Патшалық Ресей заманында Том губерниясына қарасты Бийск уезі деген болды. Бұл әкімшілік бірліктің үлкендігі соншалық, солтүстік шеті Барнауыл қаласына барып тірелсе, оңтүстігі Азия құрлығымен қанаттасып жатты. Осы уезге қарасты 25 болыстың бірі Ануйде қазақтар өмір сүрген екен. Мына фотолар осы алтайлық қандастар өмірінен сыр шертетін шежіре десек те болады.
Бұл фотоны түсірген адамның аты – Иван Робертович Томашкевич. Мамандығы – фотограф. Ұлты – поляк. Өздеріңіз көріп отырғандай фотосуреттің шекесінде «Виды Алтая (Томская губ., Бійкій уіьздъ)» деген жазу тұр және автор бұл суретті 1900 жылы түсіргені туралы баяндапты. Келесі, назар аударарлық дүние – фотодағы «№78. группа киргизовь» деген жазу. Бұл мәліметті былай тәпсірлеуге болады: фотограф Сібір өлкесін жаяу-жалпы аралап мыңдаған фото түсірген. Оларды әртүрлі тақырыпқа жіктеп, нөмірлеген. Мына фото «Виды Алтая» атты топтаманың ішіндегі 78-нөмірлі жәдігер. Екінші фотода киізүйдің алдында әйел-еркегі аралас бір топ адам отыр. Жәдігердің шекесіне «Группа киргизовъ и ихъ юрта» деген жазу таңбаланыпты.
И.Р.Томашкевичтің өмір-тарихына қатысты дерек шамалы. Десе де, 1890 жылдары Том қаласында тұрақтап, Алтай өлкесін көктей өтіп фото түсірген. Нәтижесінде, 1899 жылы Красноярск қаласында Сібір өлкесінде тұңғыш салынып жатқан Транссібір теміржолы жайлы фотоальбомын шығарған.
Біздің қолымыз түскен тағы бір дерек, 2012 жылы жарық көрген «Поляки в Томске» атты монографияда: фотограф Томашкевич Том қаласында Береговая көшесінде тұрғаны және қалалық әуесқой фотосүйерлер қоғамын басқарғаны айтылыпты және 1900 жылдан бастап Алтай өлкесін аралап фото түсірген. Нәтижесінде, «Алтай келбеті» атты альбом шығарған. Мына фотоларды осыдан алып жариялап отырмыз.
И.Томашкевич Алтай қазақтарының тек фотосын түсіріп қана қойған жоқ, олардың өмір салты, тұрмысы туралы естелік жазып қалдырған. Мысалы, өзінің «Царизм. Виды Алтая» атты жинағының «Киргизки» атты шағын анықтамалығында: «Мұндағы қазақтар өмірі бір қарағанда тым сүреңсіз. Үстерінен мал сүтінің исі шығып тұрады. Бірақ бұлар еңбекқор халық. Әсіресе әйелдердің шаруақорлығы таңғаларлық. Қолдағы мал-сұлды бағып-баптау, ас-су дайындау сияқты отбасылық тұрмыстың барлық ауыртпалығын осы әйелдер арқалайды. Сонымен қатар киіз басып, ши тоқып, үй-ішінің барлық құрал-жабдығын дайындайды. Қырғыз (қазақ) әйелдері ұзын етек көйлек, аяқтарына ұзын қоныш етік киеді. Бас киімдеріне қауырсын – үкі тағып, сәнденеді», деп жазыпты (суретте).
* * *
Осы орайда, қиырдағы Алтай өлкесінің шұрайлы мекені «Бийск уезіне қазақтар қашан барды?» деген сұрақ туары анық. Бұл сұраққа жауап іздеп көрдік. Бір қызығы, бұл қазақтар сол жерде әлі тұрып жатыр. Қазіргі әкімшілік атауы – Ресей Федерациясы, Алтай Республикасы, Усть-Кан ауданы (Кан-Оозы) Черный Ануй селосы. Ауылдық округке (бөлімшелерін қосқанда) қарасты 8000-ға тарта тұрғын болса, осылардың 30 пайызы қазақ, 30 пайызы орыс, 30 пайызы алтайлықтар көрінеді.
Ал жоғарыдағы «қайдан келді?» деген сұраққа келер болсақ, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің ғылыми қызметкері И.Октябрскаяның «Крещенные казахи Алтая. Конфессиональный фактор в этнический истории ХІХ-ХХ веков» атты кітабы 2005 жылы Новосібірде жарық көрген. Осы монографияда Ануй өзенінің бойына қазақтар ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында, яғни 1760-1770 жылдары қоныстанғаны жайлы айтылыпты. Ал Қазақстанның жас ғалымы Тимур Козеревтің 1997 жылы «Шалқар» газетінде жарық көрген «Тұраты қазақтары» атты зерттеу еңбегінде, бұл өңірге қазақтар 250 жыл бұрын қоныстанған делініпті.
