Дұрыс! М.Әшімбаев вице болам дегендер 2 жыл өңірде істесін депті

Дұрыс! М.Әшімбаев вице болам дегендер 2 жыл өңірде істесін депті

Орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін қызметшілердің көпшілігінде өңірде жұмыс тәжірибесі жоқ. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп Turkistan Today хабарлайды ҚазАқпарат дереккөзіне сүйене отырып.

«Бүгінгі таңда көптеген жас маңызды орындарға көтерілуде. Бұл дұрыс. Мұндай саясатты толығымен қолдаймын. Сонымен қатар бүгінде орталық мемлекеттік органдарда өңірлік тәжірибесі жоқ адамдардың жиі жұмыс істейтіндігі жасырын емес. Мәселен, өткен жылы орталық мемлекеттік органдар қызметшілерінің тек 21 пайызында ғана өңірде тәжірибесі болған. Ал оның ішінде тек 18 пайызының ғана басшылық лауазымда жұмыс тәжірибесі бар екенін көріп отырмыз. Яғни, бұл адамдар жергілікті жердегі жұмыстың ерекшелігін білмейді. Екінші жағынан қабылданып жатқан шешімдер жергілікті жерде орындалмауда», - деді Сенат төрағасы «Ашық үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті: есту, түсіну және әрекет ету» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.

Осы ретте ол орталық пен өңірлер арасында мемлекеттік қызметшілерді жүйелі түрде ротациялаудың маңызы зор екенін айтты .

«Осы жылдың наурызында мемлекеттік қызметшілер туралы заң аясында Парламент қызметшілерді ротациялау туралы норма қабылдады. Бұл процесті күшейтудің құқықтық негіздерін жасады. Ротация тетігі іс жүзінде жұмыс істеуі және қызметішлерді негізгі позицияларға ілгерілету кезінде нормаға айналуы маңызды. Мәселен, министрдің орынбасары лауазымына үміткер маманның өңірде 2 жылдық тәжірибесі болу керек деген талапты енгізуге болады. Бұл орталық атқарушы органдардағы негізгі басқарушылардың жергілікті жердегі жағдайды білуі үшін өте маңызды. Сонымен қатар ротация тетігі тек «орталық-өңір» бағытында ғана емес, сонымен қатар өңірлер арасында көлдең жүргізілгені жөн. Мысалы, «батыс-шығыс» немесе «солтүстік-оңтүстік», - деді Мәулен Әшімбаев.

Яғни, оның атап өтуінше, солтүстіктің мемлекеттік қызметшілері оңтүстікте, батыстың мемлекеттік қызметшілері шығыста жұмыс істеуі қажет. Және бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.

«Бұл елдегі басқару жүйесін интеграциялау, мемлекеттік аппараттағы жершілдікті төмендету үшін қажет. Сенат қажеттілігіне қарай тиісті заңнамаға жаңа өзгертулер мен толықтыруларды дайындауға қатысуға дайын», - деді Сенат спикері.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0