Желіде “салт-дәстүрлер діннен шығады” деген уағызшының видеосы тарады. Видеода уағыз айтушы жеті атадан қыз алысу діннен алынғанын айтады. Бұл бейнежазба желі қолданушыларының талқысына түсті, деп хабарлайды Turkistan Today.
Одан бөлек, тағы бір уағызшының “домбыра — харам” деп айтқан видеосы тарап, көптің ашуын туғызды. Желі қолданушыларының біразы салт-дәстүрге тиісуге болмайтындығын, бұл ұлтымыздың ұйытқысы екенін айтуда. Бұл туралы белгілі мәдениеттанушы Бердалы Оспан “Адырна” ұлттық порталына пікір білдірді.
ЖЕТІ АТАДАН АСЫП ҚЫЗ АЛЫСУ ИСЛАМ ДІНІНЕН БҰРЫН ПАЙДА БОЛДЫ
Айтуынша, жеті атадан қыз алысу салты ислам дінінің пайда болуынан бұрын шыққан.
“Ғаламторда түрлі діндарлардың салттар туралы түрлі сөздері шығып жүр. Салттар туралы айтпастан бұрын, олар туралы ғылыми зерттеулер бар ма, жоқ па дегенді айтуымыз керек. Ондай ғылыми кітаптар бізде жеткілікті. Мысалы, Ғылым академиясы осыдан 22 жыл бұрын “Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің өткені және бүгіні” деген ғылыми жинақ шығарған. Бұл жерде сол қазақтың салт-дәстүрін көптеген нақты дәлелдерден білуге болады.
Сондай-ақ, Алматы қаласында “Балауса” баспасы да 2017 жылы “Қазақ салт-дәстүрлері” деген кітап шығарды. Авторы — Әлижан Тауұлы. Бұл жерде де қазақтың салттары туралы нақты дәлелдермен жазылады. 1993 жылы С.Қалиев және Ж.Базилив деген ғалымдар “Қазақ халықының салт-дәстүрлері және демократ ағартушылары” деген, Құсайын Тәкежанұлы деген ғалым 2014 жылы “Ежелгі қазақ әдет-ғұрыптары” деген, Халел Арғынбайұлы 1996 жылы “Қазақ отбасы” деген, осы ғалымның 1973 жылы шыққан “Қазақ халқындағы семья мен неке тарихи атнографиялық шолу” атты кітапта да көптеген қазақ салттары, қазақтың өмірі жан-жақты баяндалады. Бұдан бөлек бірнеше ғылыми кітаптарды тізіп айта беруге болады. Барлығында қазақ салт-дәстүрлерінің шығу тарихы мен маңыздылығы айтылады.
Видео кейіпкері жеті атаны арабтардың хадисінен шығарып отыр. Жеті ата түсінігі меніңше, ислам, құранға дейінгі жолдан өтті. Барлығымызға белгілі жақын адамдар бір-біріне үйленсе, ауру бала дүниеге келеді. Медицина да бұл дәлелденген”, — деді Бердалы Оспан.
Сондай-ақ, ол видео кейіпкері нақты дәлел келтірмегенін айтты.
“Қазақта исламға дейін көп салттар болды. Видеодағы кісі нақты дәлел келтірмеген. Ол “хадисте ғарибу деген бөтеннен алыңдар, сонда дендерің сау болады” дейді. Бірақ нақты дәлелдемейді. Құранда қай бетінде жазылған? Ол туралы айтылмайды. Арабта жеті ата деген салт бар ма? Ал қазақта бар.
Қазақ салттары туралы, қазақ өмірі туралы өте көп білген жан-жақты ғұлама ғалым Жағда Бабалықұлы деген кісі 7 саны қасиетті деп келе, мынандай сөздерді келтіреді: Жеті жұрт, жеті қасына, жеті әлем, жеті қат жер, жеті қат көк, жеті тозақ, жеті су, жеті әулие, жеті ру, жеті жаста баланың тісінің түсуі деген ұғымдардың бар екенін айтып келеді де, табиғаттағы жеті қазына мыналар дейді: көк аспан, күн, от, ай, су, ит, жер. Одан бөлек, Жағда Бабалықұлының айтуынша, біз жеті қазынаны емес, адамға қажетті жетпіс жеті қазынаны табуға болар еді, дейді. Бұл — үлкен ұғым, терең сөз.
