Еңбек министрлігі комитеттерінің 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындылары

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 28 шілде, 2023

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) өкілдерінің, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті (бұдан әрі – ЕӘҚК) мен оның аумақтық департаменттерінің, Көші-қон комитеті (бұдан әрі – КҚК) басшыларының, жергілікті атқарушы органдар және Еңбекминінің ведомстволық бағынысты ұйымдары филиалдары өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Отырыс барысында ЕӘҚК мен КҚК-нің 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысының қорытындылары ұсынылды, деп Turkistan Today хабарлайды DKNews.kz. сайтына сілтеме жасап.

Тамара Дүйсенова мемлекеттің әлеуметтік саясатын іске асыруға жауапты тұлғалардың өңірлерде жүргізіп жатқан жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.

«Сіздер жұмыс барысында қолданысқа енгізілген ҚР Әлеуметтік кодексі мен Көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген негізгі мақсаттар мен бағыттарды дәл ұстанып, Мемлекет басшысы қойған міндеттер мен тапсырмаларды толық орындауларыңыз қажет», – деп атап өтті.

Бірінші болып ЕӘҚК төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов баяндама жасады.

Ол өз баяндамасын зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша жұмыс нәтижелерінен бастады.

Төлеген Оспанқұлов бірінші жартыжылдықта ЕӘҚК-нің аумақтық департаменттері тарапынан 1,1 млн-нан астам адамға барлық 14 әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызмет түрі көрсетілгенін атап өтті.

«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап аумақтық департаменттер зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшерін, сондай-ақ осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін арттыруды жүзеге асырғанын атап өткен жөн», – деді ЕӘҚК төрағасы.

Төлеген Оспанқұлов ЕӘҚК бірқатар өңірлердегі департаменттердің қызметіне мемлекеттік қызметтер көрсету бөлігінде бұзушылықтарды анықтауға және жоюға бағытталған тексеру жүргізгенін атап өтті.

Медициналық-әлеуметтік сараптама қызметіне қатысты жүргізілген жұмыс шеңберінде Төлеген Оспанқұлов осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 127,5 мың адамға мемлекеттік қызмет көрсетілгенін, оның 25,7 %-ы сырттай форматта проактивті түрде куәландырудан өткенін хабарлады.

Осыдан кейін ЕӘҚК төрағасы кеңеске қатысушыларды еліміздің кәсіпорындарындағы еңбек саласындағы ағымдағы ахуал туралы хабардар етіп, елдің 80 кәсіпорны күнделікті бақылауда болатын ахуалдық орталық жұмысының нәтижелерімен бөлісті, олар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар еңбек жанжалдарын болдырмау жөнінде шаралар қабылдап отырады.

ЕӘҚК төрағасы жұмыс берушілердің жалақы бойынша берешектерін анықтау және өтеу, босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру, электрондық еңбек шарттарын енгізу барысы және т. б. бойынша өткізілген және өткізілетін іс-шаралар туралы хабарлады.

Сөз соңында Төлеген Оспанқұлов өндірісте зардап шеккендердің санын азайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Баяндамашыны тыңдағаннан кейін Тамара Дүйсенова ЕӘҚК-нің орталық аппараты мен аумақтық департаменттеріне жұмысты күшейтуге тиісті бірнеше бағыттарды атап өтіп, сондай-ақ осыған байланысты бірқатар тапсырмалар берді.

Келесі болып КҚК төрағасы Асқарбек Ертаев баяндама жасады. Ол Көші-қон комитетінің көші-қон процестерін реттеу бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Мәселен, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 10,5 мыңға жуық адам «қандас» мәртебесін алды.

«Бұдан басқа, этникалық қазақтарды тарихи отанына көшіру бойынша жаңа тәсілдер бекітілді. Осылайша, қазір өтініштер Сыртқы істер министрлігінің шетелдік мекемелерінде «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Сондай-ақ, «Құтты мекен» қосымшасын да пайдалануға болады», – деп хабарлады КҚК төрағасы.

Сондай-ақ, ол шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын ұсыну қағидалары бекітілгенін хабарлады. Жыл соңына дейін осы үлгіде шамамен 50-ге жуық құжат беру жоспарлануда.

Сондай-ақ, Асқарбек Ертаев халықтың еңбек ұтқырлығы мәселелері, еңбек көші-қоны және босқындармен жұмыс туралы хабардар етті.

КҚК жұмыс нәтижелерімен танысқан Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы органдарға оңтүстіктен солтүстікке өңіраралық еңбек мобильділігі тетіктерін іске асыру, сондай-ақ «Ата жолы» картасын беру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, қандастар мен қоныс аударушылардан құжаттарды қабылдау бойынша үйлестіру мен бақылауды күшейтуді және т. б. тапсырды.

Жиынды қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қолданыстағы заңнаманы сақтай отырып, жұмысты күшейту, ресурстар мен бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына міндетті мониторинг жүргізу және жергілікті жерлерде қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету бөлігінде бірқатар тапсырмалар берді.

735

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.