Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан негізгі отбасылық бағдарламаларды, олардың жаңалықтарын, қол жеткізген нәтижелерін, қиындықтарын және болашақ бағыттарын жан-жақты қарастырамыз,- деп хабарлайды turkistan.today
Түркістан облысы отбасылық бағдарламаларды жан-жақты әрі белсенді жүзеге асырып келеді. «Қамқорлық», «Бақытты отбасы», «Келешек», «Кәсіпкер ана», «Мерейлі отбасы» және басқа да бастамалар арқылы отбасыларға материалдық, әлеуметтік, мәдени-рухани қолдау көрсетіледі.
Қазіргі уақытта бағдарламалар айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде: тұрғын үймен қамту, әлеуметтік жағдайды жақсарту, білім мен кәсіпке қол жеткізу, отбасы құндылықтарын насихаттау. Алайда, ресурстар шектеулілігі, басқару мәселелері және бағдарлама сапасын қамтамасыз ету — шешуді қажет ететін қиындықтар.
Болашақта интеграцияланған тәсіл, мониторинг жүйесінің жетілдірілуі, бағдарламалардың географиялық таралуы, қоғамдық серіктестік және инновациялық жобалардың енгізілуі — отбасылық бағдарламалардың тиімділігін әрі қарай арттыру жолы болмақ.
Айта кетелік, "Мерейлі отбасы" жобасы – 2014 жылдан бері Қазақстанда отбасылық құндылықтарды нығайту, жанұя әл-ауқаты үшін қолайлы жағдай жасау және демографиялық өсуді ынталандыру мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды мемлекеттік бағдарлама. Бұл жай ғана шаралар кешені емес, отбасына және оның қоғамдағы рөліне қатысты әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысатын ауқымды жоба. Биыл отбасылық құндылықтарды насихаттап, өнегелі отбасыны елге үлгі ететін жобаның ұйымдастырылып келе жатқанына 10 жыл болды. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі аталған жобаның Түркістан облысы бойынша қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
Түркістан облысында 2024 жылы жастар және жас отбасылар арасында отбасылық рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында "Мерейлі отбасы - 2024" ұлттық байқауы өткізу жоспарланып отыр екен. Осымен тоғызыншы рет өткізілетін байқауға облыс көлемі бойынша 131 жанұя өтініш білдіріпті.
Түркістан облысы әкімінің отбасы және әйелдер істері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Инара Намазбаеваның сөзінше, “Мерейлі отбасы” дәстүрлі отбасы құндылықтарын, бала алдындағы жауапкершілік пен үлкенді құрметтеуді насихаттайтын жоба.
“Жоба әртүрлі отбасылардың тұрмыс-тіршілігі мен дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға атсалысады. Сондай-ақ елімізде бұрыннан қалыптасқан ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттауға үлес қосады. "Мерейлі отбасы" – ұзақ мерзімді бағдарлама. Ол бірнеше жыл бойы жүзеге асады. Бұл Қазақстанда неғұрлым әділ және гүлденген қоғам құру жолындағы маңызды қадам”, – деді Намазбаева.
Айта кетейік, “Мерейлі отбасы” жобасы 2023 жылы да жақсы нәтижелерімен қуантты. Мысалы, өткен жылы аталған бағдарламаға қатысуға 143 отбасы өтініш білдірген.
Республика көлемінде айрықша сипатқа ие болған жобаның бірінші кезеңінде 31 отбасы жеңімпаз атаныпты. Бүгінгі отбасылардың ерекше үлгісіне айналып, өзгелерге үлгі болған отыз бір отбасының ішінде 6 жанұя оза шығып, облыс бойынша үздік отбасы атағын алған.
“Мерейлі отбасы” байқауының нәтижесі бойынша, Төлеби ауданындағы Әбілдаевтар әулеті бірінші орынды иеленген. Аталған әулеттің келіні Гүлжазира Оңалбаеваның сөзінше, атасы Әбілдаев Сәбит 88 жаста, ал әжесі Айымжан 80 жаста екен. Осы кісілердің тәлім-тәрбиесінің арқасында өнегелі отбасыға айналып отырмыз дейді.
