Билік стрестік активтерден толық арылуға бел буды

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Экономика 14 тамыз, 2023

Қазақстанда "тәуекелдері төмен" 7 банк қана қалды, деп хабарлайды Turksitan Today.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық сектор ойыншыларына хабар салды. Ведомство "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірлегені туралы хабардар етті.

Қаржылық реттеушінің түсіндіруінше, Президенттің тапсырмасымен әзірленіп отырған бұл құжаттың бір міндеті – стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту, осындай активтерді экономикалық айналымға тарту үшін реттелетін инфрақұрылым мен нарықтық тетіктерді құру болады.

Экономист, экс-депутат Анатолий Бойчиннің мәліметінше, Қаржы нарығын реттеу агенттігі "стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту" үшін бұдан бұрын да заң әзірлеп, ұсынған болатын. Ол да Президенттің тапсырмасымен жазылған. "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталған заңды өткен шақырылымдағы Парламент қабылдап, Президент 2022 жылғы шілдеде қол қойды. Бірақ одан нәтиже шықпағанға ұқсайды.

Бүгінде қолданыстағы сол заңның бірнеше жаңалығы болды. Біріншіден, стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімі кеңейтілді. Бұрын бұл өзіндік "жабық каста" саналатын. Авторизацияланған сатып алушылар тізіміне тек биліктің Проблемалық кредиттер қоры, банктер, банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдары, коллекторлық агенттіктер сияқты қаржы ұйымдары ғана кірді. Былтыр тізім кеңейтіліп, ол қатарға бизнесмендер қосылды: банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторларға сатып алуға құқық берілді.

Екіншіден, заң жобасы Қазақстанда сервистік компаниялар (СК) институтын құрды. Олар инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтер көрсетеді. СК активтерді сенімгерлік басқарады, өндіріп алудың жеке стратегиясын іске асырады және стрестік активтердің иелеріне басқа да қызметтер көрсетеді.

Бірақ жаңа институт белсенді дамыған жоқ. Салдарынан, қаржы ұйымдарын күйзелтетін активтерден, қайтарылмайтын кредиттерден арылту ісі дағдарды. Бұл Қазақстанның қаржы секторында жаңа дағдарысқа соқтыруы да ғажап емес.

Мұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мойындап отыр. Сондықтан Президенттің жаңа тапсырмасымен жаңа заң жазды.

"Қазіргі уақытта стрестік активтерді сатудың нарықтық тетіктері шектеулі болып тұр. Стрестік активтерді сатып алуға деген сұраныс жоқ. Бұған активтердің әділ құнын айқындау кезінде әлеуетті сатып алушылар мен сатушылардың ұстанымдарының алшақтауы, баға бойынша келісе алмауы да ықпал етеді. Бұл банктерге, БОЖТЖҰ-ларға (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға) және микроқаржы ұйымдарына капитал мен өтімділіктерін толық көлемде босатып, оларды экономиканы кредиттеуге бағыттауына мүмкіндік бермейді", – деп түсіндірді агенттік мамандары.

Олардың айтуынша, стрестік активтерді экономикалық айналымға тартуды жеделдетуге кедергі келтіретін бірнеше кедергі бар:

  • стрестік активтерді сатудың нарықтық тетіктері шектеулі;
  • Банк, БОЖТЖҰ, МҚҰ өз меншігіне айналдырған қарыз кепілзаттарын, түрлі мүлікті өткізуге арналған сауда-саттық пен аукциондарды өткізу процесі ашық емес, көлеңкелі. Әрі оған қатысушылардың әрекеті бұлыңғыр;
  • банктердің, БОЖТЖҰ-лардың және МҚҰ-лардың стрестік активтерін сатуды реттейтін бірыңғай қағидалар мен талаптар жоқ көрінеді.

Жаңа заң жобасында не ұсынылады?

Қарабайыр тілмен айтсақ, Мәдина Әбілқасымованың мекемесі банктердің, қаржылық ұйымдардың, микроқаржы ұйымдарының қолына көшкен жер телімдерін, пәтерлер мен коттедждеді, кәсіпорындар мен акцияларды және басқа дүние-мүлікті сататын жеке "базар" құруды ұсынады. Оларды сатып алғысы келетін кез келген жан соған бас сұғады. Ол қара базар – электрондық сауда алаңы деп аталады.

"Стрестік активтер нарығын дамыту жөніндегі шаралар кешенінің тиімділігін толық қамтамасыз ету үшін жаңа нарықтық тетіктерді дамытуымыз қажет. Халықаралық тәжірибені ескерсек, ең тиімді шешім – банк активтерін сату бойынша жеке электрондық сауда алаңын құру болып табылады. Бұл нарыққа қатысушылар әрекетінің ашықтығын және әділ баға белгілеу кепілдігін қамтамасыз етеді, стрестік активтерді экономикалық айналымға тартуды жеделдетеді", – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мамандары.

