Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыныс еткен жаппай кітап оқу мәдениетін дамыту тұжырымдамасы аясында басталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қарағанды облысында ерекше қарқын алды. Бүгінде жобада 67 438 қатысушы бар: 30 534 оқушы, 7 862 студент, 17 мың мұғалім, 10 987 отбасы және 1 439 мемлекеттік қызметкер тіркелген.
Жоба өңірде интеллектуалды орта қалыптастырып, кітап оқуды күнделікті әдетке айналдырды. Оқылған кітаптар саны бойынша Абай ауданы, Теміртау және Шахтинск қалалары көш бастап тұр.
Облыстың барлық қала-аудандарында оқырман клубтары құрылып, қатысушылар шығармаларды бірге талқылап, байқауға дайындалып жүр. Бұл бастама кітапханалардың жұмысын жандандырып, жастардың білім көкжиегін кеңейтуге әрі сыни ойлауына оң әсер етуде.
Мәселен, Қарқаралы ауданындағы Сабыровтар отбасы әр кеш сайын бірге кітап оқып, әсерімен бөлісуге уақыт бөледі. «Жобаға қатысқалы бері телефонға алаңдамайтын болдым. Бұрын әркім өзімен-өзі жүретін, қазір бір кітаптың айналасында сөйлесіп, пікір алмасамыз», – дейді Еркежан Сабыр.
Жобаға ұстаздар да белсенді атсалысып келеді. М.Жұмабаев атындағы гимназия мұғалімі Алтынбек Бекзат Жапатайұлы: «Балалық шағымнан кітапқа әуес едім. Бірақ жұмысбастылықтан уақыт таппай жүр едім. Жоба қайта шабыт беріп, сүйікті ісіме оралуға түрткі болды», – дейді ол.
Оқушылар да бастапқы күмәндерінен арылған. «Озат» мамандандырылған мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Мәмәлі Тоқтамұрат: «Тізімдегі 15 кітапты бірден оқу қиын көрінді. Бірақ жоспармен, тұрақты оқысаң, бәріне қол жеткізуге болады екен. Театр үйірмесіне қатыса отырып, шығармалардың кейіпкерлерін сахнада елестетемін – бұл үлкен шабыт береді», – дейді.
№2 «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Нұртілеу Назерке: «Бұл жоба мен үшін сыйлық емес, рухани азық. Әр кітаптан алған әсерімді жазып жүремін. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріндегі шығармалар маған көп нәрсе үйретті», – деп бөлісті.
Е.А.Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университетінің 4-курс студенті Дилара Амангелдіқызы: «Бір маусымда 15 кітап оқу – білімді арттырумен қатар, сөздік қорды, тілдік қабілетті және аналитикалық ойлауды дамытады. Кітаптарды дебат форматында қорғау ойды жүйелеуге үйретеді. Мұндай бастамалар жастардың рухани дамуына үлкен үлес қосады», – дейді.

Жобаның басты мақсаты – өңірде кітап оқу мәдениетін орнықтырып, білім мен руханиятқа деген қызығушылықты күшейту. Қарағанды облысы бүгінде кітап оқу бойынша елде жаңа үрдіс қалыптастырып отырған өңірлердің біріне айналды.
Жобаны «Amanat» партиясы, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қарағанды облысы әкімдігі бірлесіп жүзеге асыруда.
2025 жылдың қыркүйегінде пилоттық режимде Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында басталған бастамаға қазір 189 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Қорытындысы 2026 жылдың сәуірінде жарияланады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.