Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесші: Домбыра – ұлттық бірегейліктің бойтұмары

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 7 шілде, 2024

Домбыра – ұлттық бірегейліктің басты атрибуттарының бірі және ең қадірлі құндылығы. Себебі, халқымыздың тағдыр жолы мен таңбалы тарихында домбыраның алар орыны ерекше. Ерге қуат берген де – домбыра. Ұлысты ұйытып, елді біріктірген де – домбыра. Әр заманның талай тағдыршешті сәттерінде қара домбыра еңсемізді көтеріп, айбарымызды асырған,-деп хабарлайды turkistan.today

Бүгінде Ұлттық домбыра күні дәстүрлі түрде аталып өтеді. Мектептерге домбыра сабағы енгізіліп, өскелең ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыруға баулып келеміз. Домбыраға қандай да бір құрметсіздік байқалса, ол күллі қоғамның қатаң айыптауы мен қарсылығын тудырады. Соңғы кездері біздің мәдени құндылықтарымызға шабуылдар болып жатқаны жасырын емес. Домбыраны «харам» деп ұғындыруға талпынған әрекеттер де бар. Бірақ мұндай теріс тенденцияларға қоғам лайықты тойтарыс беріп, таным тұтастығы мен ұлттық болмыстың беріктігін көрсетті.

Демек, қара домбыра ұлттың қасиетті бойтұмары ғана болып қоймай, барша халықты біріктіретін ортақ құндылыққа айналыпты. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет».
Бұл ретте Президент ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет екенін айтып, мерейлі мерекенің тұтастығымызды нығайта түсетінін ерекше атап өтті.

Домбыраны көзқарашығымыздай қорғап, аялап сақтап, жүйелі негізде насихаттауымыз керек. Өйткені, материалдық тарихи мұраларымыз ұлттың жолын ұрпаққа ұқтыратын нақты дерек болса, домбыра сан ғасыр бойы қалыптасқан дала философиясы мен мәдени-рухани қазыналарымызды жеткізеді. Академик Ахмет Жұбановтың «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» дейтіні сондықтан болса керек. Себебі, ұлттық өнердің негізі осы аспаптан бастау алады. Домбыраға құрмет – ұлттың тұтастығына таяныш, бай мәдениетімізге ізет, жарқын болашаққа деген сенім екенін ұғыну керек.

Елімізде қалыптасқан жақсы үрдіске сай, баласы музыкант болғанын қалайтын ата-аналар алдымен ұл-қызын домбыра үйренуге беріп жатады. Бала кейінгі өмір жолында домбыраны серік етпеген күннің өзінде, бұл біздің қара домбыраға деген шынайы құрметіміздің бір айғағы. Қазір қала көшелерінде де домбыра асынып бара жатқан жас өскіндерді жиі көремін. Көптеген отбасылардың төрінде ілулі тұрған домбыра ұрпақ санасына ұлттық мақтаныш сезімін ұялатады.

Адам санасы әу бастан-ақ өзінің түп-тамырын іздеуге, ілкі бастауларға оралуға бейім. Сондықтан интеллектуалдық өрісі кеңейген сайын, әрбір азамат өзінің мәдениеті жайлы көбірек білгісі келеді. Себебі, әрбір ұлттың әлемнен өз орынын табуға ұмтылысы қашанда әуелгі негізді тиянақ етеді. Бұл тұрғыдан қарағанда, ұлттық өнерді жастарға үйрету олардың рухани кемелденуі мен мәдениетімізге қызығушылығын оятуға негіз болады. Осы арқылы бай мұрамызды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, қасиетті парызымызды орындауға болады.
Ұлттың қалыптасу кезеңдеріндегі аңыздардың көбі домбыра төңірегінде өрбиді. Шанақтағы екі ішектің біріне Мұңлық, біріне Зарлық деп ат қойып, оны мифтегі үш дүниенің жолы, өмір ағашы – бәйтерекпен байланыстырған халық аңызы, осыны айғақтайды. Халқымыз аса ауыр сындарда тіл жетпейтін сөзді, үкілі домбыраға айтқызған.
Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен таңбалар домбыраның ежелгі дәуірде пайда болғанын көрсетеді.