Бұл құжаттар Ануй қазақтарының қоныстану тарихы тым тереңде жатқанын көрсетсе, жергілікті қандастардың айтуы бойынша, ерте кезде бір жігіт көңілі жарасқан қызды айттырып қойған жерінен алып қашып, осында келіп паналаған-мыс. Бұлардың соңынан ұлықтардан жәбір көрген немесе барымта-сырымтаға байланысты елден қашқан немесе патша өкіміне қарсы келіп жандаралдың кәріне ұшыраған қазақтар қосылып, уақыт өте келе бір қауым елге айналған.
Тарих үшін айта кеткен жөн шығар: патшалық Ресей кезінде Бийск уезінде өмір сүріп жатқан орыс емес халықтарды шоқындыру ісі қолға алынып, «Алтай миссиясы» құрылды. Оның рухани-әкімшілік орталығы ретінде Бийск қаласы таңдалды. Сөйтіп, 1870 жылдардан бастап мұндағы қазақтарды шоқындыру ісі қарқынды жүргізілді.
ХХ ғасыр басында халықтың көз-құлағы саналған «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №235 санында Том губерниясы, Бийск уезінде тұратын Иван Семенович Кусков деген қазақтың (қазақша аты-жөні – Сағындық Тұяқұлы) мақаласы жарияланған. Онда: «Біз 100 үйден астам қазақ бармыз. Ата-бабамыз орысқа кіріптар болып шоқынып жатыр» деп мұңын шағып, барша қазаққа хат жолдапты (Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы: Санат, 1995. – 76-б.).
Бийск қазақтарының діни ахуалын ұзақ жыл зерттеген И.В.Октябрская ханым мынадай бір қызық дерек келтіреді. Оның айтуынша, мұндағы қазақтар христиан дінінің икондарына бір сыйынып алып, артынан қолын жайып өздері білетін аят-дұғаларды оқып, тәңірден қазақша медет тілейтін болған. Осыған қарағанда қос дінді қойыртпақ құлшылықта болған тәрізді.
* * *
Тарихтан білеміз, 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда жалпы қазақ съезі өтті. Жиынға Самарқан облысы мен Алтай губерниясы (бұл губерния 1917 жылы Том губ. бөлініп, жаңадан құрылған) атынан – 58 өкіл, әртүрлі қазақ ұйымдарынан – 8 өкіл, арнайы шақырумен – 15 адам, барлығы – 81 адам қатысқаны туралы дерек бар. Осы мәртебелі жиында алтайлық қазақтар атынан барып сөз алған Сағадат Шағимарданов деген азамат Алтай губерниясы Бийск уезіне қарасты қазақтарды Қазақ автономиясының құрамына алу туралы ұсыныс айтып, онысы бірауыздан мақұлданған көрінеді.
Бұл деректен біз бийскілік ағайындардың ұлт мәселесінде қырағылық танытып, сонау итарқасы қияндағы Алтайдан Орынборға келіп, жиынға қатысып, өздерін бүтін қазақтың құрамынан орын алуға деген талпынысын аңғаруға болады. Бірақ кеңес өкіметі орнауына байланысты Қазақ автономиясы жұмысын тоқтатып, бұл үміт ақталмады.
Осы жылдары Алтай губерниясы «Ойрат автономиясы» болып құрылып, қазақтар қазақша мектеп ашып бала оқытудың қамын жасады. Бұларға көмектесу үшін Алаш арыстарының бірі, семейлік Мәннен Тұрғанбаев 1932-1936 жылдары Ануйдағы жетіжылдық мектепте оқытушы болып жұмыс істеді.
Ал бұл қандастардың қазіргі ахуалына тоқталар болсақ, Черный Ануй ауылдық округіне қарасты Тұраты және Қарақол бөлімшелері бар. Тұраты ауылында түгелдей дерлік қазақтар тұрады. Олар жылқы көп ұстайды. Өлкенің шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейді. Ендігі күрделі дүние – тіл және оқу мәселесі.
Бұл ағайындардың рухани болмысына назар аударып, әсіресе мұсылманшылық әлеуетін көтерумен айналысып жүрген Таулы Алтай қаласының тұрғыны Аманкелді Қобдабаев деген азамат бар. Жуықта бұл кісімен хабарласқанымызда былай деп аманат айтты: «Бұл қандастар баяғыдан бері өз бетімен өмір сүріп үйренген жандар. Сырттан көмек-қолдау күтіп, қол жаятындар қатарынан емес. Сондықтан да болар Қазақстанда болып жатқан жақсылық-жаңалықтардан бейхабар. Егер сіздер жақтан (Қазақстанды айтады) демеушілер табылып, Отау ТВ немесе Алма ТВ-нің он шақты табақшасын әкеліп, 10 үйге орнатып кетсе болғаны. Сол арқылы «Ұлттық арна», «Балапан», т.б. рухани-ағартушылық хабар тарататын арналарды бір көрсетсе жетіп жатыр. Он жылдан кейін таза қазақ болып шыға келер еді». Ендеше, халқым дегенде түн ұйқысын бөліп, қазақ дегенде қабырғасы қайысатын азаматтар болса бұл соншалық қиын шаруа емес секілді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.