Бүгін Астанада жаңа Конституция жобасын талдауға арналған «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» атты партияаралық диалог өтті,– деп хабарлайды turkistan.today
Партияаралық диалогта «AMANAT», «Ауыл», Respublica, Қазақстан Халық партиясы, «Байтақ», «Ақжол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары атынан 14 спикер қатысып, жобаның маңызды тұсына қатысты пікір айтып, халықтан түскен сауалдарға жауап берді.
Бағдарлама төрт раундтан тұрды:
• Жаңа Конституция нормаларын түсіндіру;
• Жүргізушілердің сауалдарына жауап беру;
• Халықтан келген бейнесұрақтарға жауап беру және үндеу.
Дискуссия алаңында тәуелсіздік пен ұлттық бірлік, ұлттық валюта, дербес деректер, халықаралық шарттар мен жер, «Миранда» ережесі сияқты жаңа Конституция жобасына енген нормалар туралы айтылды.
Бірінші раундта: Партия өкілдері жаңа Конституция жобасына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Оның барысында «AMANAT» партиясының өкілі Айдос Сарым ұлттық кодтың сақталуы ел тәуелсіздігі үшін маңызды екенін айтты.
«Жаһандану заманында өзге елден өзгешелігімізді, ұлттық кодымызды сақтап қалу маңызды. Біздің дәстүріміз, тіліміз бен дінімізді сақтай білсек қана мемлекеттің іргетасы берік болады», - деді Айдос Сарым.
«Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев жаңа Конституция жобасының 8-бабының 3-тармағына тоқталды. Депутат жер қойнауындағы байлықтан түсетін табыс халық игілігіне, ауыл инфрақұрылымына, жол мен мектепке жұмсалуы керектігін айтты.
«Жаңа Ата заң жобасында жердің халыққа тиесілі екені анық жазылды. Бұл – сол байлықтан түсетін табыс халық игілігіне, ауыл инфрақұрылымына, жол мен мектепке жұмсалуы керек деген сөз», - деді Серік Егізбаев.

Сондай-ақ пікір алмасуға қатысушылар бірінші раундта Егемендік, экология, адам құқықтары мәселесін де талдады.
Екінші раунд: Спикерлер жаңа Конституцияжобасындағы баптарды талдап, сараптады. Қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, 37-бап азаматтарды табиғатты қорғауға міндеттейді. Ал 8-бапта меншік иелері өз мүлкін қоғам мүддесіне және экологиялық талаптарға сай пайдалануы тиіс екені нақты көрсетілген деп атап өтті.

«Бұрын экологиялық нормалар декларативті сипатта болса, енді олар нақты әрі айқын бекітілді. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір қазақстандықтың конституциялық жауапкершілігіне айналады. Бұл мемлекеттің экологиялық және әлеуметтік жауапкершілігін институционалды тұрғыда күшейтеді», – дейді Азаматхан Әміртаев.
«Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев сыртқы келісімдердің ұлттық мүддеге сәйкестігі қатаң бақылаудан өтуі керектігін айтты.
«Халықаралық шарттарды ратифакциялауға дейін оны тексеру құзіреті Конституциялық Соттың рөлін күшейтеді. Сондай-ақ бұл мемлекеттік мүддені бұзуға жол бермейтін талап», - деді Азат Перуашев.

Қазақстан Халық партиясының мүшесі Асылбек Нұралиннің айтуынша, Жаңа Конституция жобасында партияның ерекше мақұлдауымен еңбек құқығын бекіту туралы норма қабылданды. Яғни, жоба еңбекті құқық және ең маңызды қоғамдық құндылық, ал еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын мемлекеттің міндеті ретінде бекітеді.
Диалогтың үшінші раунды
Партия өкілдері тұрғындар жолдаған сауалдарға жауап беріп, жаңа Ата Заң жобасын түсіндірді. Өз кезегінде «Respublica» партиясының мүшесі Екатерина Смолякова жаңа Конституция жобасының 21-бабына тоқталды. Аталған бапта азаматтардың дербес деректерін қорғау туралы жазылған.
«Қолданыстағы Констиуцияда жеке өмірге қол сұғуға бомлайтыны туралы нормалар бар болғанымен, цифрлық ортадағы құқықтарын қорғайтын нормалар жоқ. Ал жаңа Ата заң жобасына цифрлық деректерді қорғау мәселесі енгізілді», - деді Екатерина Смолякова.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.