Қазақта хандар, сұлтандардың балаларына “сен жеті тіл білуге міндеттісің” деп тәрбие береді. Себебі, қазақта “жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер” дейді. Міне, осындай бір нақыл сөз бар. Бұл бәрімізге қатысты. Біз өз тарихымызды білуіміз керек, тарихын білмеген адам, адам болудан қалады.
Жеті атамызды атасақ: бала, әке, ата, арғы ата, баба, түп ата, тек ата. Атадан балаға жалғасып келе жатқан тарих осылай сақталады. Бұл жеті атадан аспай қанның араласпауының кепілі”, — деді мәдениеттанушы.
Жеті санының қасиеті туралы айта келе, Бердалы Оспан салт-дәстүр сақ заманынан бұрын қалыптасқанын тілге тиек етеді.
“Әбдеш Төлеубайұлының “Исламға дейінгі салттар туралы” жазған кітабында байырғы түркілер адам қайтыс болған кезде құрбандық шалады екен. Сол құрбандық шалмастан бұрын, атқа мініп, үйді 7 рет айналады екен. Сонда неге 8 рет емес? Неге 15 рет емес? Неге 7 рет? Бұл нені білдіреді? Бұл біздің салттардың сонау байырғы заманнан бері 7 санын қасиетті деп танығанын білдіреді.
Наурыз көжеде де жеті түрлі тағам қосады. Осы наурызды да исламдікі дейтіндер де бар. Бірақ ол исламға дейін болды. Оны Фирдауси ақын Шаһнама жырында айтып кеткен.
Қазақтың салттары сақ заманынан бұрын қалыптасқан. Грек жылнамашыларынан оқысақ та салттың сақтан бар екенін білеміз. Ал жеті атаның пайда болуы — қан араласпасын дегеннен. Бәрімізге белгілі қазір қан топтары бар. Оны ең алдымен Америкада, содан соң Еуропада зерттеген. Ал бабаларымыз, ескі заманнан медицина дамымай тұрып, өз түйсіктерімен жеті атадан аспай қыз алыспауға қатаң тыйым салған.
Қазір түрлі молдалардың видеолары тарап кетті. Олар ағайындылар қыз алыса береді дейді. Сөйтіп, бұлар елді ірітіп жатыр. Қан араласуды дұрыс дегенді қылмыс деп ойлаймын. Медицина дәлелдегенді жоққа шығаруда. Бұл іріткі салу”, — деді ол.
САЛТ-ДӘСТҮР АДАМДАРДЫ ЖАҚЫНДАСТЫРҒАН
Одан бөлек, желіде 1980 жылы Сағат Әшімбаевтың “Парыз бен Қарыз” бағдарламасына Рәтбек қажының берген сұхбаты жарияланды. Қажының сөздері жоғарыда атап өткен уағызшылардың пікірінен бөлек. Онда ол қазақ халқы шариғатпен емес, әдет-ғұрыппен басқарылғанын айта кетті. Бұл жөнінде де Бердалы Оспан пікір білдіре кетті.
“Рәтбек қажы өте дұрыс айтып отыр. Себебі, қоғамда дұрыс өмір сүру үшін белгілі бір ереже ойлап тапқан. Олар біздің салттарымыз. Салтпен жүрсе адам жаңылмайды. Қазақта салттардың көп болу себебі осы. Әр жағдайға салт ойлап тапқан, және оны ұстанған. Салт-дәстүр адамдарды жақындастырған.
Дінді әр жерге тықпалай беруге болмайды. Оның абыройын түсіреді. Қазір уағыз айтатындар көбейіп кетті. Оны ұстаз дейді оның үстіне. Бірақ ұстаз олар емес. Ұстаз деп Абайды, Ахметті, Ыбырайды, Міржақып сынды ұлт зиялыларын айтамыз”,- деп сөзін аяқтады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.