқтың күйік жарақатын айналдыра жонып, залалсыздандырғанын, орны тесікке айналғанын көрдім. Бірнеше күннен соң мені палатаға ауыстырды. Сонда жағдайымды білгелі арнайы келген облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Р.Өзбекғалиев , штаб бастығы Б.Битуреев екеуі «Біздің жігіттер тек қыздарға сақтанбай бара ма десем, қауіпті қылмыскерді ұстауға да қарусыз барады екен» деп әзілдегені әлі есімде.
Ауруханада жатып соғыс кезінде аяғын кесіп, жасанды протез аяқпен жау тылына ұшақпен ұшып барып , қырғидай тиген ержүрек ұшқыш А.Маресьевтің «Я не могу не летать» деген кітабын оқыдым. Бұл мені өмірге қайта әкелгендей серпіліс туғызды. Өмірге, еліме қызмет етуге деген құштарлығым соншалық арта түсті. Протез аяқпен ұшақ басқарып, немістердің көптеген соғыс ұшағын, жердегі бекіністерін жойған Маресьевке еліктеп, қалайда аяғымнан тұрғым, жүргім келді. Оның жарақатымен салыстырғанда менікі жай еркелік сияқты көрінді. Қайткен күнде де аяғымды бұрынғыдай қалпына келтіруге күш салдым. Дәрігерлердің жүруіме қатаң тыйым салғанына қарамай, ауруханаға стажировкаға келген медперсоналдарға өтініш жасап, түн ішінде каталкаға отырып, аурухана аймағын сан рет айналуды әдетке айналдырдым.
Ем жалғасып жатты. Аяғыма гипс салынды. Бірақ ыстығымның көтерілгені түспей, аяғымның жарақаты, яғни сүйегі іріңдеп «гангрена» болды. Туыстарым, әріптестерім бірлесіп, жүгіріп жүріп сол кезде тапшы болғандықтан Алматы қаласынан «противогангренозная вакцинаны» алдыртты. Оны, сүйектің ішіне 30 минутқа жуық екті . Оның азабы бөлек әңгіме.
Бұдан кейін Ішкі Істер Министрлігіне қарасты госпиталға ауыстырылдым . Ол госпитальдың басшысы Нарбаев Жәнібек ағамыздың шын көңілмен емдеп, маған деген ізгі де, үлкен ілтипаты ерекше болды. Ағаның жасаған емі шипасын бергені, содан күн санап жазылып, сауыға бастағаным әлі күнге дейін есімде.
Балдақпен жүріп, алғаш сыртқа шыққанымда бал татыған таза ауаны құмарлана, тойымсыздана жұтып, көз алдым қарауытқаны да күні кешегідей ойымда тұр. Айналадағы барлық адамдар асығыс, күйбең тірлікпен қарбаласып бара жатқанына қызыға қараған едім. Қайнаған өмірге осылай қайта оралған едім.
2023 жылғы 11- қазанда үш ай үзілістен кейін басталған , алғашқы жұмыс күнім де дәл осылай басталды . Таңсәріден тұрып, Шымкент қаласынан әдеттегідей сағат 06:30- да шығып, Сарыағаш қаласына сағат 08:30-да жетіппін. Себебі , бұрын қалыптасқан жұмыс тәртібі бойынша осы уақытта басшылармен телефон арқылы сөйлесіп, аудандық соттағы бір күндік ахуалды баяндайтынмын.
Ғимараттың қасына барып, түсейін десем -төраға емеспін. Ал, судья ретінде 3 айға жуық жұмыста болмағандықтан қызметтік кабинетімнің қайда екенінен, оның қалай дайындалғандығынан хабарым жоқ. Көлігімнен түсіп, ғимаратты сырттай айналып шықтым. Осы ғимаратқа 2020 жылы келгенімнен осы күнге дейінгі күндерімді көз алдымнан өткіздім. Оның ішінде, адамдарға қарапайымдылықпен, түсіністікпен қарап, көмек көрсетемін деп талай жапа шеккенім де естен шыққан жоқ.
Ішке кіріп, екінші қабатқа көтерілдім. Алдымда тұрған Үш бидің мүсіндерінің қасына тоқтадым Бұрын әр күні таңертеңгілік кіріп келгенімде осы үш би мүсініне сәлем беретінмін. Бүгін де осы үш биге ыждағаттылықпен тағзым еттім. Әріптестеріме рақмет, абдырап тұрған маған лезде қызметтік кабинетімді көрсетіп, қажетті кеңсе құралдарымен жабдықтап берді .
... Сот ғимараты сол баяғыдай келушілерге толы. Бір- бірімен дауласып, әділ шешімін беруді сұрап келіп жатқан жандар.
Қызметтік кабинетімде отырып, компьютердегі заңдар жинақтау базасынан Заңдарға енгізілген өзгерістермен танысып, зерделедім.
Міне осылай, 2003 жылы жарақат алған соң да айығып , қызметіме қайта келген кездегідей жігерлі сезіммен, ұшқыр оймен, жұмысқа деген ыстық ықыласпен судья ретіндегі жұмысыма қайта кірісіп, жаңаша жағдайға бейімделіп, үйренудемін.
Фото: АиФ
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.