Міне, осыдан-ақ байырғы музыкалық аспаптың мәдениетімізде қаншалықты терең із қалдырғанын бағамдауға болады. Қасиетті қара домбыра қашанда елдің мұңдасы, ердің сырласы болып келеді. Қысқасы, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін ұлттық аспапты қадір тұтады. Бұл айналып келгенде, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, сан ғасыр ардақтаған рухани қазынасын бағалау екені белгілі.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясында қызмет еткен кезімізде төл өнерімізді насихаттауға арналған көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асырдық. «Ұлы дала сазы» атты арнайы бағдарлама ашып, даланың әр аймағындағы күйшілік-орындаушылық дәстүрдің жалғастырушысы саналатын өнерпаздарды бейнетаспаға жаздық. Ән, жыр, күй бағыттарын қамтыған жобада Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбай, Алмас Алматов қатарлы белгілі өнерпаздар бар. Мұнда біз үлкен өнердің бұйдасын ұстаған белгілі шеберлерді таспаға тартып, болашақ ұрпаққа қалдыру мақсатын алға қойдық.

Сол кезеңдегі көп көңілінен шығып, жалпыхалықтық сипат алған жобалардың бірі – екі жыл қатарынан өткен «Мен қазақпын» мегажобасы болды. Жыл бойы алдымен аудандық, сосын облысық іріктеулерден өткен өнерпаздарды Астанаға алдырттық. Мырзатай Жолдасбек, Секен Тұрысбек сынды ұлттық өнердің майталмандары мен білгірлері жобаның басы-қасында жүрді. Ұлттық өнердің жаңа, жас таланттарына жол ашуды мақсат еткен халықаралық жобада талай жас әншінінің бағы жанды. Тыңдарман тауып, ұлттық өнерді насихаттауға мүмкіндік алды.

Біз бұл іске көршілес елдерде тұратын қандастарымызды да тартып, шетелдерде іріктеу өткіздік. Қытай, Ресей, Моңғолия елдеріне сапарладық. Қытайдағы қандастарымызға барған сапарда байқағаным, Іле, Алтай, Тарбағатайды қоныстанған қазақтар өздерінің жергілікті ән-күйімен қатар, қазақ даласының батысы мен Арқаның, Сыр мен Қаратаудың да мұраларын биік деңгейде орындайды екен. Арғы бетте отырған қазақ өз ауылынан үш мың шақырым шалғайдағы өңірлердің күйіне еркін құлаш ұрып отырғанын көрдім. Бұл ұлттық болмыстың тұтастығы, мінез бен рухтың тұтастығы еді. Қара домбыраның қуаты осыдан көрінсе керек.

Сондықтан ұлттық құндылықтарды жеткілікті деңгейде насихаттап, замана тудырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға тиіспіз. Қазіргі түрлі интернет платформаларда қазақ күйлері, халық әндері мен жырлары, ертегілерін қолжетімді етуге бағытталған көптеген жұмыс атқарылды. Алайда ол жеткіліксіз болып отыр. Виртуалды әлемде көп отыратын жаңа заман жастарына ұлттық құндылықтарды сіңірудің бір тетігі осы екенін қашанда назарда ұстау керек. Сондықтан былтыр маңызды жобаны қолға алдық. Бүгінде мәдениетіміздің алтын ұстындарына айналған Дина Нұрпейісовадан кешегі Қали Жантілеуов, Әбікен Қасенов сияқты ескі домбырашылардың орындауындағы 250 күй, Әміре Қашаубаевтан Рамазан Стамғазиевке дейінгі 250 ән жауһары, 250 жыр-терме мен ертегілерді қамтыған «Асыл мұралар» жобасын аяқтап қалдық. Бұл «Алтын қорда» сақталған құнды дүние, қымбат қазына. Алдағы уақытта оларды заманауи платформаларда күллі жұртқа қолжетімді ету жоспарланып отыр.
Қорыта келгенде айтпарым: бағзыдан жеткен баба мұрасы бізге өткеннің мәнін, бабалар жадын ұқтырып қана қоймай, болашақта да ұлттық бірегейліктің ұстыны, тұтастықтың туы бола береді. Себебі, домбыра – ұлттық бірегейліктің бойтұмары.

646

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.