Ведомствоның ұстанымынша, бір немесе бірнеше электрондық сауда алаңы стрестік активтер нарығына қатысушылардың құқықтарын да қорғайды. Ол алаңдардан "уәкілетті орган белгілейтін талаптарға, заңнамалық және ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптарға сәйкес келу" талап етіледі.

"Электрондық сауда алаңдарын құру стрестік активтерді әлеуетті сатып алушылардың аудиториясын кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық инвесторлар үшін нарықты ашуға да мүмкіндік береді", – деп түсініктеме берді агенттік.

Экономист ғалым Марат Ерғозин стрестік активтер проблемасы дәл қазір 2000-шы жылдардағыдай өткір тұрмағанын айтады. Ол заманда қарызы қайтарылмағандықтан, қаржы ұйымдарының меншігіне өткен зауыт-кәсіпорындардың, басқа да жылжымайтын, жылжитын мүліктің ауқымы он триллионнан асып кеткен еді. Банк секторының "улы активке" уланып, күйреу қауіп туындады. Содан 2016 жылдан бастап, банк секторын сауықтыруға бағытталған шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде 6,7 триллион теңге сомасындағы стрестік активтер есептен шығарылыпты, бизнес үшін жаппай қарыз кешіру науқаны жүргізілді.

2023 жылдың басында стрестік активтердің мөлшері шамамен 2,3 триллион теңгені құрады. 2022 жылы да осы көрсеткіш тіркелген. Бұл банк жүйесі активтерінің шамамен 6%-ына тең.

Салыстырсақ, 2019 жылы жүргізілген активтердің сапасын тәуелсіз бағалау қорытындысы Қазақстанда стрестік активтердің үлесі банктердің несие портфелінің 21%-ына жеткенін көрсеткен еді.

2020 жылдан бастап, отандық банктер агенттіктің келісімі бойынша стрестік активтерді азайту жөніндегі жеке жоспарларын іске асыруда. Соңғы екі жыл ішінде 648 миллиард теңгеге проблемалық қарыздар есептен шығарылып, жойылды.

"Стрестік активтерге" төлемінің тоқтатылғанына 90 күннен асқан кредиттер, қайта құрылымдалған кредиттер, өндіріп алынған мүліктер және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері жатады.

Сонымен, сарапшылардың айтуынша, бүгінде стресті активтердің деңгейі Қазақстанның қаржы секторына, сондай-ақ тұтастай алғанда елдің қаржылық тұрақтылығына үлкен қауіп төндірмейді.

Алайда банктердің, олардың еншілес ұйымдарының, микроқаржы ұйымдарының балансында стресті активтердің салмақты көлемі қордаланып қалды. Олардың арасында мыңдаған жер телімі, егістік жерлер, шабындықтар, түрлі ғимараттар, пәтерлер, үйлер мен кеңселер, өндірістік объектілер мен кәсіпорындар, саналуан әрі аса құнды жабдықтар пайдаланылмай, босқа жатыр. Олардың бәрін экономикалық айналымға тезірек тарту маңызды. Сонда олар әлемдегі күйзеліс аясында шатқаяқтаған ел экономикасына серпін беруі мүмкін.

Бұдан бөлек, қаржы ұйымдарын сауықтыру мәселесе де әлі өзекті. Банк секторының тұрақтылығын сақтау үшін 2022 жылы Қазақстан осы салада тәуекелге бағдарланған қадағалауға толыққанды көшті. Оның негізгі элементтеріне – SREP (Supervisory Review and Evaluation process) қадағалау моделі, тұрақты AQR (Assets Quality Review) жүргізу және қадағалап стресс-тестілеу жатады.

Былтыр банктердің тәуекелдерін сапалық және сандық тұрғыдан бағалауды қамтитын SREP әдіснамасы бойынша жүргізілген толық ауқымды қадағалап бағалаудың қорытындысы көңіл көншітпейді. Елдегі 7 банктің ғана "тәуекелдері төмен" екені анықтады. Тағы 8 банк "тәуекелдері қалыпты төмен" саналады. 5 банк "тәуекелдері қалыпты жоғары", ал 1 банктің "тәуекелдері жоғары" болып шықты. Яғни, тағы 6 банк дәрменсіздік алдында тұрғандай.

Бұған дейін елде 10 банк жабылған болатын. Оларды ликвидациялау шаралары жалғасуда.

5.4k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.