"Төле би ауданы, Леңгір қаласында тұрамыз. Ата-енем 40 жыл мұғалім болған. Атам Әбілдаев Сәбит 88 жаста, енем Әбілдаева Айымжан 80 жаста. Ата-енем жеті бала-шағаны өсіріп, жетілдірген. Қыздарының барлығы ұстаз. Ал ұлдары әртүрлі салады қызмет істейді. Осы әулеттің екінші баласы менің жолдасым. Екеуміз бес баланы оқытып, тәрбиеледік. Барлығы оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар. Біздің отбасының басты құндылығы ынтымақтаса, бірлесіп, сүйіспеншілікпен, құрмет және сыйластықпен өмір сүру”, – дейді Оңалбаева.
Айтуынша, байқауға қатысуға Төле би ауданы әкімдігі ұсыныс жасаған екен. Сосын бағымызды сынап көрдік дейді.
Сонымен қатар, аталған байқаудың 2023 жылғы қорытындысына сәйкес, екінші орынды Түлкібас ауданынан Айтбаевтар отбасы мен Түркістан қаласынан Бейсенбаевтар отбасы иеленген. Ал 3 орынды Қазығұрт ауданынан Смаиловтар отбасы, Шардара ауданынан Ақжаровтар және Сарыағаш ауданынан Ергешовтер отбасы бөліскен екен.
"Мерейлі отбасы" жобасы 10 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы құндылықтарын нығайтудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Себебі, қазақ елі үшін отбасы – киелі ұғым, қастерлі құндылық. Адам тәрбиесінің негізі отбасында қаланады.
Облыс бойынша бұдан бөлек отбасылық құндылықтарды қалыптастырып, нығайту мақсатында 2024 жылға арналған іс-шаралар жобасы бекітілген. Іс-шаралар қатарында, жас жанұялар арасында зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын алу мақсатында "Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан", "Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ", "Біз бақытты баламыз" тақырыптарында төрт дөңгелек үстел, төрт семинар-тренинг және үш кездесу ұйымдастырылыпты. Аты аталған жобаларға 348 жас пен 34 ата-ана қатысыпты.
Сондай-ақ биыл аудан, қала көлемінде отбасын жаңа құрған жанұяларға отбасылық құндылықтардың маңыздылығын түсіндіру, отбасы беріктігін сақтау, ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінің алдын алу мақсатында "Шаңырақ" жобасы ұйымдастырылыпты. Аталған жоба барысында семинар-тренинг өткізілмек.
Сондай-ақ енді ғана отау құрып, шаңырақ құрған жанұялар арасында отбасы күніне орай жастарды салт-дәстүрге баулу, тұлғалық даму және өзін-өзі тəрбиелеу, дамыту қабілеттерін қалыптастыру мақсатында "Бақытты отбасы – бақытты ел" тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастыру жоспары бар екен.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда "Мерейлі отбасы" байқауына 3 369 үміткер қатысуға ниет білдірген.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, өтінімдердің басым бөлігі Қарағанды, Жетісу, Қызылорда облыстарынан, Астана мен Алматы қалаларынан түскен.
Ұлытау, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары тұрғындарының белсенділігі төмен болыпты. Өтінімдерді тек қатысушылар ғана емес, ұйымдар мен еңбек ұжымдары да тапсырған. Олар 1 482 отбасыны ұсынған.
Еске салайық, "Мерейлі отбасы" байқауының марапаттау рәсімі дәстүр бойынша Отбасы күні қарсаңында өткізіледі. Жеңімпаздар 1 миллион теңгеден алады. Аталған жобаға 10 жыл ішінде 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.
Сондай-ақ, Түркістанда 100-ге жуық отбасы баспаналы болды.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.