Егін еккен шаруалар далада қалуы мүмкін

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 13 қыркүйек, 2023

Жамбыл облысында үйін кепілге қойып, несиемен егін еккен шаруалар баспанасыз босып қалудың алдында тұр, деп хабарлайды Turkistan Today.

Өйткені олар сепкен жүгірінің шығынын ақтамақ түгілі, тақырға отыратын түрі бар. Бұған 4 жылдан бері құрылысы бір бітпей қойған су арнасы себеп. Мұқым ел мердігер мен әкімдік жабылып жүріп, істі ілгерілетеміз деп іркілткендерін айтады. Салдарынан бірнеше ауыл биыл сусыз құрғаған.

Жандәулет Төлепбаев табыс табамын деп тақырға отырған шаруа. Биыл 25 га жерге жүгері сепкен.Әр гектардан кемі 10 тонна өнім алуға ниетті еді. Бірақ сусыз қураған бар алқаптан небәрі 4 тонна жүгелі жиналса, шүкір деп күйінеді. Жанына батқаны жалғыз үйін несие үшін кепілге қойғаны. Шығынға белшеден батқан диқан баспанамды банкке беремін бе деп енді азар да безер.

"70 процент мен шығынға батып отырмын. Осы қараша айында біз қарызымыздан құтылмасақ, менің үйім 12 млн тг-ге бағаланып, корпорацияның еншісіне өтеді", - дейді диқан Жандәулет Төлепбаев.

Күрек ұстап, кепілге үй қойған тек Жандәулет қана емес. Бас-аяғы 200-ге жуық шаруа керек қаржыны биыл үйтіп-бүйтіп әрең жиған. Бірақ енді бәрі бекер. Диқандардың айтуынша, бұлай далақтап, даурығуға "Райыс" су арнасы себеп екен. 

"Су өте тапшы, 4-5 жыл болды. Мына каналды жөндейміз деген жылдан бері мына су құрыды ауылдан. Пәленбай млрд ақша осында төгілді, ешқандай сапа жоқ. Талқанын шығарды, жіңішке қылып тастады, содан бері жылда құлайды", - дейді диқан Ерғали Құдайбергенов.

Рас. 8 шақырымдық су арнасын жөндеу үшін 4 жыл бұрын 2 млрд тг-ге жуық қаржы қаралған. Бірақ су арнасы қазір сақалды құрылысқа айналып тұр. Сорақысы ені бұрын 4 метр болса, қазір 2 есе қысқарып кеткен.

"Жаңғырттық деп жатыр. Бірақ жаңғыртқанын білмеймін, тарылтып жатыр, вообщем су сыймайды. Сәл қосасың, анау ауыл тасиды. Ар жақтағы халыққа тасиды, халық шағым жасайды бізге", - дейді диқан Аманжол Өсеров.

Арнадан секундына 3 текше метр су өтуі тиіс. Бірақ қазір 1.8 текше метр суы сыймай, ернеуінен тасып жатыр.  Салдарынан төменгі алқаптарға су сыздықтап тамып, жайқалғанның бәрі қураған. Ал Жамбыл аудандық әкімдігі құрылыстың сағызша созылғанын мойындайды. Әйтсе де жөндеу 85 пайызға аяқталды деп отыр. Енді жыл соңына дейін канал жөндеуі толық аяқталмақ екен.

"Сметаның дұрыс болмауына байланысты, құрылыс жұмыстарының, пандемияның әсері болғанына байланысты тағы бір жылға ұзартты. Күзгі вегетациялық жұмыс біткеннен кейін ол кеңейту жұмыстарын "Бурвод строй" тарапынан ол жұмыстар ары қарай жалғасын табатын болады", - дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов.

Ағын судың тапшылығынан биыл облыста 12 мың га егіс алқабы қурап қалды. Шаруалар шығыны да 4 млрд тг-ден асып тұр. Бұл соңғы 50 жылда аймақта болмаған жағдай. Айта кетейік өңірде төтенше жағдай режимі аяқталмады. Диқандардың шығыны әлі есептеліп жатыр.

659

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.